Junior Eurovision XVIII ән байқауында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Қарақат Башанова екінші орынды жеңіп алды. Ал бірінші орынға Франция атынан қатысқан Валентина ие болды, үшінші орынды испаниялық Солеаның еншісінде.
Ән байқауында Қарақат Forever («Мәңгілік») әнін ерекше сезіммен орындады. Ол аталған музыкалық композицияны 5 жыл бұрын өмірден өткен әкесіне арнады. Ән авторы сазгер Хамит Шанғалиев үлкен сахнада қандай ән орындағысы келетінін сұрағанда, Қарақат байқаудағы әнін әкесіне арнағысы келетінін жеткізген. Бұл өтініш сазгерге де қатты әсер еткен, себебі оның да әкесі 5 жыл бұрын бақилық болған екен. Сондықтан ән тез жазылыпты. Forever әні көрермендер мен қазылардың көңілінен шықты, Қарақатқа жеңіс сыйлады. «Бұл – менің ғана емес, қазақ елінің жеңісі деп ойлаймын. Қолдағандарыңыз үшін, дауыс бергендеріңіз үшін баршаңызға көп рақмет. Алда мені әлі де көп жетістіктер күтіп тұр, деп ойлаймын», – деді Қарақат байқау қорытындысы шыққаннан кейін сөз алғанда. Айта кетейік, Қарақаттың Forever әніне түсірілген бейнебаянның авторы – белгілі қазақстандық сценарист және режиссер Мәлік Зенгер. Ал киімді танымал стилист Анарбек Жәрдемов бастаған «Қазақфильм» мамандары дайындаған. Биылғы Junior Eurovision-ға Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінің өкілдері қатысты. Пандемияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Польшада болды. Себебі Еуропалық хабар тарату одағы (ЕВС) биылғы байқау финалын жаңа форматта ұсынды, бұл шешімге COVID-19 пандемиясы ықпал етті. Барлық финалистің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда айтылатын әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орындалды. Junior Eurovision байқауының ашылу салтанатында былтыр жеңімпаз атанған поляк әншісі Вики Габор әр елдің өнер көрсететін реттік нөмірін анықтады. Қарақат екінші болып өнер көрсетті. Байқау жеңімпазы қазылар алқасының шешімімен және онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Онлайн дауыс беру junioreurovision.tv сайтында 2 кезеңде өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңі 28 қараша күні сағат 01.00-де ашылып, 29 қараша күні финалдың тікелей көрсетілімі басталғанға дейін жалғасты. Дауыс берудің екінші кезеңі барлық қатысушының музыкалық қойылымынан кейін басталып, 15 минутқа созылды. Қазақстандықтар Қарақатпен бірге басқа елдің екі қатысушысына да дауыс бере алды. Конкурс ережесіне сай, келесі байқау жеңімпаз болған елде өтеді, демек 2021 жылғы Junior Eurovision-ды Франция ұйымдастырады. Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына алғаш рет 2018 жылы қатысты. Онда Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен алтыншы орынға ие болды. Ал былтыр Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орынды (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші) иеленді. Қазақстан байқауға «Хабар» агенттігі Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болғаннан кейін қатыса бастады.Айдана БЕГІМ