Елбасы және Түркістан
Елбасы және Түркістан

1999 жылы бір топ бас ре­дактор – Мұхтар Мағауин, Ер­жұман Смайыл, Жүсіпбек Қор­ғасбек және мен Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алдық.

Кездесу Алматыдағы ре­зиден­цияда өтті. Түркістан қа­ласының 1500 жылдығын атап өту туралы сұрақ қойдым. – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Түркістан тарихы те­реңде жатыр. Археологтер қала­ның маңынан тапқан жәдігер­лер уақытын 2000 жыл деп дәлелдеп отыр. Көршілес қырғыз елі Оштың 2000 жылдығын атап жат­қанда, біздің Түркістанды 1500 жыл деуіміз қалай бола­ды? – деген сұрақ қойдым. Елбасы «Бұл енді ЮНЕСКО шешіміне еніп кетті. Әуелі осы датаны тойлап алайық. Сәті кел­генде қайта қарауға болады ғой» деп жауап берген болатын. 2018 жылғы 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа жария түрде қол қойды. Бұл қалың қазақ елінің көкірегіне қуаныш ұялатқан аса маңызды тарихи шешім болды. – «Қазақстан Республика­сының әкімшілік-аумақтық құ­рылысы туралы» заңының 3-бабы 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын Жарлық Шым­кентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі 17 аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хан­ды­ғының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы бол­ған Түркістан қала­сына кө­ші­ріледі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. 2018 жылғы Түркістан облы­сына жасаған сапары барысында «Халқымыз үшін тарихы бай, тағы­лымы терең Түркістанның орны еліміз үшін үлкен маңызға ие. Ол Орталық Азиядағы ең көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір кө­тердік. Соңғы тарихи дерек­терде Күлтөбеден табылған жәдігерлер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Түр­кістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел орта­сында болған тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жо­лының бойындағы ең ірі қала­лар­дың бірі ретінде танымал бол­ды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне ау­дарды. Шығыстың Аристотелі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның ір­гесіндегі Отырарда өмір сүрген. Көшпелі жұрттың мұсылман­дануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркіс­танның ерекше ықпалы тиді. Ор­талық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шық­ты. Қала екі ғасыр бойы қазақ хан­дығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті тө­белерде қазақтың тағдыры ше­шілген әйгілі жиындардың өткені тарихтан барлығымызға белгілі. Мәртөбеде жыл сайын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мәселесін талқылап, шешіп отырды. Күл­төбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. «Ақ­табан шұбырынды, алқакөл сұла­мадағы» нәубеттен кейін қазақ­тың бас көтерер азаматтары түгел Ордабасыға жиналып, сол жерде құрылған әскермен Жоңғар шап­қыншылығына тойтарыс берге­нін білеміз. Сонымен бірге Түр­кістан – қазақтың көптеген аяулы пер­зент­тері мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қы­рандар, 30-дан астамы қол бастаған ба­тырлар, сөз бастаған билер. Олар­дың арасында еңсегей бойлы Есім хан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаз да­уысты Қазыбек би, қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсылар мен жайсаңдар бар. Қарап тұрсаңыз, Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Сондық­тан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұрт­шылығына қадірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуелсіздікті жарияла­ғаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік президентінің барлығы осында келіп, тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қа­лаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағи­даларын түрік әлемінің рухани дәстүрімен ұштастырған Әзірет Сұлтан қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның ба­сына тұрғызылған алып кесене бү­­гінде Қазақстандағы ең басты та­рихи ескерткіштің бірі. Түркіс­тан – талай ғасырдан бері Қап тауы­нан Қашқарға дейінгі аралық­та мекен еткен тұтас түркі халықта­рының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Түрік басшыларының сам­митінде Түркі әлемінің киелі жер­лері жобасын қолға алуды ұсын­дық. Соның ішіндегі негізгі жер­лер­дің бірі – дәл осы Түркіс­тан, – деді. Расында, ежелден халқымыз Түркістанды қасиетті мекен са­найды. Атақты Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген ғажайып өлеңі тіл ұшына үйірілмейтін қазақ жоқ. Түр­кістан десе бүкіл түркі жұрты тік тұрады. Түркістан десе кеудесін мақтаныш сезімі кернемейтін қазақ жоқ. Түркістан – Қазақ хандығының ас­танасы болған, тарихы тереңде жатқан шаһар. Бұл қалада ұлты­мыздың тағдыры­на қатысты талай мәселе талқы­ланып, түрлі шешім қабылданған. «Күлтөбенің басын­да күнде кеңес» деген сөз содан қалған. Қа­зақтың небір жақсы-жай­саңдары мәңгілік мекен тапқан қасиетті орын. Халқымызда «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген сөз бар. Киелі ша­һарға күллі мұсылман баласы ке­луге ынтық. Елбасы Түркіс­танды түлетуге айрықша көңіл бөліп ке­леді. Тікелей Назарбаев­тың ықпал етуімен түркі мем­лекеттері Түр­кіс­тан қаласын «Түрік әлемінің мә­де­ни аста­насы» деп жариялады. Осы­ған орай, ТҮРКСОЙДЫҢ бас­та­машылығымен 40-тан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп танылды. Осындай жағдаяттар негізінде Қазақстанның тұңғыш Прези­денті – Елбасы Түркістанды об­лыс ор­талығы деп жариялады. Ерекше серпін беретін даму жоспарын белгілеп берді. Бұл ретте, қаланың әдемі болуы әсем ғимаратымен ғана емес, мұнда тұрған халықтың мәде­ниетімен, парасатымен бай­ланысты екенін атап көрсетті. Түркістанды дамытудың бас жос­па­рының тұжырымдамасын бе­кітіп, TURKISTAN арнайы эко­номи­калық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға жасаған бір сапа­рында тұрғындармен кездесіп: «Тәуелсіз­дік алған соң Түркістан­ды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағ­дай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыс­тары жүргі­зілуде» деген еді. Журналистік жолда Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасымен талай рет сұхбат­тастым. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы­ның қасиетті Түркістан шаһары туралы толғамды ой-пікірі осы­лайша есімде сақталып қалды.