Тәуелсіздікке жол ашқан күн
Тәуелсіздікке жол ашқан күн
149
оқылды

Шымкент қаласында  Ж.Шанин атын­дағы Шымкент қалалық академиялық қа­зақ драма театрында Тұңғыш Пре­зидент күні мерекесіне арналған сал­танатты іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шара еліміздің кең байтақ даласы, сұлу табиғаты, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларындағы Елбасы ашқан көрікті жерлер мен ғимараттар, Шымкенттің үшінші мегаполис атану тарихы жайында бейнероликпен ашылды.  Одан соң, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды.  Бұл барша қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпыұлттық мерекеге айналғанын, осынау айтулы мерекенің мәні зор, маңызы ерекше екенін атап өтті. «Олай болатыны, бұл бабалар арманы – Тәуелсіздікке жол ашқан ақжолтай күн. Осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1991 жыл­дың 1 желтоқсанында еліміз алғаш рет бүкіл­халықтық сайлау негізінде өзінің тұңғыш Президентін сайлаған болатын. Осылайша, Президенттік институтты енгізу арқылы Қазақ мемлекеті өз тарихындағы жаңа дәуірге қадам басты. Тәуелсіздігін жариялап, дербес ел болды. Міне, содан бері еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қысқа мерзімде бір ғасырға бергісіз жолды жүріп өтіп, әлемде өзіндік орны бар іргелі елге айналдық. Елбасы – халық билігі мен тәуелсіздік қағидаттарының символы әрі кепілі. Бүкіл әлем мойындаған жаһандық бітімгерлік бастамаларының авторы. Оң­түс­тіктің қақпасы іспеттес Шымкентке рес­публикалық маңызы бар қала мәртебесін беріп, елімізде миллионнан астам тұрғыны бар жаңа мегаполистің пайда болуына жол ашты. Елбасының осы шешімінің арқасында сүйікті қаламыз Шымкент екі жылдың ішінде шырайы кіріп, шынайы өркендеуге бет алды. Қысқа мерзім ішінде қыруар шаруа атқарылды. Экономикасы нығайды, әлеуетті артты. Ел­басының көрегендігіне шаһарымыздың қазіргі даму барысы айқын дәлел, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы. Одан соң қала басшысы Шымкент қала­сының дамуына үлес қосқан бірқатар аза­маттарды елдің тәуелсіздігін, Қазақстан қо­­ғамындағы келісім мен тұрақтылықты ны­­ғай­туға, азаматтардың конституциялық құ­қықтарын қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» ме­рекелік медалімен марапаттады. Салтанатты шара одан әрі  Тәуелсіздік жолындағы бабалардың күресін бүгінгі жарқын күнмен ұштастыратын «Ұлы дала Аманаты» театрландырылған көрінісімен жалғасты. Мерекелік жиында Ж.Шанин атындағы Шым­кент қалалық академиялық қазақ драма теа­трының актерлері, Шымкент қалалық Опера және балет театрының солистері, «Қазына» би ансамблі және «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының әншілері өнер көрсетті.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы