Сананы сілкіндірген «Рухани жаңғыру»
Сананы сілкіндірген «Рухани жаңғыру»

2017 жылдың сәуірінде Ел­басының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Ондағы басым бағыттар, алға қойған мақсаттар мен жос­парлар жемісті жүзеге асып жатыр. Ауызды құр шөппен сүртетін емес, қайта толтырып айтатын жайт аз емес. Үш жарым жылда не өзгерді? Болашаққа бағдар жасай алдық па?

Рухани жаңғыру процесі – сөз емес, іс жүзінде орындалуы қажет үдеріс. Егемендік алған тұстан бастап осы бағытта кешенді шаралар аз атқарылған жоқ. Оның бірден-бір дәлелі ретінде «Мәдени мұра», «Ха­лық – тарих толқынында» бағдар­ламаларын атай аламыз. Ел аума­­­ғындағы тарихи-мәдени ес­­керт­­­кіштер мен нысандар жаң­ғырды. Әлемнің белді архивтерінен төл тари­хы­мызға қатысты құжаттар жүйе­­­­лі түрде жи­налды, ғалымдар көсіліп зерттеді. Халық санасының рухани жаң­ғыруы қаншалықты маңызды еке­ніне қатысты Тұңғыш Пре­зи­дент – Нұрсұлтан Назарбаев былай деген еді: «ХХ ғасырдағы батыстық жаң­­ғыру үлгісінің бүгінгі заманның бол­мысына сай келмеуінің сыры неде? Ме­ніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерек­шеліктерін ескер­мей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаң­ғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жа­манның бәрін, яғни болашаққа сенімді ны­ғайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға бол­­майтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сын­ынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айнал­дыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».

Латынға көшу – келешек үшін

Ұлттық кодтың сақталуы үшін ескіні аңсап, дамымай қалуы шарт емес. Бір оқпен атылған екі қояндай әрі заманға сай, әрі дәстүрмен біте қайнасқан шаралар атқару қажет. «Рухани жаңғырудың» мақсаты да осы. Бағдарламадағы басты ба­ғыт­тарға келсек, алғашқысы – латын әліп­биіне көшу. Қара­шаның басында Президентке осы мәселеге қатысты қандай қадамдар жасалғаны туралы есеп берілген еді. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова, Білім және ғы­лым министрі Асхат Айма­ғамбетов, лингвист-ғалымдар мен сарап­шы­лардың қазақ тілі әліпбиін латын гра­фи­касына көшіру жұмыс­тары­ның нәтижесі бойынша баян­дама жасаған. «Жетілдірілген әліпби хал­қымыздың жазу дәстүрінде ор­нық­қан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңба­мен бел­гілеу прин­ципі қолда­ныл­майды. Бұл әліп­би жобасында қазақ тілінің 28 ды­бысы толық қамтыл­ған», – деді Райымқұлова. Қасым-Жомарт Ке­мелұлы болса, басты мәселе кирил­лицадан латын әліп­биіне ауысу емес, қазақ тілінің ауқымды реформасында екенін ескертті. Әрі қаржы мәселесі де маңызды. Сондықтан бұл үрдіс жоспарлы түрдле, біртіндеп атқа­рылады. Мұны құдды келешек ұр­паққа жасалған инвестицияға теңес­тірсек те болады.

Жүз жаңа оқулық – жемісті жоба

 Келесі маңызды бағыт – «Жаңа гу­манитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Латын әліпбиінің ұрпаққа пайдасы болашақта білі­­нетініндей, қазақша оқулық­тардың пайдасын бү­гіннен-ақ көре аламыз. Себебі дәл мұндай бастама бұрын-соңды бол­маған. Олай дейтін себе­біміз, бұрын оқу­лықтар түп­нұсқадан аударылмайтын. Ал аталған жоба аясында осы олқы­лықтың орны толып қана қоймай, еліміздегі аударма саласы жаңа деңгейге көтерілді. Мұндағы шығар­машылық топтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бүгінге дейін 77 оқулық ау­дарылып, басылып, еліміздегі 132 уни­верситетке та­ратылған. Олар оқу бағ­дарла­масына енгі­зілген. Элек­тронды нұс­қаларын «Қазақ­станның ашық уни­верситеті» және «Қазақ­станның ашық кітапханасы» плат­фор­­маларынан алуға болады. Жыл соңына дейін тағы 23 кітап ауда­рылып, осылайша жос­парланған 100 оқулық толық жарық көреді. Статистика, демо­графия, зерттеу әдістері, маркетинг, макро және микро­экономика, ұйымдық мінез-құлық, интернет психоло­гиясы секілді маңызды салаларға қатысты жаңа білім беру құралдары пайда болғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Бұдан бөлек, биыл Мемлекет бас­шысының тапсыр­масымен Абай Құнан­байұлының шы­ғармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударыл­ғанын да атап өту керек. Бұрын-соңды Абай шығармалары мүлдем аударылмаған елдердің тіліне тәр­жіма­ланып, көр­кем аударма тұр­ғысынан ерекше мән берілді. Осыған қарап, «Рухани жаң­ғырудың» жа­ғымды әсері мол екенін байқасақ болады. Себебі сапамен қатар, тұтас мектептер қалып­тастыруға ықпал етті. Кәсіби ау­дарма, мықты аударма, ше­бер бет­теудің қандай маңызды екенін ұғындыра алды. Үш жарым жыл ішінде жарық көрген оқу­лық­тардың нағыз қазына болары сөзсіз. Рухани жаңғыру

Елге танылған есімдер

Осы 3 жыл елімізде жаңа есімдер шы­ғарумен де есте қалды. Тәуелсіздік жыл­да­ры Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың аты күллі Қазақстанға танылды. Жоба қолға алынған тұстан бері 5 000-ға тарта адам қатысқан. Жеңімпаз болмаған күннің өзінде, тұлға деуге лайық түрлі сала өкілдері іріктелді. Бұрын аты белгісіз қанша адам қызметін, шығарма­шылығын та­ныстырып, өзі жайлы айтуға мүм­­кіндік алды. Айтары бар, мақтауға, мақтануға тұрарлық есімдер белгілі болды. Спорт, ғылым, медицина, мәдениет, биз­нес, қоғамдық сала­лардың өкілдері шықты. Алғашқы жылы үміткер өзін-өзі ұсына алса, одан кейінгі жылы шарт өзгерді. 2018 жылғы байқау жалпыхалықтық таны­малдылыққа ие болған азамат­тарды наси­хаттауға емес, жаңа есім­дерді, соның ішінде ел көлемінде немесе нақты бір өңір бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүргендерді танытуға бағытталды. 2019 жы­лы да аталған жоба жалғасын тапты. Осылайша, жұртқа үлгі бола алатын тұл­ғалар белгілі болды. Мә­селен, бас қа­ладағы «Атырау» көпі­рінің авторын бұл жоба болмаса, көп­­шілік тіпті білмес пе еді. Кон­цептуалист, урбанист Асхат Садуов — жоба жеңімпазы. Немесе күні кеше «Грэм­ми» үміткері қатарына енген Иман­бек Зейкенов былтыр 100 есім­нің қатарына кірген. Әбден лайық емес пе?

Туған жерін түлеткендер

 «Туған жер» жобасының ерек­шелігі сол – менталитетпен біте қайнасады. Әдетте өзге елде сұлтан болғаннан, өз елін­де ұлтан бол­ғанды артық көретін ұлттың ұрпағы туып-өскен жерін түлетуді, оның жағдайы жасал­ғанын қалап тұрады. Осы ретте, қолға алынған бұл жоба мем­лекеттің дамуына тамшыдай болсын үлес қосып қана қоймай, Атымтай жомарттардың беделін арттырып, елге үлгі ету жолында да мақсатын орындай алды. «Туған жер» бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін арт­тырып отырғанын да атап өткен жөн. «Аналитик» сараптау орта­лығының са­рапшы маманы Айдос Ере­беков рес­пуб­лика бойын­ша «Туған жер» бағдар­ламасына атсалысуда Алматы қаласы мен Алматы облы­сының кәсіп­керлері ерекше бел­сенділік танытып отыр­ғанын айтып отыр. «Алматы облысының кәсіпкерлері ауыл шаруашы­лығына қатысты тын­дырымды істер атқарған. Бұл ретте, кәсіп­керлер тарапынан өздері туып-өскен ауылдарына құс зауы­тын салу, киім тігетін цех ашу, субұрқақтар орнату, тері-жүн өң­дейтін шағын цехтар ашып беру тәрізді жұмыстар атқарылған», – дейді сарапшы. Жалпы, ма­ман­дардың айтуынша, егер осы бағ­­­­дарлама қуатты түрде жұмыс істеп тұрса, ауылдық өңірлерге деген кә­сіпкерлердің ықыласы арта түсетіні анық. Мысалы, жуырда осы бағ­дарламаның аясында кәсіпкер Азамат Абы­лайұлы өзінің туған жеріне мешіт салдырып, 400 орын­дық спорт кешенінің құры­лысын бастаған. Бір айта кетерлігі, мұндай мысалдар ел ара­сында жетіп ар­тылады. Әр ауылдан, әр ау­даннан осындай жанашыр азаматтар бірігіп, гүлдендіруді мақсат тұтса, көш іл­гері дамуға кедергі де жоғалады.

Киелі жерлер картасы

 «Рухани жаңғыру» шеңберінде жүзеге асырылған келесі жоба – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Осыған дейін атап өткеніміздей, ұлттық құн­ды­лық­тарды ұлықтайтын жобалар тәуел­сіздік алғалы бері бірнеше рет жарық көріп, іске асырылды. Бірақ «Қа­зақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» сынды көркем, рухани, қас­терлі жерлеріміздің біртұтас желісі бұрын-соңды бол­маған еді. Осы жобаның арқа­сында әр өңірдегі қасиетті жерлер, ны­сандар тізімі жасалды. Сондай-ақ мұның екінші ұшы – туризмді түлетуге оң ықпал етеді. Өйткені бірі естісе, бірі естімеген жерлер жайлы ақпарат молайған сайын қызы­ғушылық та арта түседі. Осы бағдар­ламаның арқасында тарихшы, археологтердің жұмысы да қызады. Бір мысал келтіре кетсек, биыл көне Жанкент қала­шығының орнында ежелгі үйдің бірі қалпына келтірілді. Жанкент қалашығы – Қазақ­стан­ның ортағасырлық тари­хын, соның ішін­де түркі-оғыз тай­паларының тарихын зеттеуде тірек ескерткіш. Биылғы қазба мау­сымында археологиялық зерт­теу­лермен қа­тар, архитек­туралық құ­ры­лыстарды тұмша­лау, қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Жалпы, бұл қазбаның аумағы көлемі 400 шаршы метрге жуық болатын темір жабынды­мен жа­былған. Бөлмелердің төбесі пашынмен жа­былып, бөлме ор­тасына тере­­зесі орнаты­лып, ішіне ер және әйел адамның, баланың мүсіндері дайын­далып қойылған. Жан­кентті зерт­теуші ғалымдардың пікі­рінше, келешекте осы бағыттағы жұмыс­тар Жан­кент қалашы­ғының аумағында архео­логиялық паркті қалып­тас­­ыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, табиғи көрікті жерлерді қор­ғау да – назарда. Еліміздің 100 киелі жерінің қатарын­дағы Бектау ата шатқа­лындағы үңгірлер ретке келтіріле бастады. Атап айт­қанда, үңгір қабырғасына осында келген­­­­дердің бояумен өз атын, тегін немесе ойын жазып кететіндер көп. Сол жазу­ларды өшіріп, аймақты қоқыстан тазалау үшін ерік­тілер жиналды. Міне, кез келген мә­селені ірі не ұсақ деп бөлмей, табиғатты аялап, сақтау қажет. «Руха­ни жаң­ғырудың» қан­шалықты жан-жақты жасалған жоба екенін осыдан көрсек болады. Мәдениет арқылы әлемге та­нылу – ұлтты мойындатудың төте жолы. Осы мақсатта «Жа­һандағы заманауи қазақ­стандық мәде­ниет» жобасы қолға алынды. Қазіргі қазақ­­­стандықтар қолымен жаса­­лып жатқан жаңа мәдениеттің ты­нысы терең ашылсын десек, бұл салаға қолдау әбден қажет. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің әлемді аузына қаратып, қазақ әнін бірге шырқатуға шамасы қалай жетті? Нағыз зама­науи қазақстандық мәде­ниеттің жарқын үлгісі осы емес пе? Мәдени өнім­дер дегенде тек кітап емес, түрлі мульти­медиа­лық тәсіл­дер шығаруға басымдық берілді. Оның жемісін өзіміз байқап келеміз. Бұл бірегей бағ­дарлама әлі де өміршең бола береді. Себебі бұл үздіксіз жүруі тиіс үрдіс десек, қате болмас. Был­тыр – Ержан Максим, биыл Қарақат Башанова есімді жас өнер­пазда­рымыз әлемдік сахнаға шы­ғып, тұ­ғырлы орын­дардан көрінді. Бұл да болса, рухани жаң­ғырып келе жатқанымыздың белгісі. Мақсат біртіндеп орын­далып жа­тыр. Жо­балар сәтімен жүзеге асуда. Қала­ға­нымыз да осы емес пе? Ендігі ме­­же – осы биіктен құламай, алға жылжу.

Айша ЕРСҰЛТАН