Текті елдің туын тіккен тұлға
Текті елдің туын тіккен тұлға
164
оқылды

Аманшылық болса, Қа­зақ­стан өз Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығының межелі беле­сіне, тарихи төріне шыққалы тұр. Осы уақыт ішінде Қазақ­стан халқы көп бетбұрыстың куәгері болды, қаншама қиын­­­­дықты бастан кешті. Бі­рақ Кеңес Одағының жұр­тын­да қалған өзге респуб­ли­ка­лар­дан бір айырмашылығы – қазақ елі азаматтық соғыс­тан аман қалды, ынтымағын сақтады, елінің шетін жауға бас­тырмады, шекарасын өз­ге­ден бұрын шегендеді.

Бейбітшілік – көреген саясаттың ырысы

Таяуда сарапшысымақтардың бірі әлеуметтік желіде: тәуелсіздік жылдары елдің бейбітшілікте өмір сүргенімен мақтануға болмайты­нын айтыпты. Өйткені ол онсыз да болатын «базалық игілік» көрінеді. Шынында, олай емес. Елде бей­бітшілік болуы үшін ел басшылығы сарабдал саясат жүргізе алғаны, халықты бір тудың астында, ұлы мұраттар жолында топтастыра білгені, болашағы біртұтас ұлтқа дамудың жоба-жоспарын, жөн-жосығын көрсетуге қабілетті бол­ғаны жөн. Бәрі салыстыруда танылады ғой. Мысалы, Кеңес Одағының орталығы болған Ресей КСРО-дан толыққанды тәуелсіздік алу үшін қан төгуіне тура келді. Бұл оқиға көрші орыс елінің тарихында «Расстрел Белого дома», «Расстрел Дома Советов», «Октябрьское восстание 1993-го» деген аттармен белгілі. Ресейде 1917 жылдан бері болған биліктің кеңестік моделінің күшін күштеп тоқтату ақыры конституциялық дағдарысқа, елде Ельцин мен Руцкойдың қос билігінің орнауына соқтырды. Салдарынан 1993 жылдың 21 қыркүйегі мен 4 қазан аралығын қамтыған Мәскеу көшелеріндегі қарулы қақтығыстар кезінде ресми дерек бойынша кем дегенде 158 адам қаза тауып, 423 адам жарақат алған. Дегенмен кейбір дерек бойынша сол шағын «азаматтық соғыс» құрбандарының саны одан әлдеқайда көп. Кейін Ресей екі рет соғысты бастан кешті: әңгіме 1994-1996 жылдардағы Шешен республикасы мен оған іргелес жатқан аумақтардағы шайқастар, сондай-ақ 1999 жылдың 7 тамы­зында басталып, тек 2009 жылдың 16 сәуірінде ғана ресми тоқтаған қарулы шайқас туралы болып отыр. Тағы бір посткеңестік мем­лекет – Украинаның 6 жыл бұрын Қырымынан айырылып қалғаны, сонымен қоймай оның жерінде сепаратистер үй ішінен отау тігіп, 2014 жылдың мамырында ДНР және ЛНР деген жалған, квази­мемлекеттер құрып алғаны мәлім. Бұл қақтығыстың қашан бітері, немен тынары, Украина жерінің тұтастығы қашан қалпына келері белгісіз. Әзербайжан өз аумағының тұ­тастығын қалпына келтіру үшін биыл қайтадан майдан ашуға мәжбүр болды. 2020 жылғы қыркүйек-қараша аралығында жүрген Таулы Қара­бақтағы кең ауқымды екінші қарулы қақтығыс кезінде кейбір деректер бойынша қос тараптан жал­­­пы саны 5 мыңнан астам адам қаза тапқан. 1987 жылы ушығып, 1992-1994 жыл­дардағы соғысқа ұласқан Таулы Қарабақтағы шие­леніс (бірінші соғыс) салдарынан Армения ха_лықара­лық блокадаға ұшырады. Сөйтіп, дамуда артта қал­ды. Бұрынғы кеңестік респуб­ли­калардың бірі – Молдавия да 1992 жылдың 2 наурызы мен 1 тамызында Приднестровьеде алапат қантөгісті бастан өткерді. Мұның ақыры мол­давандар жерінде жаһандық қауым­дастық мойындамаған «Прид­нестровьелік Молдова респуб­ли­касының» (ПМР) құрылуына соқ­тырды. Жуырда биылғы қара­шадағы сайлауда жеңіске жеткен жаңа пре­зидент Майя Санду Молдо­ваның «түбі де, тілі де бір Румы­ниямен бі­рігуге, Еуропалық одақпен кірігуге бет алатынын» жариялады. Алайда ПМР ол бағдардан бас тартып отыр. Ел тағы екі жарылуы мүмкін. КСРО-ның Орталық Азиядағы бөлігі де қан-қасап қырғыннан аман қалмады. Тәжікстандағы азаматтық соғыс 1992-1997 жылдарға, бақандай 5 жылға созылды. Оның барысында орталық биліктің жақтастары мен Біріккен тәжік оппозициясы армия­сы бір-бірін аяусыз қырды. Екі ор­тада бейбіт тұрғындар көп құрбан болды. Тәжікстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша, азаматтық соғыс кезінде 60 мыңнан астам адам көз жұмған. Тәуелсіз сарапшылар құр­бандардың шынайы саны 100-150 мыңға дейін жетті дегенді айтады. 2008 жылғы шайқастар кесірінен Грузия өз жерінің ауқымды бөлігінен айырылып қалды: Ресейдің қол­дауымен Оңтүстік Осетия және Абха­зия өздерін «тәуелсіз» рес­пуб­лика деп жариялады. Мұның барлығын не үшін айтып отырмыз? Бейбіт өмір – ұрпақтан-ұрпаққа табиғи жолмен берілетін мирас емес, ол күнделікті еңбекті, билік пен халықтың келісімді ісін, әрбір азаматтың көздің қара­шы­ғындай сақтауын қажет ететін құн­дылық. Оны ұстап тұру ел басшы­лығынан үлкен біліктілікті, саяси кө­регендікті, пәрменді іс-әрекетті талап етеді.

Елбасы құрған қайырымды мемлекет

Жасыратыны жоқ, үш ғасырға жуық созылған бодандық дәуірінде қазақ мемлекеттілігінен сау-тамтық қалмады деуге болады, тіпті қазақ халқы жойылып кете жаздады. Пат­­ша өкіметі Ұлы даланы «түзе­мдік­терден» тазартып, онда крестьян­­дарды ор­нықтыру саясатын жүргізсе, бертінде Кеңес үкіметі ұлт атаулыны жойып, «совет ұлтын» құруға күш салды. Содан ХХ ғасырдың соңында КСРО күйрегенде оның үйіндісінің орнында жүздеген ұлттан тұратын «халықтар лабораториясы» қалған болатын. Сорақысы сол, «Қазақстан халқы» деп айтуға да ауыз бармайтын, бар жерде «Қазақстан халықтары» (народы Казахстана) деп жазылатын. Бас қаламыз Алматыдан және оң­түстік өңірлерден басқа облыстар мен қалаларда қазақтар қазақша сөй­леуден именетін, көбі содан ұялатын. Бұрын «жер жәннатына» телін­ген Ұлы далада құрғап, улы тозаңы ұшқан Арал теңізі; қаншама ядролық және жаппай қырып-жою қарулары сыналған Семей, Азғыр, Капустин Яр секілді полигондар; тың көтеру кезінде жоны тілініп, құнары бүл­і­ніп, шөл баса бастаған алқаптар; кені алынып, улы шаңы қалған ке­ніштер; өндірісі тоқтап, ұзын мұр­жасына өрмекші өрмек салып тас­таған, эко­номикалық тұрғыдан тиім­­сіз алып зауыт-кәсіпорындар қалды. Осы күрделі жағдайда жаңадан заманауи мемлекет тұрғызуды Ел­­басы үй салуға – «құтхана тұр­ғы­зуға» теңеді. Әрбір отбасы өз отауын құру­ды арман етеді. Ал қазақ үшін тәуел­сіз мемлекет – ғасыр­лардан тамыр тартатын ұлы тілек. Ең әуелі отағасы болашақ үйінің нобайын ойша жобалап, көз алдына елесте­теді. Әрбір бөлшегін ой еле­гінен өт­кізеді. Тұңғыш Пре­зи­ден­тіміз де ел еге­мендік алғанға дейін-ақ осы орай­дағы орамды, орынды ой­­ла­ныс­қа, телегей тол­ғанысқа бат­­қаны белгілі. Үйдің салынатын орны анық­талғаннан кейін оның жобасы қағаз бетіне түсіріледі, жоғары тұрған ор­гандардан рұқсатнамалары алынып, құжаттары рәсімделеді. Мұны 1990 жылғы 25 қазанда ХІІ шақы­ры­­лымдағы ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің «Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияны» қабылдауынан, 1991 жыл­­ғы 16 желтоқсанда Қазақ­стан­ның өз Тәуелсіздігін жария­­лауынан, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел басшылығының күш-жігері арқа­сында дүниежүзіндегі бар­лық елдің мемлекеттілігімізді мойын­дауынан, соның негізінде 1992 жылғы 2 нау­рызда БҰҰ Бас ассамблеясының 46-сессиясы 46/224 қарарын қа­былдап, қазақ елін тә­уелсіз мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабыл­­дауынан көреміз. Үй іргетасын құю жұмысы бас­талып, оның қабырғалары ша­­ты­­­рына қарай бірте-бірте бой түзей бастайды. Жоспарлы эко­номика жай­­рап қалғандықтан, Елбасы Қа­зақстанның нарықтық эко­номикаға негізделген жаңа эко­номикасын құ­руға кірісті. Айт­қандай, эко­но­мистердің байла­мынша, отандық нарықтық экономика батыстағы капиталистік нарықтан біршама ерекшеленеді. Мысалы, 2008 жылы АҚШ-тың қаржылық табысының символы саналған Lehman Brothers, Merrill Lynch секілді алпауыт банк­тер кенет банкрот болғанда және ғаламат ипотекалық дағдарыс өрші­генде миллиондаған аме­рикалық банктер мен биржа да бүкіл жина­ғынан айы­рылды, қаншама жан несиеге алған үйі­нен далаға лақты­рылды. Wikipedia дерегінше, Аме­рика Құ­рама Шт­ат­тарында үйсіздер («бомж») саны 3,5 миллион адамға дейін жетеді. Қазақстан ондай қаталдық та­­­нытпады. Алданған үлескерлердің үйлерін жергілікті әкімдіктер салуда. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарла­малары, Тұр­ғынүйқұрылысжинақ банкі арқылы қоғамның осал топ­тары арзан баспанамен қам­тамасыз етілуде. Тіпті, доллармен ипотека алып, теңге девальвациясы кезінде аузы күйген азаматтардың тұрғын үй несиесін мемлекет әлі күнге қайта қаржы­ландырумен ке­леді. Әлдебір банк банкрот бола қалса, ондағы елдің жинағы «Қа­­­зақстанның депо­зиттерге кепілдік беру қоры» ар­қылы қай­тарылады. 2021 жылы бюджет шығын­дарының 50%-дан астамы әлеуметтік салаға жұм­салмақ. Осы­дан-ақ мем­лекеттің әлеуметтік бағ­дарла­ну­шылығын байқауға болады.

Тәуелсіз Қазақстан – іргесі берік құтхана

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді қазақ даналығы. Кейде базбір саясаткерлер, саясат­тану­шылар, блогерлер, қоғам белсен­ділері мемлекетті мейлінше өткір сынаудан жарысып жатады. Сын сындарлы болса, игі. Алайда кейінгі кезде дәйексіз байбаламға көп ұры­натыны да көзге ұрып тұр. Әри­не, биліктің ісінде кемшілік жоқ емес, бар. Реформалардың кейбірі ұтымды болмай, өмірмен үйлеспей жатады. «Адамға өз қолымен салған үй­ден қымбат ешнәрсе жоқ. Бірақ үй де­геннің мән-мағынасы – оның жай ғана қабырғалары, терезелері және ішкі бөлмелері сияқты ұғымдардан әлдеқайда ауқымды! Үй деген – сенің баспанаң, тіршілік мекенің, құтха­наң!», – дейді Елбасы. Көптеген отба­­сы қоныстойын тойлап кірген үйі сәнді де сапалы болсын деп, оны жылдар бойы әрлеумен, безен­ді­ру­мен айналысады. Қазақстанда кейін­гі онжылдықтарда бүкіл салада жүрген реформаларды, Ин­дус­трия­ландыру бесжылдықтарын, да­му стратегия­ларын, экономикалық жаң­ғырулар мен әлеуметтік бас­тамаларды ортақ үйімізді – Ота­нымызды осылай гүлдендірудің, әрлендірудің қамы деп түсінген жөн. Оның табысқа жетуіне әрбір қа­зақстандық сөзімен де, ісімен де оң үлес қосқаны жөн. Сонда Қа­зақ­станымыз дамыған елдер қата­рына қосылып, әлемнің игілігіне, жан жы­лулығына бөленген, басқа – па­на, жанға сая құтханаға айналады. Ол үшін қажеттінің бәрі бар. Мем­лекеттілігімізді бүкіл әлем мойын­­­­дады, тәуелсіздігімізді даусыз таныды, шекарамыз барлық жа­ғынан меже­ленді. Елдегі бейбіт­шілікті қас қақпай күзететін айбарлы армиямыз құрылып, қуаттанды. Мемлекеттік билік – пәрменді, сая­си жүйе – тұрақты. Елбасының астананы Алатаудың асқарынан елдің қақ ортасындағы Сарыарқаның төсіне көшіруінің өзі ел тағдырын айқындаған, елдікті нығайтқан тарихи шешім болды. Аспанға мойынсұнған, әлемді там­сантқан елордамыз өзге өңірлердің гүлденуіне, кеңестік ескі бейнедегі қалаларымыздың түрленуіне үлгі болды. Азаттықпен бірге айбын жайған экономикамыз қаншама дағдарысқа шыдас беріп келеді. Пан­демияға қарамастан еліміз ты­­ныш, бірлігіміз бекем, еңсеміз биік болып, өсіп, өркендеп келеміз. Қа­зақ елі шыңға өрлеген тастүлектей шыңдала бермек. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың ба­са көңіл бөлуі арқасында кезінде қазақылығынан жұрдай бола жаз­даған мемлекетімізге елдік дәстүр мен ұлттық мәдениет қайта оралды. Тегеуріні берік, тепкісі қатты тота­литаризм қысымымен халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Бүгінде тіліміз түлеуде, дініміз өркен жаюда. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында ой-сана заманға сай өзгереді. Қазақ елі заманында төрткүл дүниені ат тұя­ғымен дүбірлеткен даңқты баба­ларының Мәңгілік ел мұратын қайта жалғауға мүмкіндік алды, бабалар рухымен рухтанды. Елбасы тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктеді, туын биікке қадады. Қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге танытты. Қорыта айтқанда, еліміздегі кейін­­­­­гі отызжылдықтағы тарихи маңызы зор оқиғалардың, іргелі бетбұрыстардың бәрі де – Елба­сының ерен ерлігінің, халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жемісі, берекелі көрінісі. Егер Тұңғыш Президентіміздің байыпты да байсалды саясатының сабақтастығын сақтаса, әр азаматы ел аманатын ақтаса, билігі мен бұ­қарасы ырыс-бағын бірге баптаса, Алаштың айбыны әрдайым асып, күн сөнгенше азат болады, өзгеден озат болады.

АйханАйхан ШӘРІП