Миллиондар желге ұшып жатыр: Talgo жолаушылар пойызындағы төсек-жабдық айналасында дау толастар емес
Миллиондар желге ұшып жатыр: Talgo жолаушылар пойызындағы төсек-жабдық айналасында дау толастар емес

Сотта жеңіп шыққан компанияны "Жолаушылар тасымалы" АҚ өз кәсібімен айналысуға жолатпай отыр

Talgo жолаушылар пойызындағы төсек-жабдыққа қатысты дау шықты. Сотта өзінің ақ екенін дәлелдеп шыққан "Ас-Ай "ЖШСкомпаниясын "Жолаушылар тасымалы" АҚ өз кәсібімен айналысуға жолатпай отыр.

Жолаушылар пойызын таза төсекпен қамтамасыз етуші компания басшысы бәзбіреулердің бұл жұмысты басқа компанияға беріп қойғанына наразы. Түспей қалған пайда көлемін есептеп, "Жолаушылар тасымалы" компаниясын сотқа беріп, тіпті, бірнеше рет жеңіске жеткен.

"Сот шешімдері бар. Алайда, "Жолаушылар тасымалы" компаниясы бізді жолатпай отыр. Барлығын дәлелдеп берсек те, соттың оң шешімін алсақ та, теміржол мекемесі оны орындауға асығар емес", - дейді көп жылдан бері отандық пойыздарды төсек-жабдықпен қамтамасыз етіп келе жатқан компанияның басшысы Асқар Омаров.

Оның айтуынша, "Ас-Ай "ЖШС 2004 жылдан бері жолаушылар пойыздарына төсек жабдықтарын жеткізіп келген. Алайда, бірнеше жыл бұрын тапсырыс беруші тарап - "Жолаушылар пойызы" АҚ келісімшартты біржақты түрде бұзып, басқа мердігермен келісімге отырған.

"Аталған екі компания арасындағы шарттың заңсыз екенін дәлелдеп, сотқа шағымдандық. Сот істі біздің пайдамызға шешті. Олардың шарты заңсыз деп танылды. Соған қарамастан, "Жолаушылар тасымалы" АҚ өзге мердігермен жұмыс істеп келеді", - дейді Асқар Омаров.

Кәсіпкердің пайымынша, бұл ретте теміржол мекемесі заңды, сот шешімдерін пысқырмай келеді.

"Егер олар сот шешімін пысқырмайтын болса, онда сот не үшін керек, несіне сотқа сенеміз?" дейді ол.

Омаровтың есебінше, бүгінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ екі мәрте шығынданып отыр. Сот шешімі бойынша "Ас-Ай" компаниясына жіберіп алған пайданы өтеп беріп жатыр, сонымен бірге, төсек-жабдық жеткізіп отырған екінші компанияға да жүз миллиондаған теңге аударып келеді.

"Бұл қыруар қаржы, есептеп отырсақ, салық төлеушілердің есебінен алынып отыр. Өйткені, теміржол компаниясы үкіметтен ірі көлемде субсидия алып келеді", - деген Асқар Омаров "Қазақстан теміржолы" компаниясы басшысы мен Тоқаевқа хат жазып, көмек сұрайтынын жеткізді.