Еуразиялық интеграция институты 2020 жылғы 20 қазаннан 5 қараша аралығында сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді.
Зерттеумен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық 14 облыстың тұрғындары – жалпы саны 2400 респондент қамтылған. «Біздің соңғы өлшеуіміздің деректеріне сәйкес, парламенттік сайлауға сайлаушылардың 54,8%-ы баруға дайын отыр. Бұл көрсеткіш біздің күткеніміздей болды, себебі, халықты президенттік сайлау көбірек қызықтырады. Саяси белсенділік азаматтардың жасына қарай әртүрлі болып келеді. Мысалы, 61 жастан егделерде – 61,2%, 46-60 жастағыларда – 59,3%, 30-45 жастағыларда – 56,6%, 18-29 жастағыларда – 42,4%. Бұл ретте ауылдық (37,9%) жастарға қарағанда қалалық (44%) жастар белсендірек», – деді институт сарапшылары. Зерттеу қорытындысында халықты көбірек алаңдататын 5 көкейкесті мұқтаждық-мәселе анықталды. Үкімет соларды шешуге бірінші кезекте көңіл бөлгені жөн. Рейтингте бірінші орынға әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қорғау мәселелері (50,7%) шығыпты. Екінші орында – медицина сапасын арттыру (38,6%) тұр. Үшіншісі – жастарды жұмысқа орналастыру (38,1%), төртіншісі – балаларды қорғау (29,3%), бесіншісі – елдің азық-түліктік қауіпсіздігі (24,7%). Яғни, қазақстандықтарды саяси емес, әлеуметтік сипаттағы мәселелелер көбірек алаңдататыны аңғарылады. Сарапшылар сайлауалды бағдарламаларында және үгіт-насихатында халықтың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін өтеуге екпін түсіретін партиялар бұқараның көбірек қолдауына ие болады деп болжап отыр. Сауалнама кезінде азаматтардан: «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, партиялардың қайсысына өз дауысыңызды берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.