Баланың ерте жұмыс істеп, ақша тапқаны дұрыс па?
Баланың ерте жұмыс істеп, ақша тапқаны дұрыс па?
1,445
оқылды
2020 жылдың 12 қазанында Ұлан құрылыс компаниясының бас механигі Ермұханның тапсырмасы бойынша "A TODA COSTA-STROY" ЖШС құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын жинап, құрылысы аяқталмаған үйдің 2-қабатынан құлап түсті. Жаратқан алып, миына қан кеткен. Бұл кезде жұмыс беруші жедел жәрдем шақырып, баланың анасына хабарласып, алғашқы көмекке жүгінудің орнына мұрнынан аққан қанды байқатпау үшін оны орнынан тұрғызып, жандарынан өтіп бара жатқан адам екеуін көлікке отырғызып, «көлікте қан іздерін қалдырмаңдар» деп, ауруханаға жіберген. Ақша
"Жұмыс беруші оған машинаға қан дағын түсірмеуді бұйырып, басын шалқайтып жатқызады. Ұлан баскиімімен қанды сүрткен. Жұмыс беруші "Егер біреу біліп қойса, жақсылық күтпеңдер" деп қорқытады. Артынша баламды Теміртау қаласындағы ауруханаға жеткізеді", - дейді Ұланның анасы.
Ауруханаға жеткенде ғана ұлы анасына хабар берген. Анасы осы сәтте ғана ұлының басқа балалармен құрылыс жұмыстарына араласқанын біледі. Өкінішке орай, Теміртау қаласының дәрігерлері балаға ешнәрсе жасай алмай, оны Қарағандыға жеткізді. Тек сол жерде ғана алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, краниотомия жасайды. Оқиға болған күні тергеу амалдары басталып, құрылыс алаңында жарақат алу фактісі бойынша тексеру жүргізілген. Оқыс аяқ астынан десек те, кәмлеттік жасқа толмаған баланың құқығын қоғау, заң аясында әрекет ету үнемі сақтала бермейтінін көріп отырмыз. Баланы балалық шағынан айырып, қара жұмысқа жіберу мәжбүрлік пе? Бір қызығы, соңғы мәлімет бойынша еліміздегі жұмыс істеп, ақша тауып жүрген балалардың басым бөлігі ауқатты отбасында тұрады екен. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың айтуынша, 2020 жылдың 2-тоқсанында жергілікті атқарушы органдар аумақтық ішкі істер органдарымен бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» науқаны шеңберінде 20 мың 667 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде 18 437 нысанға тексеру жүргізілді. Кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан, рейдтер барысында балаларды түнгі уақытта еңбекке тартудың 18 фактісі анықталды. Оның ішінде 10 балада еңбек шарты жасалғаны анықталған. Оның ішінде 7 даяшылар мен кондуктор, 8 машина жуушы, 3 тауар сатушы кәмілет жасына толмаған балалар анықталды. Биылғы жылдың I тоқсанында еңбек шартынсыз жұмыс істеген Жамбыл облысынан және Қостанай облысынан екі бала анықталып отыр. Салыстыру үшін айта кетсек, 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру барысында 10 бұзушылықты, ал 2019 жылы кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың 3 фактісін анықтады. Ақша (3) 2020 жылдың екінші тоқсанында жүргізілген рейдтердің нәтижелері бойынша барлығы 13 650 әкімшілік іс қозғалды, оның ішінде ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін  орындамауға байланысты 1130 бұзушылық фактісі тіркеліпті. Бір қызығы, түнгі уақытта көшеде жүргені бар, жұмысқа тартылғаны бар барлығын қосқанда кәмелетке толмаған 3 487 бала ауқатты отбасында тұрады екен. Қолайсыз отбасынан шығып, жұмысқа тартылған балалар саны 728. Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша көбінесе 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер жұмыс істейді. Әдетте, олар жазғы, оқудан бос уақытта жұмысұа шығады. Олар негізінен базарлар, автожуу, автокөлік құралдарын жөндеу станциялары мен дәмханалардан жұмыс табады. Осындай орындарда жасөспірімдердің еңбек шартын жасамай жұмыс істеуі жиі кездеседі.

Балаларға қандай жұмыс істеуге болады?

Балаларды жұмысқа жегу оларды балалық шағынан айыратын, жүйелі түрде мектепте оқуына кедергі келтіретін және психологиялық, физикалық, әлеуметтік немесе моральдық зиян тигізетінін жиі айтамыз. Еңбектің дәмін ерте тартқан балалардың құқығын кім қорғайды? Ата-ана белі бекіп, бұғанағы қатпаған баласын неге қара жұмысқа жібереді? Елімізде заң бойынша Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес он алты жасқа толған азаматпен еңбек шартын жасауға болады.  width= Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын, он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үстеме жұмысқа жіберілмейді. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлермен еңбек шарты міндетті алдын-ала медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана жасалады және болашақта олар жыл сайынғы медициналық тексеруден өтуі тиіс. Сонымен қатар, ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдері, темекі бұйымдары, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сатуға он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасауға жол берілмейді.

Кәмелет жасына толмағандарға тыйым салынған жұмыстар қандай?

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен он сегіз жасқа толмаған балаларға тыйым салынған жұмыстардың тізімі анықталды. Тізімде 103 жұмыс түрі көрсетілген. Мысалы, электргазбен дәнекерлеушінің жұмысы, автомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь, моншаға (саунаға) қызмет көрсету, шарап, спирт және ликер-арақ өнімдері мен сыраны, сондай-ақ темекі өнімдерін сату және сақтау, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жұмыстар. Сонымен қатар, механикалық ауыстыру үшін рұқсат етілген ауырлық нормалары: 16 -дан 18 жасқа дейінгі ұлдар үшін – 16,4 килограмм, ал 16-дан 18 жасқа дейінгі қыздар үшін - 8,2 килограмм көлемінен аспауы тиіс. Одан бөлек, баланы құл есебінде ұстау, баланы сату, қарыздық құлдық және серфдом, мәжбүрлі немесе міндетті еңбек, балаларды қарулы қақтығыстарда пайдалану үшін тартуға тыйым салынады. Бұл қатарға жезөкшелікпен айналысу, оларды порнографиялық өнімдерді немесе ұқсас көріністерді шығаруға тарту, есірткіні өндіру және сату, кез-келген заңсыз әрекет, тіпті балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе моральына зиян келтіруі мүмкін кез-келген жұмысқа шектеу қойылған.  width=Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың айтуынша, бұндай шектеу әлемнің барлық елдерде бар. Яғни, бала үшін еңбектің ең нашар түрлеріне тыйым салынады. Соған қарамастан, БҰҰ деректері бойынша бүкіл әлемде жұмысқа орналасқан 218 млн баланың 152 млн-ы (5 – тен 17 жасқа дейінгі) мәжбүрлі балалар еңбегінің құрбандары. Олардың жартысына жуығы-73 млн-ы балалар үшін қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді.

Жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

Жұмыс істеген кәмлеттік жасқа толмаған балалардың еңбегін қанау бойынша 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру барысында 10 факті анықтаған. 2019 жылы дәл осындай 5 факті анықталса, сондай-ақ 2020 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың 3 фактісі тіркелді. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтыр кәмелетке толмаған қыз баланы жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша 6 факті тіркеліпті. Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға алдау, бопсалау, зорлық-зомбылық арқылы көндіргендері анықталып отыр. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдар және ойын-сауық іс-шараларына қатыстыру бойынша 3 факті анықталып отыр.

Жауапсыздыққа жаза қандай?

Жұмыс істейтін бала үшін жұмыс беруші әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады. Баланың ата-анасының өзі немесе оның басқа заңды өкілдері де жауап береді. Кәмелетке толмағанның құқықтары мен мүдделерін қорғау міндетін атқармайтын ата-аналар мен басқа да заңды өкілдер үшін-он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, ал ол бір жыл ішінде қайталанған жағдайда-он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген. 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарды жұмыс беруші немесе лауазымды адам үшін тыйым салынған жұмыс түрлеріне тартқаны үшін 2 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза көзделген (қылмыстық кодекстің 152-бабы).

Балаларға салмағы ауыр азық-түлік көтеруге болмайды

Балаларын дүкенге жұмсайтын ата-аналар аз емес. Мамандар балаға ауыр сөмке көтерту денсаулығына қауіпті екенін айтады. «Жұмыс беруші кәмлеттік жасқа толмаған балаларға еңбек заңнамасын сақтамай жұмыс берген кезде ата-ана сол талапты сақтауды қадағаламайды. Биыл қазан айының соңында полиция Алматы және Жамбыл облыстарынан 13-16 жас аралығындағы төрт жасөспірімнің ата-аналары балаларының қашықтықтан оқуда екенін пайдаланып, Алматыға жұмысқа жібергенін анықтады. Бұл балалар базарда сауда жасаған», − дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова. Оның айтуынша, балалар тұрмыстық жағдайын жақсату үшін, отбасына көмектесу мақсатында осындай жұмыстарға жалданады екен. Бұған ата-анасы да қарсы емес. Ауылда өскен баланың бәрі мал бақты. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда балаларға малдардан берілетін бруцеллез сынды аурулардың жұғу қаупі бар. Мамандар мұны да назарда ұстауға шақырады. Айта кетерлігі, республикалық және өңірлік деңгейлерде Сенім телефондары жұмыс істейді, онда әрбір бала немесе ересек адам өз проблемасы туралы қоңырау шалып, айта алады (Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің сенім телефоны - 74-25-28, Ұлттық телефон желісі – 150). 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап NUR OTAN партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі байланыс орталығының «Сенім 111» телефоны жұмыс істейді.