«Мұқтаждарға көмектесемін» деп ақша жинаған алаяқ ұсталды
«Мұқтаждарға көмектесемін» деп ақша жинаған алаяқ ұсталды
104
оқылды

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Күдікті бұған дейін де ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен қылмыстық жауапқа тартылған. Тергеу барысында ұсталған бойжеткеннің 2019 жылдың қаңтарынан бері интернетті пайдаланушыларға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны белгілі болып отыр.

Мәселен, ол Instagram әлеуметтік желісінде аз қамтылған отбасыларға ақша жинау және қайырымдылық көрсету желеуімен «komissionka_nursultan» деп аталатын парақша ашқан. Аталған парақшаға жазылғандардың бірі бойжеткеннің әрекетінен күдіктенген.

Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді шешкен ол бойжеткеннің банктік картасына 20 500 теңге ақша аударған. Зардап шегушінің айтуынша, біраз уақыт өткеннен кейін оның әрекетінен күдіктене бастаған. Көмек көрсету үшін мұқтаж отбасылармен кездестіру өтінішіне түрлі сылтау айтып, кейіннен байланысқа мүлдем шықпай қойған. Өзін алдап кеткенін түсінген зардап шегуші полицияға шағымданған. Ұсталған күдікті алаяқтық жасағанын мойындап отыр. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша 10 эпизодпен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Келтірілген жалпы шығын – 400 мың теңге.

Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті күдіктінің алаяқтық әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Бейбітшілік көшесі, 19 мекенжайына келуге немесе 8 (7172) 41-63-35, 71-67-08 телефон нөмірлеріне хабарласуға өтініш жасап отыр.