10 жылда сәби өлімі екі есе азайды
10 жылда сәби өлімі екі есе азайды

Нұр-Сұлтанда шала туған балалардың халықаралық күніне орай World Prematurity Day көрмесі өтіп жатыр. Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады.

Көрмеге неонатологтардың, медбикелердің және «28 петель» қоғамдық қорының мүшелерінің жұмысын арқау еткен, сондай-ақ салмағы 500 грамм болып туған балалардың фотосуреттері қойылған. Фотокөрме Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы, Қазақстан неонатологтары конгресі, Penal Reform International мен «28 петель» қоғамдық қорының, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының, ҚР Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинның, фотограф Салауат Нұрғожаевтың қолдауымен өткізіліп отыр.

Іс-шараның ашылуында көрме қонақтарын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова қарсы алды. Ол Қазақстанда 2013 жылдан бастап шала туған балалар Халықаралық күні аталып өтетінін жеткізді.

«Біздің неонатолог-дәрігерлердің біліктілігі мен отандық орталықтарды жаңа жабдықтармен қамтамасыз етудің арқасында балаларды оңалту жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Балалардың күтім-қабілеті артып, перзентханадан бейімделіп шығады», – Б.Жақселекова.

Министрліктің жауапты хатшысы Қазақстан үшін маңызды факторды атап өтті. Оның айтуынша, 2008 жылдан бастап ДДСҰ талабына сәйкес, сәби өмір сүріп кете алатын нәрестелер салмағының ең төменгі мөлшері 1500-ден 500 граммға дейін төмендеген. 22-ші аптада өмірге келіп үлгеретін балаларға тәулік бойы күтім жасалады. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің сөзінше, мемлекет барлық перзентханаларда босану кезіндегі сыни кезеңнен аман өтуге көмектесетін катамнестикалық бөлмелерді ашуға күш салып жатыр. Сонымен қатар, 2025 жылға қарай балаларға арналған медициналық қызметті қаржыландыру мөлшері үш есе артады. Сонымен қатар, оның сөзіне құлақ ассақ, дене салмағы өте төмен балалардың анасына да психологиялық көмек көрсетіледі.


«Біздің еліміз жаңа туған сәбилердің өлімін азайтуға және алдын алуға тырысады. Үстіміздегі жылдың 10 айында елімізде 337 мың нәресте дүниеге келді. Оның 1428-сі – дене салмағы бойынша шала туған балалар. 10 жыл ішінде нәресте өлімі екі есе төмендеді – 1000 тірі туылған сәбиге шаққанда 8,2 деңгейге жетті», – деді Б.Жақселекова.