Сапа артқанымен, сүт өндірісі ақсайды
Сапа артқанымен, сүт өндірісі ақсайды
214
оқылды

2020 жылғы 1 қаңтарда Еу­разиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі тура­лы» техникалық регламенті күшіне енеді. Ол ең алдымен Одақ ішіндегі сүт өндірісі жақсы дамыған Ресейге және Беларусьқа тиімді. Себебі аталған техникалық регла­мент­ке Қазақстан өнімі то­лық­тай сай емес.

Негізі аталған техрегламент осыдан алты жыл бұрын қабыл­данған. 2013 жылдың қазан айында Кедендік одақ елдері (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения) «Сүт және сүт өнімдері­нің қауіпсіздігі» туралы техника­лық регламент қабылдап, құжат 2014 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Дегенмен Қазақстан отандық сүт өндірушілерді қолдау мақса­тын­да жаңа талаптарды енгізу мерзімін екі рет кейінге шегерді (алдымен 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін, кейін 2020 жылдың 1 қаңта­рына дейін). Енді шегінер жеріміз де, жөніміз де жоқ. Себебі техни­ка­лық регламент сүттің сапасы үшін жасалып отыр. Жоғарыда жасалған екі мәрте жеңілдік пен Үкімет қолдауының арқасында өзі­міздің өндіріс сәл де болса жеті­ліп қалғаны рас. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан сырттан 80 мың тонна сүт пен кілегей импорттаса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 18,3%-ға төмендеп, 65,4 мың тон­на болыпты. Қалған сұранысты өз өніміміз қанағаттандырған.

Сүт сапасын қадағалау – ең алдымен қауіпсіздігіміздің кепілі. Мамандардың сөзімен айтсақ, жаңа талаптарға сай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сүт өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын шикі сүт, майы алынған шикі сүт, шикі кіле­гейлер құрамындағы МАФАМ (мезо­фильді аэробты және факуль­та­тивті анаэробты микроорганизм­дер көлемі) және соматикалық жа­­су­­шалардың ең жоғары көрсет­кіш­тері енгізіледі. Яғни, осы арқы­лы сүттің тазалығы, қышқыл­дығы, тығыздығы және майлылығы се­кіл­­ді көрсеткіштерді мұқият ба­қы­лауға мүмкіндік жасалады.

 

СҮТ КӨП, САПА ЖОҚ

Рас, Қазақстан сүт өндірісі көр­­сет­кішінен кенде емес. 2019 жы­лы қаңтар-қыркүйек айларында елі­мізде 4,7 млн тонна сүт өнді­ріліп­ті. Бұл былтырғы көрсеткіш­тен 3,1%-ға көп.

Статистикаға сүйенсек, сүт және сүт өнімдеріне сұраныс та ар­тып келеді. Республикада 2017 жылы бір адамға шаққанда 237 литр сүттен айналса, былтыр 261 литрге жеткен. Десек те, сүтке сұ­ра­ныс артқан сайын бағасы да өс­кен. Биыл пастерленген сүт – 11,5%, сары май – 10%, кілегей 3,5% қымбаттады. Айта кететін жай­т, бағаның өсуіне сұраныс қана емес, мал азығы, дизель отыны жә­­не ветеринария қызметі секілді қо­­сымша шығындардың артуы да се­беп.

Алайда елімізде өндірілген 4,7 млн тонна сүттің жартысынан көбі өңдеуші зауытқа жетпейді. Өйткені сауылған сүттің 77%-ы қосалқы жеке шаруашылықтардың өнімі, қал­ған 30-ы ғана тауарлы-сүт фер­ма­ларына тиесілі. Ал шағын шаруа­шылықтар мен жеке сектор­дан шикізатты тасымалдау өңдеуші кәсіпорындарға қосымша шығын. Сол себепті зауыттар көбінесе им­порт­талатын құрғақ сүтті пайда­ланғанды жөн көреді. Бұл елімізде шикізат базасының өзі толық да­мы­мағанын білдіреді. Одақтас ел­дер орыс пен белорустың сиы­ры берген сүт біздің сиырдан да шы­ғады. Бірақ ұқсатуымыз шама­лы. Сауып алған шикі сүтті сақтау­да, өндіріске жеткізу ісіндегі кем­ші­ліктен сүт сапасы төмендейді. Аяғында өнім бәсекеге сай болмай шығады. Бір сөзбен айтқанда, сауыл­ған сүт шаруаның қолында қалып отыр. Оның үстіне, жеке үй­лерде санитарлық-ветери­нар­лық іс-шаралар уақытылы жүргі­зіл­мейтіні де жасырын емес. Осы­дан кейін ЕАЭО-тағы техникалық рег­­ламентті қабылдамауға да ама­лы­мыз жоқ.

 

ТЕХРЕГЛАМЕНТ ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ ТҰСАУ САЛАДЫ

Әрине, Қазақстанның кәсіпо­рын­дарына қажетті шикі сүтті Ре­сей мен Беларусь жеткізіп бер­ме­сі анық. Олар бізге дайын өнімін экс­порттайды. Milknews сарапта­ма­лық орталығының дерегіне сай, ЕАЭО ішінде сүт өндірісінен алда тұрған Беларусь биыл сүт және сүт өнімдері экспортынан 1,5 млрд доллар пайда тапқан. Әлемдік на­рық­тағы үлесін жылдан-жылға ке­ңейтіп келе жатқан белорустар 2017 жылы 46 мемлекетке сүт өнім­де­рін саудаласа, былтыр 58 елге жеткізіпті. Дегенмен олардың сүт өнімдерін ең көп импорттайтындар Ресей мен Қазақстан және ҚХР екені белгілі.

Ал экономикалық одақта үні үстемірек шығатын Ресейде 2019 жыл­дың қаңтар-қыркүйек аралы­ғын­да 24,2 млн тонна шикі сүт өн­­дірілген, бұл былтырғы көрсет­кіш­тен 1,7%-ға көп. Демек, келесі жылы ЕАЭО-тың техникалық регламенті күшіне енгенде Ресей мен Беларусь компаниялары Қа­зақстан нарығындағы бос орынды қуана-қуана толтыруға дайын. Бұл тұрғыда биыл Қырғызстан – 1,3 млн тонна, Армения 575 мың тон­на сүт өндіргенін айта кету керек. Бір есептен, бұл армян мен қыр­ғыз­ға жеткілікті көрсеткіш. Себебі Арменияда халық саны 3 миллион­ға жетпейді, ал 6 миллион тұрғыны бар қырғыз ағайынның біраз бөлігі онсыз да нәпақасын Ресейден айырып жүргені белгілі. Яғни, ең көп ұтылатын тағы да біз.

Осындайда ЕАЭО техрегла­мен­ті­нің тізгіні «Ресейдің қолында тұр ма?» деген ойға қаласың. Себе­бі былтыр Одаққа кірмейтін елдер­ден қант импортына кедендік алым­ның өсуінен Қазақстан қант­тан тапшылық көріп, өнімді тек Ресейден ғана сатып алуға мәжбүр болғанымыз бар.

 

СҮТ ӨНДІРІСІ МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫНА МӘЖБҮР

Жоғарыда Қазақстанның шикі сүт өндірісінің 77 %-ы жеке шаруа­шы­лықтың еншісінде екенін айт­тық. Елімізде екі жүз мыңнан ас­там шағын шаруашылық бар. Әрі ел тұрғындарының 40%-дан аста­мы ауылдық жерде тұрып жатыр. Техникалық регламент күшіне енген соң тексеріс шығып, нағыз қиын­дық сол кезде басталады. Же­ке шаруашылықтар мен кіші­гірім өңдеу мекемелері отан­дық нарықтан орын таппаса, банк­ротқа ұшырайды. Яғни, салық төлеп, жұмыспен қамтып отыр­ған шаруа­шы­лықтар азайса, бюд­жет қазы­на­сы ортаюы әбден мүмкін.

Сондай-ақ жеке секторлар мен шаруашылықтар сауған сүт өн­діріске өтпеген соң көлеңкелі жол­мен қара базарға саудалауға кө­шеді. Автокөліктің жүк салғы­шын­­да, адам көп жүретін жерасты өт­келдерінде пластик ыдыстарда са­тылып тұрған сүтті елестете бері­ңіз.

Дегенмен Үкімет те қамсыз отыр­­ған жоқ. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі сапалы шикізат көле­мін арттыру үшін тауарлы-сүт фер­маларын көбейтеміз деген есе­бін жариялады. Министрлік жос­парына сай, алдағы бес жыл ішін­де 244 отбасылық және 95 өнеркәсіп үлгідегі тауарлы-сүт фермалары салынады. Одан бөлек, биыл елімізде 12 сүт қабылдау пункті ашылып, 328,5 млн теңге суб­сидия беріліпті.

Ашығын айту керек, мемлекет тара­пынан сүт өндірісі шаруашы­лы­­ғына қаржылай қолдау бар. Алай­да саланы аяққа тұрғызып, дамыған елдерді былай қойып, ЕАЭО-тағы әріптес елдердің сапа дең­гейіне жеткізу үшін түбегейлі қарастыратын мәселелер жетерлік. Ол: сауылған сүтті сақтайтын та­лап­­­қа сай орындар, агроөнер­кә­сіп өні­мдерін өткізу ісін жеңілдету, мал азығы, ветеринар маман қыз­ме­ті...