Ұлы көшке қозғау салған қаулы
Ұлы көшке қозғау салған қаулы
163
оқылды

Осыдан 28 жыл бұрын ұлы көшке қозғау салған тарихи құжат қабылданған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еске салмаса, ол құжатты ұмытып кетер ме едік, кім білсін? Әйтеуір кеше елдегі ақпарат құралдары Қ.Тоқаевтың Twitter-дегі жазбасын жарыса жариялады. Себебі Президент па­рақ­шасында шет елдердегі қандастарымызды қазақ жеріне қоныстандыру туралы №711 қаулы жөнінде жазылған еді.

«1991 жылы 18 қарашада Н.Назарбаев­тың бастамасымен шетелдегі қандас­та­ры­мызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкі­метінің қаулысы қабылданды. Бұл қан­­дастарымыздың тарихи Отанына ора­луына мүмкіндік берген маңызды құжат бол­ды. 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 мил­лионнан астам қазақ көшіп келді» деп жаз­ды Мемлекет басшысы.  

№711 қаулыда «Басқа республикалар­дан жә­не шет елдерден республиканың се­лолық жер­лерінде жұмыс істеуге ті­лек білдіруші байыр­ғы ұлт адамдарын қо­ныстандыру, оның ішінде оларды та­сымалдауды, келген жер­лерінде қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру халық де­путаттары жергілікті кеңестерінің атқару комитеттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына жүктелсін. Бұл мәселе жөніндегі үйлестіру жұмыстары Қазақ КСР Еңбек министрлігіне тап­сы­рыл­сын» делінген қаулыда. Бұл қаулы  – шет елдегі қандастарымызды тарихи Ота­нында ауылдық жерлерде еңбек етеді де­ген себеппен шақырып, шекараны ашып берген маңызды құжат. Әрине, кейін көші-қон заңнамасына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізіліп, қандастар қа­ла­ларға да қоныстанды, түрлі салада қыз­мет­ке ара­ласты.


твитер.JPG

Тәуелсіздік алған жылдан бері елімізде этни­калық қазақтардың ерікті түрде елге оралуын ынталандыру саясаты жүргізіліп ке­леді. «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында» шетелден қо­ныс аударған қандастарымыздың де­мографияға қосқан үлесінің арқасында  көші-қонның теріс сальдосының деңгейі 28 пайызға төмендегені айтылады. Себебі егемен ел болғанымызда еліміздегі өзге ұлт өкілдері тарихи Отанына көше бастаған еді. Ал этникалық қазақтардың атажұртқа қоныстануының  белсенділігі 2004-2008 жылдары ғана байқалды. Бұл жылдары 439 мыңнан астам қандасымыз қоныс аударды. Ал, жалпы тәуелсіздік алғалы бері көшіп келген қазақтар саны 1 миллионнан асады.  Шетелден көшіп келуші қазақтардың ата­мекеніне бейімделіп, сіңісіп кетуі үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағ­дай жасалып отыр. Қолдау тетіктері  же­тілдіріліп тұрады. Мысалы, биыл шеттен көшіп келушілер үшін Қазақстанда тұрақты тұру рұқсаты мен  Қазақстан азаматтығын бір мезгілде беру мүмкіндігі ұсынылды.  Олар үшін бейімдеу орталықтарының қыз­ме­ті де кеңейтілмек. 


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ