Социализмнің соңғы могиканы
Социализмнің соңғы могиканы
89
оқылды

Боливия мемлекетін 14 жылдай басқарған Эво Моралес өз еркімен та­ғы­­нан бас тартты. Латын Аме­ри­ка­сы тарихындағы тұңғыш үн­діс президенттің күтпеген жер­ден қызметінен кетуі таң­ғал­дырғанмен, оның себебін аңғару қиын емес.

Эво Моралес орыс елін «бауы­рым» деп атайтын. Биылғы қазан айында Владимир Путинге алғысхат жолдағанда да осы сөзді қолданып, ресейлік қаһарлы қаруларды сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлім­деген.

«Моралес любил жевать коку, быть президентом и дружить с Россией» деп қамыға еске ала­ды ресейлік беделді ақпарат құрал­дары. Оның үстіне, кеңес кезінен үндістер туралы киноларды көріп өскен аға буында бұл халық өкіл­деріне ерекше құрмет бар.

«Расист олигархтар елді үндіс басқарып отырғанына көне ал­мады. Оның жалғыз айыбы – эко­номиканың батыстанған неоли­бералды экономика үлгісін жақтаудан бас тартқаны және қарапайым бұқараға қамқорлық жасағаны» деп мәлімдеді Боли­вия­ның Панамадағы елшісі Пастор Мамани. Дипломат Моралестің арқасында өз елінің өңірдегі ең экономикалық тұ­рақ­­ты мемлекетке айналғанын айтады.

Алайда сарапшылар «Латын Америкасы тарихындағы тұңғыш және соңғы үндіс президент» Хуан Эво Моралес Айма саяси күштердің қысымымен өз ер­кімен отставкаға кетті деп есеп­тейді. Әйткенмен, бірқатар ел­дің өкілдері АҚШ іргесіндегі құр­лықта орналасқан осы респуб­ликада шын мәнінде «мемлекеттік төңкеріс» болғанын мәлімдеп те тастады.

Бұл тарихи тұлғаның алдымен жетістіктеріне тоқталсақ. Э.Моралес 14 жылға жуық уақыт ішінде ел экономикасын көтерді, қайыршылықты түбірімен жой­ма­ғанымен, еселеп азайтты. Ол – ашқұрсақ жүрудің не екенін ба­ла кезден біліп өскен адам. Оның отбасында негізгі тамақ жүгері болған, үлкен мерекелерде ғана лама мен қойдың етін жей­тін. Болашақ президенттің бала­лық шақтағы жалғыз ермегі доп қуу болыпты. Нәтижесінде, ол фут­бол фанатына айналды. Э.Моралес жоғары білімі жоқ, оның орнына сырнайшы, нау­бай­шы мамандығын игеріп, қара жұмыстарды істейді. 1980 жыл­дары аграрлық универ­си­теттегі сабақтарға қатысып жүрген, бірақ армияға шақыры­луы салдарынан диплом ала ал­мады. Отан ал­дындағы борышын оркестрде өтеген.

Саясаткер мансабы сатысымен өрлеуі әскерден оралғасын бас­талды: сөзге шешендігі арқасында кәсіподақтық қозғалыс жетек­шілерінің біріне айналды. Ол не­оли­бералды экономикалық реформа жүргізуді ұсынған АҚШ қысымына қарсы шықты. 1995 жылы серіктестерімен бірл­есіп, «Социализмге қарай қоз­ғалыс» партиясын құрды. Партия идеологиясы кедейлерге көмектесуді мақсат еткен. Сол арқылы парламент депутаты болып сайланды.

Эво Моралес 2005 жылдың соңында өткен сайлауда дауыс беру­шілердің 54 пайызының қол­дауымен жеңіске жетіп, президент атанды. Оның алдында Боливияда 5 жыл ішінде 5 мемлекет басшысы ауысқан. Соның бірі қазіргі қар­сыласы, тарихшы Карлос Меса болатын. Ол Боливияны 2003-2005 жылдары басқарды.

Билік құрған жылдары Моралес елдегі жан басына шақ­қан­дағы ЖІӨ көлемін 3 есеге арт­тыра алды.

Оның саясатының кемшін тұс­тарына да тоқтала кеткен жөн. Э.Моралес билікке попу­лис­тік бағдарламамен келді. Ол халықтың кедей топтарын қор­­ғауды басты орынға қойды, соның кесірінен орта тап және ау­қаттылардың қолдауынан айы­рылды. Президент ретінде ол байлықты тартып алып, қоғам­ның «қаналған таптарына» бөліп бе­руге екпін салды. 2006 жылы мұнай-газ саласын национа­ли­зациялады. Шетелдік мұнай ком­панияларына қайта рәсім­делуге 180 күн мұрсат берді. Бұл ин­весторлардың барлығын есең­гіретті.

Моралес аймақтардың құ­қық­тарын, департаменттердің авто­номиясын шектеді. Салдарынан, Боливия сепаратизм қатеріне ұшырады: 2008 жылғы мамыр-шілде аралығында Санта-Крус, Бени, Панда, Тариха, Чукисака секілді өңірлер референдум өткізіп, автономияларын жария­ла­мақ болған. Бұған жауап ре­тінде Э.Моралес президентке сенім туралы жалпыхалықтық референдум жариялады. Онда халық Боливия лидерін де қол­дады, бірақ бас көтерген префек­тілерді де жақтайтынын анық аңғартты. Саяси дағдарыс басыл­ды, бірақ мәселе шешімін таппай қалды.

Егер Моралес теңіздің бір пұш­пағына қол жеткізгенде, қазір тақтан таймас па еді, кім білсін?! Түсіндіре кетсек. Боливия теңізге шығар жолы жоқ ел саналады. Бұл елдің экономикалық дамуын тежеп келеді. Содан 2010 жылы Боливия басшысы шөл даладан теңізге шығатын шағын жер те­лімін өзіне 99 жылға жалға беруге Перуді көндіреді. Алайда онда жаңа теңіз портын салу өзін-өзі еш ақтамайтыны анықталды.

Бұдан кейін Эво Моралес Гаагадағы БҰҰ халықаралық со­тына жүгініп, Чилимен соттасуға кірісті. Боливиялықтар ІІ Тынық мұхит соғысының нәтижелерін әділетсіз санап, қайта қарауды, 1904 жылғы келісімнің күшін жоюды және Чилиді басқыншы деп тануды сұрады. Алайда мұнда да Моралестің жолы болған жоқ. «Боливия, теңізге қарай, алға!» ұраны іске аспады.

Боливия президентінің сая­саты Америкаға қарсы бағыт­талған-ды. Сәйкесінше, АҚШ-тыңқарсы іс-қимылына кезікті.
2008 жы­лы сыртқы күштердің ара­ла­суы­мен өңірлер бас көтеріп, ішкі дағдарыс туындады. 2013 жылы ресейлік Шереметьеводан ұшып шыққан Боливия басшысы­ның ұшағын Австрия мәжбүрлеп қондырды. Өйткені Франция, Португалия, Италия және Ис­­пания өз аспанын ашудан бас тартты. Осының алдында Боливия АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы қыз­мет­кері Эдуард Сноуденге саяси баспана беруге құлық танытқан. Сондықтан оны іздеген құзырлы құрылымдар Вена конвенциясын бұзып, президенттік ұшақты тін­тіп шықты.

Осыдан кейін Э.Моралес Мәскеуге тіптен жақындай түсті. 2014 жылы Боливия Ресей­дің Қырымды басып алуын айып­таған БҰҰ қарарына қарсы дауыс берді. 2019 жылы Моралес жоғары білімінің жоқтығына қа­ра­мастан, РУДН құрметті док­­торы атанған. «Росатом», «Газпром», «РЖД», «Ростех» және бас­қа­сы артықшылық иеленіп, ел эконо­микасын араласа бастады.

Биылғы 20 қазанда өткен пре­зиденттік сайлауда Э.Моралес экономикалық жетістіктерімен мақ­тана алған жоқ. Бүгінде ел­дің сыртқы қарызы мен бюд­жет тапшылығы әлемдегі ең жо­­ғары са­налады. Бұған қоса оның рей­тингін 4 млн гектар ор­ман­ды жойған өрт құртты. Ресей­лік политтехнологтардың жә­р­­дем­­дес­кеніне қарамастан, ол сай­­лау­да бірден жеңіске жете ал­май, қарсыласы Карлос Меса­дан небәрі 10,59 пайыз ғана артық дауыс жинады. Ал екінші турда­ғы жеңісіне оппозиция күдік кел­тірді.

Осыған орай, аудит жүргізген Америкалық мемлекеттер ұйы­мы (Organización de los estados americanos) Э.Моралестің жеңі­сіне шүбә келтірген және жаңа сай­лау нәтижесін жоюға кеңес бер­ген баяндамасын жария­лады. Оның арты елдегі бейбере­кет­сіздікке әкелді. Ақыры қысымға шыдамаған мемлекет басшысы биліктен бас тартып, боливиялық Чиморе қаласына кетуге мәжбүр болды. Бүлік кезінде күреске шыныққан жас жігіттер дереу Моралестің үйіне басып кірген. Бірақ тонайтын ештеңе таппады. Боливия экс-президенті қара­пайым ғана тіршілік еткені анық­талды.

Бұл оқиға Америка құрлық­тарында социализмнің болашағы жоқтығын паш етті. Боливияда тәртіпсіздік ары қарай жалғасуда. Оппозиция бірауыздан қолдайтын көшбасшы табылмағандықтан, ел тізгіні уақытша сенаттың екінші вице-спикері Жанин Аньеске берілді.