Қоғамдағы қозғаушы күш
Қоғамдағы қозғаушы күш

Дамыған елдерде қоғамдық ұйымдардың маңызы зор. Мәселен, World Wildlife Fund әлем бойынша 1 300 жобаға жетекшілік етеді. Жем­қорлармен күресетін Transparency International қорымен елдің бәрі санасады. Осы орайда, еліміздегі үкіметтік емес ұйым­дар­дың қоғамдағы «салмағы» қандай деген сауал туындайды.

Жалпы, үкіметтік емес ұйым­­д­ар – азаматтық қоғамның бастауы. Қоғамдық ұйымдар «ішіндегісін айтып», әлеуметтік өзгеріс жасауға бейім болса, жағдай біршама түзелетін еді. Шетелде ҮЕҰ белсенді әрі үлкен күшке ие. Мәселен, Greenpeace-тің қатысуынсыз жасыл экономикаға қатысты бірде-бір заң күшіне енбейді. Oxfam әлемдегі кедейлікпен кү­реседі, себеп-салдарын анық­­тайды.

Деректерге сүйенсек, Қа­зақ­станда жалпы саны 23 мыңға жуық ҮЕҰ бар. Соның ішінде 3 мыңы нақты жұмыс істейді. 23 қазан күні елордада өткен жиын­да Алтай Көлгінов биыл шаһарда белсенді жұмыс іс­тейтін 471 үкіметтік емес ұйым бар екенін жеткізді.

2019 жылғы шілде айында Қа­зақстанда 945 қайырым­ды­лық ұйымы тіркелген екен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 20 пайызға аз. Өткен жылы еліміз­де 1 173 қайырымдылық ұйымы болған. Қазіргі таңда респуб­лика бойынша 231 қо­ғам­­дық кеңес жұмыс істейді. Республи­калық деңгейге шық­қа­ны – 15. Облыс пен қала дең­­гейінде – 17 ұйым, қала мен ау­дан деңгейін­де 199 кеңес бар.

Еліміздегі «үшінші сектор» 4 бөліктен қаржыландырылады. Алғашқысы – халықаралық ұйымдар мен елшіліктердің гран­ты. Содан кейін Үкімет грант­тары мен әлеуметтік тап­сырысы. Үшіншісі – ірі компа­ниялар тарапынан берілетін көмек. Төртіншісіне әлеуметтік бизнес ашқан ҮЕҰ-лар жатады.

Қазақстанда «үшінші сек­тор­ды» дамыту керек. Аталған саланың қанат жаюы елдің әлеуетін арттыру үшін маңыз­ды. Мұны Назарбаев универ­ситетінің профессоры Колин Нокс растап отыр. Оның па­йым­­дауынша, ҮЕҰ-лардың тағы бір ерекшелігі – мемлекет­тік сектормен бірлесе отырып, қоғамдық қызметті өркендету. Сондай-ақ профессор ҮЕҰ билік­ке көмекші құрал ретінде қызмет етіп, назардан тыс қала­тын шағын топтың дауысын билікке жеткізетінін айтты. Оның ойынша, Қазақстан мұн­дай ұйымдардың тиімділігін көруі тиіс.

Еліміздегі «үшінші сектор» жұмысы төмендегідей жікте­леді. ҮЕҰ-ның 11%-ы жастар саясаты мен балалар баста­ма­ларын қолдаумен айналысады. Әлеуметтік осал топты қолдау үшін 9%-ы жұмылдырылған. 7%-ы білім және ғылым, ақпа­рат, спорт және дене шынық­тыру саласында жұмыс жүр­гі­зе­ді. Сондай-ақ пайыздық көр­сеткіштерге жіктелген басқа да бағыт бар.

2015 жылдан бері ҮЕҰ-ның деректер базасы жұмыс істейді. Аталған база деректеріне сү­йен­сек, қазір көпбалалы отба­­сына, жетім балалар мен толық емес отбасында тәрбие­лен­ген жеткіншектерге 4 ҮЕҰ көмек­теседі. Олар 16 жобаны іске асыру үшін 172 млн теңгеден астам қаражат жұмсады. Мәсе­лен, Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы «Дара» жеке қоры инклюзивті сту­диялар жобасын жасады. Жобаға 3 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұдан бөлек, «Жаңа туған балалардан бас тартудың алдын алу», «Ақ­тау қа­­ласында психолого-педо­го­ги­калық түзету орталы­ғын ашу», «Әр алуан, бірақ тең: Қа­зақ­­станда инклюзивті қоғам құру» сынды маңызды жобалар бар.

Азаматтардың денсаулығын сақтау, саламатты өмір салтын насихаттау бойынша екі ҮЕҰ 23 млн теңгеге 2 жоба жасады. Елдегі әлеуметтік осал топтар­ды қолдау үшін 19 ҮЕҰ 52 жоба­ны іске асырыпты. Оған 18 до­нор 688 млн теңгеден астам қара­жат бөлген. Ал мәдениет пен өнерді дамыту үшін 7 ҮЕҰ 9 жоба жасаған.

Бүгінге дейін үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін бірша­ма іс атқарылды. ҮЕҰ-ның сан­дық және сапалық өсуі қам­та­масыз етілді. «Үшінші сек­тор­дың» қоғамдағы рөлін атты­ру үшін V, VI, VII және VIII Аза­­­­маттық форум өтті. ҮЕҰ-ны қол­­дау аясы кеңіді. «Ашық Үкі­мет­ті» қалыптастырудың негізі қалан­ды.

Мемлекет 2025 жылға де­йін­гі азаматтық қоғамды дамы­ту­дың тұжырымдамасын жаса­ды. Тұжырымдама бойынша азаматтық қоғамды дамытудың 4 бастамасы қосымшаларымен қоса берілген. Бастамада ҮЕҰ мен мемлекеттің өзара әрекет­тесуі жайы айтылған. Бұл – «үшінші секторға» берілген айрықша міндет. Құжатта «Осы міндет шеңберінде ҮЕҰ әлеу­меттік мәселелерді шешуде, мемлекеттік жобалар мен бағ­дар­ламаларды іске асыруда олардың маңызы мен қажетін талдау және бағалау тұрғысынан мемлекеттің негізгі серіктесі болады» делінген.

Мемлекет пен қоғамның арасындағы жаңа жүйе үшін «Волонтерлік қызмет туралы», «Қайырымдылық туралы», «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қабылданды. Осының ішінде волонтерлік қызметті ерекше атап өткен жөн. Себебі әлемдегі жетекші ҮЕҰ негізінен волон­терлер арқылы жұмыс істейді. Сөзімізге Doctors Without Borders ұйымы – дәлел. Ұйымда әлемнің 70 елінен волонтер дәрігерлер бар.

Волонтерлерді ҮЕҰ жұмы­сына тарту мәселесі де жиі кө­те­ріледі. Қайырымдылық ұйым­дарына волонтерлердің көмегі керек. Мысалы, «28 пе­тель» сияқты ұйымдар волон­тер­лердің арқасында қанат жайып отыр. Волон­терлерді қоғамдық ұйымдарға тарту арқылы ҮЕҰ-ның ауқымын кеңейте аламыз.

Енді елімізде Үкіметтік емес секторды кәсібилендіруге, бә­секеге қабілетін арттыруға баса назар аударылады. ҮЕҰ ұсы­натын қызметтердің сапа­сын арттыруға, азамат­тардың қаты­суы­мен өзекті мәселелерді ше­шуге ден қойылмақ. Мемле­кет ұсынған 2020-2025 жылға ар­налған тұжырымдама ком­мер­­циялық емес секторға деген сенім деңгейін көтеруге мүм­кін­дік береді.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ