Тараз түрлене бермек
Тараз түрлене бермек
146
оқылды

Таразда «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жиынды Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырды.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Қыр­ғыз­станның Мәдениет, ақпарат және туризм вице-министрі Нұржігіт Қадырбеков, Ха­­лықаралық Түркі академиясының пре­зи­денті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан, Қыр­­­ғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия мен Ресейдің белгілі тарих ғалымдары мен қайраткерлері қатысты.

Бердібек Сапарбаев жиында сөйлеген сө­зінде Алтын Орданың 750 жылдығын ме­ре­келеудің маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту­ге ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл – еліміз үшін, мемлекеттілігіміз үшін өте маңызды тарихи оқиға. Мереке аясында Атырау және Қарағанды облысында кон­фе­­ренциялар өтті. Сондай-ақ Татарстан мен Түркияда іс-шара өткізу жоспарланып отыр» деді вице-премьер.

Ол сондай-ақ 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында да аталған бағытта бір­қатар жұмыс атқарылатынын мәлімдеді. «Тараз да туристерді тарту орталығына ай­налуы тиіс. Үкімет қолдауын аямайды» деп толықтырды вице-премьер.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мыр­захметов жақын арада туристерді тарту ор­талығына айналатын «Шахристан» та­рихи-мәдени орталығының құрылысы туралы ай­тып берді. «Біз ежелгі әрі қасиетті жерде өмір сүреміз. Баршаға тарихымыздың те­рең екенін көрсетуіміз керек» деді аймақ басшысы.

Конференцияда шетелдік делегация өкіл­дері – Медетхан Шеримқұлов (Қыр­ғызстан), Сухбаатар Дагвадорж (Моңғолия), Фар­хад Максудов (Өзбекстан), Айрат Ситдиков (Татарстан) сөз сөйледі. Аталған ғалымдар тарихымыздың ортақ екенін және оны терең зерттеудің маңызын атап өтті.

Мәдениет және спорт министрлігінің мә­ліметінше, Алтын Орданың 750 жыл­ды­ғын мерекелеу аясында кешенді жоспар әзір­ленді. Соған сәйкес, жоғары деңгейде 50-ден астам іс-шара өткізу көзделген. Атап айтқанда, отандық және шетелдік ға­лымдардың қатысуымен халықаралық ғы­лыми конференция өтеді. Алтын Орда та­рихына арналған монографиялар мен кі­таптар жарық көреді. Ұлытау өңірінің ту­ристік әлеуетін ілгерілету, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, деректі фильм шығару көзделіп отыр.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Жамбыл об­лысына сапарында халықтың табысын арт­тыру жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Вице-премьер 2017 жылы салынған дәрігерлік амбулаторияға барды.Қостөбедегі клубта Бердібек Сапарбаев аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесуде ауданда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру талқыланды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс айтты.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің орын­басары облыстық драма театрда жұрт­шылықпен жүздесті. Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еңбек арда­герлері, білім беру, денсаулық сақ­тау мекемелерінің басшылары мен қызмет­кер­лері, үкіметтік емес сектордың өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындары қатысты.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Асқар Мыр­захметов Президенттің «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Жол­дауы маңызды әлеуметтік міндет­тер­ді шешуді көздейтінін айтты. Бұл аза­мат­тардың өмірін жақсартуға мүмкіндік бе­ретінін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев баяндамасында Жол­даудың мәнін түсіндірді. Ол Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қандай жұмыс жүргізілгенін, жос­парда не барын егжей-тегжейлі ай­тып берді. Сонымен қатар әлеуметтік-мә­де­ни және спорт объектілерін сапалы ме­дициналық қызметтермен қамтамасыз ету жолға қойылғанын баса айтты. Мұқтаж және көпбалалы отбасыларды қолдау, аза­маттарды жұмыспен қамта­масыз ету үшін жағдай жасауға басты назар аударылатынын қос­ты. Одан ары кездесу «сұрақ-жауап» форматында жалғасты.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ