Ел мен Елбасы – әлем назарында

Ел мен Елбасы – әлем назарында

Адамзат тарихында көш­басшылардың сан алуан түрі болды. Біреулері қауымын алға жетеледі, басқалары аймақтың түлеуіне жол ашты. Ал санаулылары ғана ға­лам­дық бастама көтеріп, жауап­кершіліктен тайсалмады. Ондай сирек жетекшілерді тек елі ғана емес, өзге мем­лекет басшылары да мойын­дап, қолпаштайды. Өйткені олардың атқарған еңбектері әлемнің тарихында қалады.

Нұрсұлтан Назарбаев бастаған еліміз 1991 жылдан бері біржола түлеу, жаңару жолына түсті. Ол жолдың нақты сипаты 1997 жылы қабылданған «Қазақстан–2030» стратегиясында көрініс тауыпты. «Мен өзіме 33 жыл өткеннен кейінгі Қазақстанды қалай елес­тетемін?» деп ой толғайды Елбасы осы бағдарламаның «Қазақстан мұраты» бөлімінде. – Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, ке­мелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер- жетеді. Олар бабаларының дәс­түрін сақтай отырып, қазіргі за­манғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады». Қазақстан жолының анық та қарапайым анықтамасы осы абзацта тұр. Бабалар ғұрпын ұстанып, бірақ ескішілдікке ұрынбай, жаңашылдыққа ұмтылу арқылы мемлекетіміз межелі мұратқа үлкен сеніммен жылжып барады. Ұлт Көшбасшысының сали­қалы саясатымен Қазақстан сияқты көпұлтты, көпконфессия­лы республика ішкі даудың, сырт­қы жаудың тұзағына тұтылмай, ешқандай қантөгіссіз, жанжалсыз тарихтың тар көпірінен таймай өтті. Соның арқасында бірлік сақталды. Ал бірлік барда тірлік бар. Қазақстанға шартараптан инвестиция құйылып, эконо­миканың қарқынды дамуының негізгі бір себебі де елдегі ырыс-ынтымақпен тікелей байланысты. Қазір Қазақстан ең дамыған елдердің ортасынан ойып орын алды. Кеше ғана бодандық құр­сауынан құтылған жарлы-жақы­бай мемлекеттің соншалықты шапшаң дамуы шетелдіктерді айран-асыр қылды. Дүйім дүниеге мәлім ғалымдардың өзі таңдай қағып, мұндай «ғажайыптың» түпкі сырына үңілді. Ақыры шетелдік сарапшылар бұл құ­былысқа «Қазақстан кереметі» немесе «Назарбаев жолы» деген ат қойып, айдар тақты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақала­сында: «Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының орынбасары болған жылдарым­да әлемге әйгілі саясаткерлердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік баға берген сөздерін та­лай естідім. Халқымыз үшін мерей­лен­дім» деп жазады. Мысалы, Сингупурдың бірінші пре­мьер-министрі Ли Куан Ю: «Назарбаев – кең­естік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қа­зақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев респуб­ликаны басқарып тұрғанда Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады» депті. Рас, Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшылығымен эко­номика­мыз қа­рыштап алға басты, индустрия­ландыру тұрғысынан жемісті жұмыс жүр­гізілді. Көптеген кәсіпорын құрылды. Та­биғи ресурстарды игеруге әлемнің маңдай­алды корпорациялары жұмылды. Олар бюд­жетке айтарлықтай салық түсімін қамта­масыз етіп отыр. Бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі тұрғысынан да инфра­құрылымға қажет нысандар молынан салынды. Мұның бәрі ең әуелі халықты жұмыспен қамтуға жол ашты. Бір ғана санайғақ: 90-жылдармен салыстырғанда Қазақстандағы кедейлік деңгейі 17 есе тө­мендеген. Алпауыт АҚШ-ты 1989-1993 жылдары басқарған Үлкен Джордж Буш:  «Сіздің же­текшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық ре­фор­маларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетіс­тіктер қажырлы еңбегіңіздің ақталғанын көрсетеді» деп Нұрсұлтан Әбішұлына алғаусыз пейілін білдіріпті. Ал БҰҰ-ның 1997-2006 жылдардағы Бас хатшысы Кофи Аннан: «Қазақстан – ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбір­лігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны тараптау бойын­ша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты» деп пайымдайды. Иә, 1991 жылы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ поли­гонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл барша қазақ халқы ұзақ жылдар бойы сарыла күткен шешім еді. Осылайша, 40 жылдан астам 456 ядролық сынақ жасалып, кем дегенде 500 мың адамды ула­ған полигонның көмейіне құм құйылды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ас­самблеясының 64-ші сессиясында 29 та­мыз Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні ретінде жарияланды. Қазақстан әлемдік аренада тұрақты, қар­қынды, табысты даму моделінің генераторы ретінде зор құрметке бөленді. Ядролық қауіпсіздік саласындағы күллі халықаралық шарттарға қосылып, өзінің ядролық қару­сыз мәртебесін бекітті. Еліміз ядролық қа­ру­дан бас тартқанымен, ядролық энер­гетика мен ядролық отын өндірісін, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Төмен байытылған ядролық отын халық­аралық банкінің депозитарийі атанды. Барак Обаманың лебізі осыны рас­тайды. «Назарбаев – ядролық қаруды та­ратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көш­басшылардың бірі. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен эко­номикалық өркендеуге қол жеткізуде өнеге бола алды. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүм­кіндік берді», – дейді Американың экс-пре­зиденті. Қазақстанның бастамасын қуаттаған бірқатар мемлекет те ядролық полигон­дарын жапты. Айталық, Семей поли­гонынан соң Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы «Невада» по­ли­гоны, француздардың Тынық мұхит­тағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жететін 1 200 ядролық оқтұмсығы, 110-нан астам баллистикалық зымыраны бар, мөл­шері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ пен Ресейдің атсалысуымен залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыр­күйегінде Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қо­йылды. Құнды құжатқа 200-ге жуық мем­лекет қосылып, 150-ден астамы ратифи­кацияланды. Түркия президенті Реджеп Тайип Ер­доған Елбасымызды өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы деп санайды. «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашан ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды» деп ағы­нан жарылады бауырлас елдің басшысы. 2009 жылғы 3 қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесін құру туралы келісімге қол қойылған. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан һәм Түркия кірген. Был­тыр Баку қаласында өткен Түркі кеңе­с­іне мүше елдердің басшылары жиналған саммитте Ердоғанның ұсынысымен Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі кеңесінің құрметті Төрағасы» мәртебесі берілді. Елбасымыз Батыс пен Шығыстың қақ ортасында, мұсылмандық пен христиандық тоғысатын жерде, тоталитаризм мен демо­кратия түйіскен тұста, маңызды геосаяси аймақта орналасқан Қазақстанды тайғақ кешулерден аман алып шыққаны белгілі. Осы орайда, Қытай Халық Респуб­ликасының төрағасы Си Цзиньпинь: «Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қа­зақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді» депті. Келіс­песке амал кем. Қазақстан Еуразия құр­лығындағы алыптардың арасында оты­рып, әуел бастан достық рәуішті дип­ломатияны, мәмілегерлік жолды ұстанды. Бүгінде бүкіл әлем бізді қарқынды ин­теграцияға ұмты­латын бейбіт ел деп та­ниды. БҰҰ-ның 2007-2016 жылдардағы Бас хатшысы Пан Ги Мун өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа қаратып: «Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядро­лық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көрегенді шешім қабыл­дадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда яд­ролық қарудан азат аймақты құру бас­тама­сын ілгерілетуге ықпал еттіңіз. Сіз Не­пал және Ирактағы БҰҰ-ның бейбіт мақ­саттарына жәрдемдесуге қызметкер­лер­іңізді ұсынып, БҰҰ-ның бағдар­ламалары мен қорларға материалдық кө­мек көрсетіп отырсыз», – десе, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев: «Аймақтағы бейбітшілікке бағытталған Қазақстан бас­шылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Қа­зақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мем­лекетке айналды. Сондықтан да ай­мақ­тық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде, ал біз бұл мем­ле­кеттің жетіс­тігіне әрқашанда қуа­ныштымыз. Қазақ­станның жаңа елор­дасын көріп, қарқынды құрылыспен са­лынып жатқан жаңа қала­ның көркіне тәнті болдым» деп там­са­ныпты. Жаңа астанамыз әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы ба­ғасын иеленген. Нұр-Сұлтан қаласы Қа­зақ­станның ғана емес, әлемдік ой­тал­қы­лардың орталығы, халықаралық жиын­дардың айтулы алаңы ретінде қалыптасты. Елордада 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтіп, әлем басшылары бас қосты. 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесі жоғары дәре­жеде ұйымдастырылды. Дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтеді. Жаһандық дең­гейдегі саясаткерлер Қазақстанның этно­саралық татулық үлгісін «Назарбаев мо­делі» деп атайды. Олар еліміздің осы та­раптағы тәжірибесін жіті зерделеп, өз­дерінде қолдануға ынталы. Елордамыз Си­рия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қыз­мет етті. Осының бәрі шаһардың шы­найы келбетін айғақтап, шын мәніндегі бей­бітшілік шаһары екенін айдай әлемге әй­гіледі. «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көп­тен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда әр­дайым қатардағы адамдарға, қарапайым отбасылар өміріне бұл қалай тиеді деп ой­лап тұрады», – дейді Ресей президенті Владимир Путин. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, «Темір ханым» атанған Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын» депті. Әрине, егемендіктің елең-алаң ша­ғында 100-ден астам диаспора мекендейтін Қазақстанды алауыздық ошағына айнала­ды деп болжаған Збигнев Бзежинский сынды сәуегейлер да болды. Бірақ уақыт­тың өзі ондай жорамалдарды жоққа шы­ғар­ды. Сонау ХХ ғасырдың бірінші жар­тысында-ақ неміс, ағылшын геосаясат­шылары: «Кім барлық мұхиттан бірдей шалғайда жатқан, ешқандай оқ жетпейтін осынау қиян кеңістікке ие болса, болашақ­та сол бүкіл әлемді билейді», – деп кесіп-пі­шіп қойыпты. Ол «қиян кеңістік»,  әлбет­те Қазақстан. Демек, алдымызда әлі талай шетсіз-шексіз жол жатыр, ұлан-асыр бел жатыр. Тәубеден жаңылмасақ, тәуекелден тайынбасақ, тәуелсіздіктің тасы өрге до­малай бермек.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ