Әдетте Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда ең алдымен елдің аумақтық тұтастығы ойға оралады. Онсыз толыққанды тәуелсіз ел атану қиын. Қазақстанның аумақтық тұтастығының сақталуы тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі. Еліміздің 30 жылға жуық уақыт ішінде ел іргесін бекітіп, шекарасын шегендей білуінің өзі тарихи жеңіс болса керек. Ал бұл жетістіктің астарында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі жатқанын бүгінде бұқара жақсы түсінеді, жаһан жұрты да мойындайды.
ХХІ ғасырдың басындағы әлем елдері картасына көз салған адам кез келген сәтте территориялық тұтастықтың бұзылуы мүмкін екеніне анық көз жеткізеді. Соңғы кездері әлемнің түрлі аймақтарында әртүрлі сипаттағы қақтығыстар бой көтере бастағанын көріп жүрміз. Біреулер қуатты державалардың ықпалымен қиғылық салса, кейбір өңірлерде ұлттар мен ұлыстардың өз тағдырын өзі шешуге ұмтылуы, тағы бір аймақтарда тұтас мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау үшін арпалысып жатқаны байқалады. Дүниенің өзге бөліктерін айтпағанның өзінде посткеңестік елдердің өзінде аумақтық тұтастықтың бірнеше мәрте бұзылғанына куә болдық. Әзербайжан, Молдова, Грузия, Украина мысалдары шекара мәселесін түбегейлі шешудің, көрші-қолаңмен арадағы жер дауын реттеудің қаншалықты маңызды екенін байқатады. Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған жылдар ішінде бірінші кезекте ұрпаққа жер дауын қалдырмауды көздегенін бүгінде ұғына бастаған сыңайлымыз. Елбасы өз өкілеттілігін тоқтатардың алдында ғана, 2018 жылдың тамыз айында Ақтау саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалып, Қазақстанның шекараға қатысты мәселесі түбегейлі шешілген болатын. Демек, Н.Назарбаевтың тарихи миссияларының бірі де, бірегейі Қазақстанның аумақтық тұтастығының халықаралық деңгейде толық мойындалуын қамтамасыз ету болса керек.Қазақстанның жері КСРО кезіндегі аумақтан да үлкен
Негізі, КСРО ыдыраған соң тәуелсіздік алған мемлекеттердің барлығы өзінің шекара мәселесін одақ кезінде қалыптасқан құжаттар негізінде шешуге тырысқан еді. Алайда большевиктердің немкетті әрекетінің салдарынан КСРО-дан қалған шекараның өзінде даулы тұстар аз болмаған. Посткеңестік мемлекеттердің арасында түрлі анклавтар мен эксклавтары бар елдер аз емес. Тіпті, Орталық Азияның бес мемлекетінің үшеуінде анклав бар. Төртеуінде шекара мәселесі әлі күнге реттелген жоқ. 30 жылға жуық уақыт өтсе де, өзбек-қырғыз, өзбек-тәжік, өзбек-түрікмен, қырғыз-тәжік шекараларының шешілмеген тұстары әлі де бар, келіссөздер күні бүгінге дейін жүріп жатыр. Ал Қазақстан аумақтық тұтастықты сақтап, көршілермен шекара мәселесін түбегейлі шешті. Тіпті, КСРО кезіндегі аумақтан да кең территорияға ие болдық. Мәселен, 1989 жылы ҚазКСР-інің территориясы 2717,3 мың шаршы шақырым болса, бүгінде 2724,9 мың шаршы шақырым аумағымыз бар. Бұл дегеніңіз – Қазақстанға шамамен 7,6 мың шаршы шақырым аумақ қосылды деген сөз. Әрине, тікелей жаңа аумақ қосылмағаны анық, бірақ мұндағы мәселе шекара бөлінісі кезінде құқықтық мәртебесі анықталмаған бірқатар жердің ресми түрде Қазақстанның территориясы ретінде танылуында жатыр. Сөз басында атап өткеніміздей, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі белгілі болған соң ондағы айдынға қатысты дау-дамай да тоқтап, теңіздің түбі мен беті Қазақстанның жері саналатын болды. Осылайша, Қазақстанның құрлықта да, суда да территорияға қатысты мәселесі қалмады. Бұл – Елбасының келер ұрпаққа қалдырған ерекше мұраларының бірі. Әйтпесе, жер дауы 30 жылдан соң да, жүз жылдан кейін де бұрқ ете түсуі мүмкін екеніне көзіміз жетіп жүр. Оған Таулы Қарабақта болған ұрыс қимылдары дәлел.Қытайдың өзі мойындады
Бүгінде жаһандағы даму қуаты жағынан екінші орынға шыққан Қытай Халық Республикасының төңірегіндегі көршілерінің біразымен жер дауы бар. Дәлірек айтқанда, Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің көбінде Бейжіңмен аумақтық келіспеушілік бар. Жаһандық супердержава саналатын Ресейдің өзі бұл елмен арадағы жер дауын бертінде ғана Амур және Уссури өзендеріндегі бірнеше аралды беру арқылы шешті. Тіпті, 1969 жылы Кеңес және Қытай әскерлері арасында шайқас өткен Даманск аралы да қазір Қытайдың жері саналады. Ресми Бейжіңнің Үндістанмен, Вьетнаммен, Филиппинмен, тіпті кейбір теңіз айдындарына қатысты Жапониямен де жер дауы бар. Тәжікстан мен Қырғызстан да Қытаймен арадағы шекара мәселесін енді реттеп жатыр. Ал Қазақстан Қытаймен шекара мәселесін түбегейлі реттеген негізгі құжатқа 1994 жылы қол қойды. Қазақстан мен Қытай арасында бұрынғы Талдықорған облысындағы Сарышілде өзені ауданы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Шағаноба асуына қатысты ғана мәселе кейінірек түбегейлі шешілді. Онда да арада 3 жыл өткенде реттелді. 1997 жылы осы даулы аймақтардың мәртебесі анықталған соң Қазақстан шығыстағы көршімен шекараға қатысты дау тумайтындай етіп келісім жасалды. Сөйтіп, даулы саналған 944 шаршы шақырым аумақтың 537 шаршы шақырымы Қазақстанға, 407 шаршы шақырымы Қытайға тиесілі болып танылды. Сол кезде Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев көршінің жері деп танылған 407 шаршы шақырым жерде бірде-бір ауыл, елді мекен, тіпті бабалардан қалған зират та жоқ екенін, ол өңірде пайдалы қазба байлықтар да кездеспейтінін жазған еді. Сөйтіп, 1 782 шақырымға созылатын шекара сызығы белгіленген еді. Жалпы, Қазақстанның құрлықтағы 13 400, судағы 3 000 шақырымға жуық шекарасын түбегейлі бекіту оңай болған жоқ. Өзбекстан мен Қазақстан арасында территорияға қатысты түсініспеушіліктер болған. Біздің тарихта бір үйдің ішінен немесе ауласынан екі елдің шекара сызығы белгіленген кездер де кездесті. Алайда дипломаттар мен шекара қызметі мамандарының, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі жан-жақты ойластырылған саясатының арқасында мұндай даулар да шешімін тапқан еді. Осылайша, қазір Өзбекстанмен арадағы 2 351 шақырым, Қырғызстанмен 1 242 шақырым, Түрікменстанмен арадағы 426 шақырымдық шекарада қазір бірде-бір даулы мәселе жоқ. Ресеймен 7 598 шақырымға созылатын шекарамыз да тыныш.Достық жеңгенімен, қазақ ұтып еді
Спортта «достық жеңді» деп жатады. Бірақ дәл мұндай қағида саясатта іске жарай қоюы неғайбіл. Өйткені мемлекеттердің мүддесі әдетте азаматтардың жеке достығынан жоғары тұрады. Солай болуы да керек. Дегенмен Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап, шекараны бекемдеуде Нұрсұлтан Назарбаевтың көрші елдердің басшыларымен достық қарым-қатынас орнатуы Қазақстан үшін үлкен олжа болған-ды. Н.Назарбаевтың Б.Ельцинмен достық қарым-қатынасы шекара мәселесін шешумен қатар, Қарулы Күштерді жасақтауға да, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзге шешімдер қабылдауға да пайдасын тигізген. Н.Назарбаевтың Қытай төрағасы Цзян Цзэминьмен жылы қарым-қатынас орнатуы да ел мүддесіне жарады. Ислам Кәрімов, Сапармұрад Ниязов, Асқар Ақаевтармен жақсы достасқан Елбасы Қазақстанның ғана емес, тұтас Орталық Азия елдерінің пайдасына жарайтын шешімдер қабылдағаны арада жылдар өткен соң байқалып отыр. Оны сырт көз тіптен жақсы аңғарады. Түркияның Малтепе университетінің профессоры Хасан Үнал Елбасының сыртқы саясаттағы табысы өте зор болғанын айтқаны бар. «Сыртқы саясат болса, Назарбаевтың ең үлкен табыстарға қол жеткізген келесі бір саласы еді. Халықаралық тепе-теңдіктің сақталуын ескере отырып, бір жағынан Ресеймен одақтас ретінде әрекет жасауы, екінші жағынан әлемнің өзге де саяси орталықтарымен Қазақстанның мүддесі тұрғысынан жақсы байланыстар құра білгені Назарбаевты да, Қазақстанды да посткеңестік елдерде ғана емес, дүниежүзінде беделді мемлекетке айналдырды. Назарбаевтың салмақты, көреген һәм мемлекет мүдделерін алдыңғы қатарға қоятын осынау сыртқы саясат ұстанымы елін Украина мысалында көрініс берген қанды қақтығыстар мен бөлшектену қаупінен құтқарды» деген еді профессор. Демек, Қазақстанның сыртқы саясаты да аумақтық тұтастықтың сақталуына жұмыс істеп тұр деген сөз.Ішкі саясат та ел тұтастығына қызмет етеді
Әдетте ел ішіндегі саясаттың аумақтық тұтастыққа тікелей әсер ете қоймайтындай көрінетіні бар. Алайда кез келген мемлекеттің территориялық тұтастығының бұзылуына ішкі саясаттың да тікелей қатысы болатыны бар. Ел ішіндегі саяси топтардың ымырасыздығы, биліктің әлсіздігі, түрлі этнос өкілдерінің наразылығы ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін фактор. Мәселен, Таулы Қарабақ жанжалы басталған кезде Әзербайжандағы саяси күштердің бірлігі мығым болған жоқ. Сөйтіп, 1994 жылы Таулы Қарабақпен қоса 7 ауданды көршілер басып алды. Сол сияқты 90-жылдарда болған Тәжікстандағы азаматтық соғыс шекара мәселесін шешу процесіне кедергі келтірді. Осылайша, Душанбе Қытай билігі Цзян Цзэминьнің қолында болған «жылымық» кезеңді пайдалана алмады. Ал Днестр бойында және Қырымда мемлекеттік билік өңір халқының, өзге этнос өкілдерінің көңіл күйін дер кезінде болжай алмады. Салдарынан аумақтық тұтастық мәселесі таразыға түскен жайы бар. Ал Қазақстан болса, Н.Назарбаевтың бастамасымен этникалық шиеленістердің алдын алу тәсілін жүзеге асырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды, өтпелі кезеңді қуатты президенттік билік институтын қалыптастырды. Инвесторларға орасан мол жеңілдіктер жасай отырып, Қазақстанның батыс-шығыс мүддесі тоғысатын аймақ ретіндегі беделін көтерді. Сөйтіп, әлемдік және аймақтық күштер арасындағы теңдікті сақтай білді. Бұл өз кезегінде еліміздің аумақтық тұтастығының сақталуына кепіл болып келеді. Ал бұл саясат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы еді. Әлі де жалғасып жатыр.Ардақ СҰЛТАН