Замандастар бас қосты
Замандастар бас қосты
104
оқылды

Қарағанды облысында Тұңғыш Пре­зидент күні қарсаңында салтанатты іс-шара өтті. Кездесу Елбасының еңбек ота­ны Теміртау қаласында өтті. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың әріптестері, этномәдени бірлестіктердің белсен­ділері, қоғам өкілдері қатысты. Эпи­де­миялық жағдайға байланысты қатыс­у­шы­лардың көпшілігі қашықтан онлайн режимінде қатысты. Кейбір қонақтар Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени ор­талығына жиналды.

– Тұңғыш Президент күні – барша қазақ­стандық үшін айтулы мереке. Бірінші болу – қашан да қиын, әрі үлкен жауапкершілік. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы жаңа мемлекеттің негізін қалаушы ғана емес, ол нағыз ұлт Көшбасшысына, Тәуелсіздігіміздің символына айналды. Халқымыз оған жаңа Қазақстанды жобалап, құруды сеніп тапсырды. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық дамудың та­биғи жолын қалпына келтіру, мәдениетіміз бен тарихымызды қайтару және сақтау үшін көп нәрсе жасалды, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Бұл ретте Қазақстан этностық әралуан­дықты артықшылыққа айналдыра отырып, өзі­нің ұлттық бірлігінің бірегей стандартын жасай алды. Бұл үдерісте Қазақстан халқы ассам­блеясы басты рөл атқарады. Облыс театрларының әртістері Елбасының басшылығымен тәуелсіз мемлекеттің қалып­тасуы мен дамуы туралы бейнеролик дайын­дады. Тұңғыш Президенттің әріптестері естелік­терімен бөлісті. Теміртаудың Құрметті азаматы, металлург Қуаныш Омашев Елбасының металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі туралы айтты. Бүгін болашақ Мемлекет басшысы жұмыс істей бастаған Қазақстан Маг­ниткасы ел экономикасының негізгі флаг­мандарының бірі. – Теміртауды дамыту – бұл да Елбасының ең­бегі. Біз оның арқасында қаламыздың бо­ла­шағы бар деп санаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да адамдарға деген ілти­патты көзқарасымен ерекшеленетін. Ол қа­зақ­стандықтарға қамқорлық жасауды, игі істер жасауды жалғастыруда, – деді ардагер, Теміртаудың Құрметті азаматы Нина Вахитова. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев оқыған мектеп туралы бейнеролик көрсетілді. Сыныптасы Күләш Әмірова Елбасының мектеп жылдары туралы айтып берді. Балалар үйінің бұрынғы түлегі Бақытгүл Ғабдуллина өз тарихымен бөлісті. Қыздың өз баспанасы болмаған. Елбасының атына жазылған көмек туралы хат назардан тыс қалған жоқ. Тұрғын үй мәселесі шешілді. Бүгінде Бақытгүл – табысты кәсіпкер әрі ана. – Бұл Тұңғыш Президенттің дана сая­сатының, бастамалары мен бағдар­лама­ларының, сондай-ақ оның әрқайсымыздың өмірімізге жеке қатысуының арқасында мүмкін болды. Бірінші желтоқсан мен үшін – Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрмет пен алғыс, – деді кездесуге қатысушы. Ұлытау ауданының жас ақы­ны Мұқағали Сейітқазы өз шығармасын осы оқиғаға арнады. Дәрігер Нұрқаси Абба­тов жұртшылықты денсаулығын сақтауға шақырды. Кездесу соңында ең жас қатыс­ушы­лар – Жезқазған балабақшасының тәрбие­ленушілері қауымды мерекемен құттықтап, өлең оқып, сыйлықтарын ұсынды.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы