«5 – 20 – 25»: Бұл – кредиттік баспана
«5 – 20 – 25»:  Бұл – кредиттік баспана
173
оқылды

Баспанамен қамту – Үкімет «төріне» дейін көтерілген тақырыптар ішіндегі рекорд­шысы. Биыл бұдан көп көтерілген тақырып жоқ десе де болғандай. Жыл аяқталып қал­ған тұстағы санаулы Үкімет отырыстарының бірі тағы да осы мәселеге арналды: онда «5 – 20 – 25» жаңа тұрғын үй бағдарламасы жобасының егжей-тегжейі жарияланды.

Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет жиынында 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасының жобасы қарал­ды. Жалпы, осы аттас мембағ­дар­лама жүзеге асқан 2017 жыл­дан бері тұрғын үй құрылысы сала­сына 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция салынған. 33,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 300 мыңға жуық отбасы баспанаға қол жеткізіпті.

Бұл ретте Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстары – тұрғын үй құрылысы бойынша көшбасшы өңірлер, ал Павлодар, Атырау, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы – аут­сайдерлер, артта қалушы және қаражатты игеруде проблемалары бар өңірлер.

– Елбасы Н.Назарбаев «Нұр­лы жер» бағдарламасын іске асы­рудың маңыздылығын, оның тұр­ғын үй құрылысына мықты серпін беретінін ерекше атап өтті. Ағымдағы жылдың жос­парлы көрсеткіші – 13 млн шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлауалды бағдар­ламасы мен Жолдауында қолда­ныстағы тұрғын үй бағдарла­ма­ларын бі­рың­ғай тұрғын үй сая­са­ты ая­сында біріктіріп, 2025 жыл­ға де­йінгі «Нұрлы жер» мем­бағдар­ла­масын әзірлеуді тапсыр­ды, – деді Асқар Мамин.

Жаңа бағдарламада басты өлшем – азаматтардың табыс деңгейі болады. Сонымен қатар халықты сапалы ауызсумен қамту, ТКШ инфрақұрылымын жаң­ғырту тұрғын үй қорын жөндеу де көзделген. Үкімет жетекшісі жаңа мембағдарламаны жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Оның бір тармағы «5 – 20 – 25» бағдарламасы болмақ. Бас­қаша айтқанда, 20% бастапқы жарна енгізілуін талап ететін жа­ңа ипо­тека жылдық 5% став­камен 25 жылға беріледі. Оты­рыстан кейін журналистермен кездескен Ин­дус­трия және инфра­құрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өс­кен­баев оған тек көпбалалы отба­сы­лар, жетімдер, мүгедектер, әске­рилер, шенеуніктер және бюд­жеттік сала қызметкерлері үміт­тене алатынын жеткізді.

– Ең басты шарт – олар жер­гілікті әкімдікте үй кезегінде тұ­руы тиіс. Әрбір кезек көпбала­лы­лар, жетім балалар, мүгедек ба­ла­лардың ата-аналары, мемлекеттік қыз­мет­шілер, бюджеттік сала жұмыс­шы­лары секілді санаттар бойынша ажыратылған. Бірақ бұл барлық санаттан тек отбасының әр мү­ше­сіне шаққанда 3,1 ең төмен күн­көріс деңгейіне, яғни 2019 жылғы шама бойынша 92 мың теңгеге дейінгі табысы бар азаматтар ғана «5 – 20 – 25» бағ­дарламасына қатыса алады, – деді Қ.Өскенбаев.

Осы шектеу табысы банк­тер­ден басқа ипотека алуға жететін жоғары жалақылы шенділерді бағдарламадан аластау үшін жасалыпты.

– Мысалы, менің бірінші вице-министр ретіндегі жалақым мемлекеттік қызметке жаңа кел­ген мамандікінен әлдеқайда көп. Ал заң бойынша екеуіміз де бірдей кезекке тұруға құқы­лымыз. Сол себепті үй кезегін­дегілерді табысы бойынша бөліп тастауға ұйғардық. Тиісінше, табысы жо­ға­рылар «7 – 20 – 25» бағдар­ла­масына немесе банк­тердің төл бағдарламаларына жүгінуі ке­рек, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Өз кезегінде «Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова «5 – 20 – 25» бағдарламасына қатысқысы ке­летін адам ТҚЖБ-да есепшот ашып, жарнасын енгізуі тиіс екенін хабарлады.

– Үміткердің соңғы 5 жыл бойы өз меншігінде үйі-пәтері бол­мауы міндетті. Бұл – кредиттік баспана, оны әкімдіктердің тап­сырысы бойынша құрылыс ком­паниялары тұрғызуда. Бұл тұрғын үйлердің әр шаршы метрінің құны – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында 180 мың теңгеден, өзге облыс орталықтарында –
140 мың теңгеден қымбат бол­мауы керек, – деді ол.


Осылайша, аз қамтылған топ өкілдері жаңа бағдарлама аясында мәселен, 15 млн теңгеге елордадан 3 бөлмелі пәтер сатып ала алады. Ал қалған қазақстандықтар осы сомаға бас қалада 1, әрі кетсе 2 бөлмелі баспананы қанағат тұтуына тура келмек.

Үкімет осы арқылы «баспана қолжетімділігінің сатысы» қағи­датын енгізуде. Оның бірінші са­тысындағыларға – табысы күн­көріс шегінен аспайтын (2019 жылы – 29 700 теңге) үй кезегін­дегі адамдарға баспана сатып алу құқығынсыз, тек жалға беріледі.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, ең жоғарғы сатыдағылар – кірісі күнкөріс деңгейінен 5 есе асып түсетін, яғни 148,5 мың теңгеден көп жалақы алатын қазақ­стан­дықтар Ұлттық банктің «Баспа­на-хит», «Қазақстан ипотекалық ком­паниясының» «Орда», ТҚЖБ-ның «Өз үйім» нарықтық бағдарламалары игілігін көре алады.