Елорда тұрғыны Mechta сауда желісіне алданғанын айтты, – деп жазады Turkystan.kz.
Елорда тұрғыны Mechta сауда желісіне алданғанын айтты. «Жарнамасы тауарды алмасыңа қоймайды, ал іс жүзінде танымал сауда желісі қитұрқылыққа барып отыр» деп есептейтін ол 6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласындағы Күйші Дина 31 мекен-жайындағы Mechta сауда желісінің дүкенінен 159990 теңгеге тауар сатып алған. Және сатып алмас бұрын, Mechta сауда желісінде әр сатып алынған тауарға бонус, яғни тауар құнының белгілі бір пайызын қайтарып беру науқаны жүріп жатқаны туралы айтылған. Басқа дүкендерде баға әлдеқайда арзанырақ болса да, Mechta секілді сауда орындары осылайша бонус, бөліп төлеу, жеңілдік секілді маркетингтік тәсілдермен жұртты қызықтырып, жарнамасына иландырып отырғаны мәлім.«Мәселе ақшада, бонуста емес, бұдан байып та, кедей болып та қалмаймыз, алайда елді бұлай алдауға болмайды ғой. Mechta сауда дүкеніне барғанымызда өзін директор орынбасарымын деп таныстырған жігіт осы сияқты жағдаймен бірнеше адам келгенін, олардың бәрін «жүйеде ақау болды, қате кетті» деп қайтарып жібергенін айтты. Яғни, жалғыз маған ғана емес, бірнеше адамға осылай жасалған. Бонус береміз деген тәсілмен, жұртты қызықтырып, іс жүзінде уәде етілген қайтарым болмағаны қитұрқылық емей, немене?!» дейді алданған сатып алушы.