Қостанай облысында мереке күні де қатаң карантин режимі сақталады, - деп жазады 24.kz. Қоғамдық көліктер жүрмейді. Сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істемейді. Тұрғындарға түнгі 10-нан кейін көшеде жүруге тыйым салынғандықтан патрульдік кезекшілік күшейтіледі. Елді мекендер арасындағы көлік қатынасы да қатаң бақылауға алынбақ. Бұған коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы себеп. 9 қарашадан бастап аймақта қатаңдатылған шектеу шаралары енгізілген. Қазір ауруханалардағы инфекциялық төсек орындарының отыз проценті бос емес.
- Инфекциялық бөлімдерде ем алып жатқандар саны күннен-күнге ұлғайып келеді. Соңғы күндері бұл көрсеткіш екі есе артқан. Облыстағы эпидахуал күрделеніп барады. Егер осы айдың басында коронавируспен 200 адам жатқызылса, қазір 400-ге жетіп отыр, - дейді облыстың бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло.