Жаңа пәтерде жаурап отыр
Жаңа пәтерде жаурап отыр
136
оқылды

Shymkent city ықшамауданы тұрғындары алғашында баспанаға қолы жеткеніне қуанды. Көп өтпей «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы қатысушыларының көңілі су сепкендей басылды. Өйткені көпқабатты үйде коммуналды қызмет сапасы мүлдем жоқ.

2018 жылы пайдалануға бе­рілген №9,10 көпқабатты үйдің бірінде жылу, бірінде ыстық су, ендігісінде жарық жоқ. Шым­кентте «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағ­дарламасының қатысушы­лары наразылық білдірді. Олар Shymkent city ықшамауданынан үй алып, артынша коммуналды қызметтің дұрыс жұмыс істе­мейтінін білген.

Аталған көпқабатты үйде 90 пәтер бар. Пәтерлерге тұрғындар толық орналаспаған. Сондықтан ыстық су мен газ беретіндер күте тұру керегін ескертеді. Ал жылу орталығы болса, жақын арада жасаймыз дейтін көрінеді. Мар­дымды жауап ала алмай маза­сызданған тұр­ғындар Шымкент қаласы әкімдігіне шағымданады. Осының бәрінен нәтиже шық­паса сотқа жүгінеміз дейді.

Жылу мен жарық бәріне ке­рек. Дегенмен көпбалалы отбасы мен мүгедек баласы барларға тіп­тен қиын. Аталған ықшамау­данда мұндай отбасылар бар. Олар жылу молынан түсетін терезесі бар үйге баласын жат­қызып, қалғандары күрте киіп ұйықтауға мәжбүр. Үйде жылыт­қыш қосса да, жылудай бол­майтыны анық. Айта кететіні, қараша айы басталғалы бері қалада түнде температура нөлден төмен түсіп тұр.

Shymkent city ықшамау­да­нында барлығы – 732 пәтер, 12 көпқабатты үй. №9,10 көп­қа­батты үйде тұратындар баспа­наны «7 – 20 – 25» бағдарлама­сымен алған. Қалған үйде әртүрлі жеңілдік бойынша баспана ал­ғандар тұрады. Олардыкі – жал­дамалы пәтер. №19 үйдің тұр­ғыны Меруерт Жақып­бекқызы жұма күні пәтеріне жылу қосқа­нын қуана жеткізді. Әрине, бі­рінші арнайы орындарға ха­бар­ласқан. Тиісті қызметкерлер ке­ліп, ауызсу мен жылудың мә­селесін шешіп беріпті.

Жағдайдың мән жайын білу үшін Шымкент қаласы әкімді­гінің баспасөз қызметіне хабар­ластық. Қызметкерлер қала әкімі Ерлан Айтахановтың жағдайды бақылауға алғанын айтты. 18 қа­раша күні Айтаханов Shymkent сity тұрғын үй ала­бын аралаған. Тұрғындардың өтініш-арызын тыңдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқататынын айтқан. Қала әкімі жауапты сала ма­ман­дарына тиісті тапсырма беріпті. Жылу өз уақытында берілмесе, жауаптылар жылы орнын боса­та­тынын ескерткен.

Шаһар басшысы жауапты ма­мандардың салғырттығынан қарапайым халық зардап шекпеу керегін алға тартты. Мұндағы 2018 жылы бой көтеріп, қол­данысқа берілген үйлерге тұр­ғындар әлі толық қоныстанбаған. Соның салда­рынан су, жылу жүйесінің құбырларында цир­куляция жұмысы жүргізілмепті. Салдарынан өзге тұрғындар қиындық көріп, жаңа баспанада жаурап жүр. Осыған байланысты қала басшысы әр үйдің жинақ­талған мәселесіне мән беріп, көп ұзамай шешімін табатынына сендірген.

Одан бөлек шағынаудан газ жүйесімен толық қамтылмаған. Ауызсу мен газға төлем жүргізу үшін жеке дербес шот ашыл­маған. Жертөледегі жылу қазан­дықтарын көзбен көрген Ай­таханов тиісті мамандарға нақты тапсырма беріпті.

Shymkent city-дегі қазіргі бас­ты мә­селе – тұрғын үйлерді жы­лумен қам­та­масыз ету. Бұл өз кезегінде қала әкімінің жеке ба­қылауында болады. Ол «ық­шамауданға күн құрғатпай келіп, тапсыр­маның орындалғанына көз жеткіземін» дейді. Біз де әкімдіктен мәселе шешілгені ту­ралы хабар күтетінімізді айттық.


Айбике ЖАНАСЫЛ