Олеся Кексель ісі: тергеу басталды
Олеся Кексель ісі: тергеу басталды
163
оқылды

Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Дүйсенбі күні Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген жауабында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев О.Кексельдің не үшін тергеліп жатқаны туралы айтты.

«Бас прокуратураға бір азаматтан шағым түсті. Ол шағымында өзіне қа­тысты тергеу барысында Бас прокура­тураның Арнайы прокурорлар қызме­тінің бұрынғы басшысы Кексельдің тарапынан түсінік беру бөлігінде тергеуге жатпайтын әдісті қолданғанын айтқан» деді Е.Тұрғымбаев.

Негізі Олеся Кексель тергеу бары­сында күдіктіні азаптады деген ақпарат өткен жұма күні тараған. «Время» газетінің жазуынша, жұма күні бұрғынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісі бойынша өткен сот отырысында адвокат Хамида Айтқалиева кәсіпкер Ерлан Набиевтің арыз-шағы­мын жариялады. Арыз беруші Е.Набиев экс-вице-министр А.Шка­рупаға қатыс­ты қылмыстық істе Қазақ­станның Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бұрғынғы басшысы Олеся Кексель мен Бас прокуратураның жедел-тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаб­басов өзіне қысым жасағанын айтқан. Жоғарыда министрдің «бір азаматтан шағым түсті» дегені – осы әңгіме.

Адвокат Х.Айтқалиева қант диабеті сырқатымен ауыратын кәсіпкер Е.Нә­биевтен жауап алу 12 сағатқа созылғанын, жауап алу кезінде оған тамақ пен дәріні айтпағанда, тіпті су да берілмегенін жеткізді. Осылайша, прокуратураның бұрынғы өкілдері тергеу талаптарына жатпайтын заңсыз әрекеттер арқылы кәсіпкерді азаптап, Шкарупаның ісіне қатысты теріс түсініктеме беруді талап еткені белгілі болды. Осыған байланысты адвокат Х.Айтқалиева соттан кәсіпкер Нәбиевті кінәсыз деп тануды сұрады.

Айта кетейік, сотты болып жатқан Анатолий Шкарупа 2018 жылдың қазан айында Энергетика министрінің орын­басары болып тағайындалған. Қыл­мыс­тық іс оның бұрынғы қызметіне қатысты қозғалып отыр. Шкарупаға Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болып қызмет еткен жылдары (2014-2017) қала­дағы орталық жылу желісі мен тұрғын үйлерге «жылу есептеуге арналған құрал­дарды сатып алу және орнату үшін» бюджеттен бөлінген ақшаны қолды қыл­ды деген айып тағылған. Тергеушілер ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз аударды деп іс қозғады. Алайда Анатолий Шкарупа бұл айыпты мойындамайтынын айтуда. Өзге айыпталушылар да оны жоқ­­қа шығарды. Бір жылдан астам уа­қыт­қа созылған бұл істе жоғарыдағы кә­сіп­кер Е.Нәбиевтің де аты аталады. Ал тергеу барысында азап көргенін айтқан кәсіпкер арызданып, прокуратураның бұрынғы өкілдерінің былығын әшкереледі.

 

ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ҚҰРЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ 
«ҚЫЛМЫСЫ» НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Энергетика вице-министріне қа­тысты аты шулы іс былтыр қозғалған. 2018 жы­лы 7 қарашада Ақордада өткен Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров А.Шкарупаның Сарань қаласының әкімі болған кезде «бюджеттен 215 млн теңгені жымқыруға қатысы бар» деп мәлімдеді. Алайда аталған қылмыстық іс ұзаққа созылғаны сонша, бас прокурор да ауысып үлгерді. Қайрат Қожамжаров 2019 жылдың наруызында Парламент Сенатының депутаты болып тағайын­далды. Ашығын айту керек, Қожамжа­ровтың басшылығымен Бас прокура­ту­рада қылмыстық процестер жаңартылды. Құқық қорғау органдары академиясын модернизациялау басталды. Сонымен қатар Парламентпен бірлесіп, Бас про­куратура қылмыстық заңнаманы ізгілен­діру бойынша үлкен жұмыс істеді.

Биыл көктемде оның орнына сол кез­дегі Президент Н.Назарбаевтың Жар­лығымен Ғизат Нұрдәулетов тағайын­далды. Нұрдәулетов бұрынғы команданы «тазалағысы» келді ме, әлде тықыр таян­ғанын сезді ме, ведомстводағы лауа­зым­ды тұлғалар біртіндеп жылыстай бас­та­ған. Ең алдымен, ҚР Бас прокуратура Арнайы прокурорлар қызметінің бас­шысы Олеся Кексельдің кеткені мәлім болды. 2019 жылдың 27 мамырында Олеся ханымның қызметінен кеткенін хабарлаған «Время» газеті, онымен бір мезетте лауазымды қызмет атқарған Мақсат Дүйсенов пен Талғат Татубаевтың да креслосын босатқанын жазды. Кейіннен Бас прокуратураның басқару құрылымында Арнайы прокурорлар қызметінің алынып тасталғаны да мәлім болды.

Осы оқиғадан екі айдай өткенде 24 шілдеде ҚазТАГ-та Олеся Кексельдің Германияда екені хабарланды. Агент­тік­тің жазуынша, ол мәліметті басқа іс бойынша өтіп жатқан баспасөз мәсли­хатында қазақстандық белгілі заңгер, адвокат Жан Кунсеркин айтқан. Адвокат баспасөз мәслихатында қылмысқа кү­дікті Гүлнар Мұсабаевадан куәлік беруді талап етіп отырған Олеся Кексельдің қазір Германияда екенін, сондықтан оның талабы заңсыз деп мәлімдеді. Сон­дай-ақ заңгер О.Кексельдің Мұсабаеваны елдегі беделді тұлғаларға қарсы куәлік беруін талап етіп, азаптағанын жеткізді.

Әйтсе де, кеше БАҚ өкілдерінің сұра­ғына жауап берген ІІМ Е.Тұрғымбаев қа­зіргі уақытта ІІМ Тергеу департаменті та­рапынан жұмыстары жүргізіліп жат­қанын, Олеся Кексельдің шетелде емес, елде екенін жеткізді. Сонымен қатар ми­нистр журналистердің басқа сұрақ­тары болса, Бас прокуратураға жолдауын сұраған.

 

ОЛЕСЯ КЕКСЕЛЬ КІМ?

Тергеу барысында азаптауға жол берді деген күдікке ілінген Олеся Кексельдің жеке өмірі туралы ақпарат аз. Дегенмен оның мансап жолы мен кәсібилігіне қатысты дерек жетерлік. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары қызметінің бұрынғы басшысы – Қа­зақстандағы үлкен қылмыстық істердің ашылуына себепкер болған маманның бірі. Өзгесін былай қойғанда, ол бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің, экс-Премьер-Министр Серік Ахметовтің, ДСМ Фармация комитеті төрағасының міндетін атқа­рушы Лариса Пактің, сондай-ақ Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін басқарды.

Сол жылдары жабық жиын, оңаша орталарда Кексель Қ.Қожамжаровтың «оң қолы» деген әңгімелерді де құла­ғы­мыз шалып қалатын. Рас, іс барысында айып­талушылардың кейбірі істі бұрма­лағанын, жан-жақты қарамай теріске шығарды деп те арызданғаны ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жатты. Дегенмен соған қарамастан, Кексельдің тергеуімен көптеген аты шулы қылмыстық іс сотқа дейін жетіп, кінәлілер нақты жазасын алып, ұрлаған, «басып қалған» мүліктері тәркіленіп жатты.

Әйтсе де, осынау шулы істерді жүр­гізгенімен ол ешқашан журналистер алдында ашылып, сұхбат берген емес. Тек сот барысында сөйлеген сөздері БАҚ-та жарияланып тұрды. Содан бо­лар, 2018 жылы informburo.kz сайтындағы 18 ми­нуттық видео сұхбаты ақпарат пор­тал­да­рында лезде тарап кетті. Сол сұх­батын­да Олеся «егер құқық қорғау сала­сын таңдамағанда, хирург болар едім» депті.

2017 жылы Олеся Кексель «Жылдың мемлекеттік қызметшісі» атанды. Сон­дай-ақ сыбайлас жемқорлық бойынша ең күрделі істерді тергеп, ашқаны үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен мара­пат­талған. Егер дәл осы қарқынымен жұмыс істей берсе кәсібилігі, мол тәжірибесінің арқасында Кексель келешекте генерал жұлдызын алатыны сөзсіз еді. Алайда ісінде мақтаулы, кәсіби делініп келген маманның жоғарыдағы азаптауларға не себепті барғаны түсініксіз? Бұл істің ақ-қарасы арнайы тексеріс аяқталғаннан кейін мәлім болмақ.