Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайында мерзімі өткен ПТР-анықтамасымен келген екі шетел азаматы депортацияланды, - деп хабарлады Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті. 2020 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасының аумағына Мысыр, БАӘ, Түркия, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасынан 9 халықаралық әуе рейсі келді. 1 169 әуе жолаушыларының ішінде ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтамамен 960 адам, анықтамасыз 209 адам - ҚР азаматтары келді. Оның ішінде: Алматы қаласының әуежайына - 4 рейс, 762 жолаушы, анықтамамен - 616, анықтамасыз - 146. Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына - 4 рейс, 285 жолаушы, анықтамамен - 234, анықтамасыз - 51; Ақтау қаласының әуежайына - 1 рейс, 122 жолаушы, анықтамамен - 110, анықтамасыз - 12. Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жері бойынша карантиндік стационарларға орналастырылды және ПТР-талдау әдісімен COVID-19-ға тестіленді. ПТР-талдау нәтижелері бойынша Мысырдан ұшып келген бір жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Сонымен қатар, Минскіден ұшып келген Молдова мен Қырғызстан азаматтары, COVID-19 тестінен өту туралы мерзімі өткен анықтамаларды ұсынуларына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының әуежайынан депортацияланды.