Ислам ипотекасын игере аламыз ба?
Ислам ипотекасын игере аламыз ба?
173
оқылды

Ислам қаржыландыру жүйесі туралы ара-тұра айтылып қалғаны болмаса, ел нарығына дендеп еніп кете қойған жоқ. Әрине, жүйені енгізу үшін алғы­шарт­тар, алғашқы қадам­дар жасалып жатыр. Бірақ сала жұмысы қолға алын­ғалы оншақты жыл өтсе де әлі ауыз толтырып айтар­лықтай жетістіктер көзге түскен жоқ.

Дегенмен соңғы уақытта ел елең етіп, бұл салаға тағы да назар аударды. Бұған себеп – «Al Hilal ислам банкі» АҚ еліміздегі тұң­ғыш ислам ипотекасын іске қо­сып отырғаны. Ислам қаржы­лан­дыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін жаңа өнім әзірге Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылмақ. Еліміздегі ең ірі 3 қала тұрғындары баспана алу үшін, сондай-ақ бұ­рын алған ипотеканы қайта қар­жыландыру үшін осы өнімді пай­далана алады. Айта кету ке­рек, бұл ипотеканы діни сеніміне қарамастан, кез келген адамның пайдалануға мүмкіндігі бар.

Ислам ипотекасының басты құралы – мурабаха. Бұл дәстүрлі пайыздық мөлшерлеменің жоқ­тығымен ерекшеленеді. Себебі шариғатта бұған тыйым салынған. Қазіргі таңға дейін ипотекаға үй алғандарды қинап келген басты мәселе де осы – пайыздық мөл­шерлеменің тым жоғарылығы. Өйткені елімізде ипотекалық несие берумен негізінен екінші деңгейлі коммерциялық банктер айналысып келеді. Олардың көз­дегені – пайда табу екені айтпаса да түсінікті.

Осы жерде көпшілікті ислам ипотекасының құрылымы, шарт­тары қызықтырары сөзсіз. Қара­пайым тілмен түсіндірер болсақ, банк тұрғын үй сатып алады да, оны тұтынушыға бөліп төлеуге береді. Бұл жерде көпшілікке ыңғайлысы – тұтынушы үстеме бағаны алдын ала біледі және қаржыландыру барысында ол тұрақты болады. Мұның негізі – ашықтық. Ислам ипотекасы бо­йынша үй алған тұтынушы тұрғын үйдің ақырғы бағасын, яғни не­сиені төлеп біткенше өз қалта­сынан қанша ақша шығаратынын нақты біледі. Клиенттердің басым бөлігі дәстүрлі банктің ақшалай төлемін оңтайлы санайды. Деген­мен оны таңдаған кезде ипоте­каның ақырғы құны ипотеканың мерзіміне қарай айтарлықтай ұлғайып кетеді. Төлем жасау кес­тесі қаржыландыру мерзімі бары­сында тең төлем жасауды қарас­тырады. Бұл аннуитетке, дәстүрлі банктің ақшалай төлеміне ұқсай­ды. Дегенмен бұл жердегі басты ерекшелік – ислам ипоте­касында дәстүрлі банктерге тән артық төлем болмайды.

Тіпті, алғашқы күндердің өзінде ислам қаржыландыру жү­йесіне клиенттерден мыңдаған өтініш келіп түсті. 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында банк ислам ипотекасына қызы­ғушы 17 мың адамнан өтініш қабылдаған» дейді «Астана Ха­лықаралық қар­жы орталығы» ислам қаржысы және бизнесі жөніндегі хабтың бас менеджері Мәдина Тұқылова. Мурабаха шарты бойынша банк сатушыдан жылжымайтын мүлік­ті тұтас са­тып алады да, қаржы инс­титу­ты­нан өтініш беруші үміт­кер бө­ліп төлеу келісімімен сатып алады. Банк сыйақы үстеме ақысы есе­бінің орнына сатып алушымен алдын ала келісілген ба­ғаны ұсы­нады. Өйткені ша­риғат бо­йынша ислам банкте­ріне үстемеақы қоюға рұқсат етіл­мейді.

Бәрімізге белгілі екінші дең­гейлі банктер беріп келген ипоте­калық несие шарты бойынша осы күнге дейін алдымен пайыздық үстеме ақысы көбірек төленіп, негізгі қарыз сомасы аз төленетін. Келісімшарт мерзімінің ортасына таман бұл жағдай керісінше өзгеретін. Ал ислам ипотекасы шарты бойынша барлық төлеу мерзімі уақытында несиені төлеу көлемі бірдей болады. Нәтиже бойынша ислам қаржыландыру жүйесінде артық төлем болмайды. Сол себепті тұтынушы үшін дәс­түрлі ипотекадан ислам ипо­те­ка­сы тиімдірек. Өйткені ислам ипо­текасы сәл де болса арзанға түседі.

Сарапшының айтуынша, адамдар әзірге ислам қаржы­ландыру жүйесіне «ақысыз» несиедей немесе кешіктірілген немесе төленбеген несиеге сон­шалықты жайбарақат қарай­тындай қабылдайды. Дегенмен ислам ипотекасының да өзіндік айыппұл төлеу реті бар. Оның дәстүрліге қарағанда айырма­шы­лығы – банк айыппұл ретінде алған қаржыны қосымша табыс көзі ретінде өзінде қалдырмайды, қайырымдылық мақсатқа жұм­сайды. Бұл да болса ислам қаржы­ландыру жүйесінің әділеттілігінің бірі деп түсінуімізге болады.

Қазіргі таңда ислам ипотека­сын алатын несиегердің жала­қы­сы 200 мың теңгеден кем бол­ма­уы тиіс. Оның төлем қабілеті зей­нета­қы қорына кейінгі 12 айда төлеген төлеміне байланысты ба­ғаланады. Әсіресе, кейінгі 6 ай­да төлем ау­даруда үзіліс бол­мауы тиіс.

Ислам ипотекасы талабы бо­йынша әуелі банк жылжымайтын мүлікті сатып алып, сосын тұты­нушыға сататынын айттық. Мә­міленің басында банк құрылыс компаниясына немесе тұрғын үй қожайынына пәтер құнының
5 пайызын төлейді. Міне, осы құрал мурабаха деп аталады. Бұл сатылған тұрғын үй кепілгері банк екенін білдіреді. Содан ке­йін ғана банк тұтынушыға тұрғын үйді сатады немесе классикалық үлгі бойынша береді, пәтердің бұрынғы иесіне қалған 95 пайыз ақша төленеді.

Ислам қаржыландыру жүйесін енгізген бірінші ел Египет болып саналады. 1963 жылы Mit Gharm Saving Bank осы жүйені қолға алған. Оның негізгі клиенттері дәстүрлі банк жүйесіне сенбеген ауыл тұрғындары болды. Алайда бұл жобаның ұзақтығы небәрі бес жылға созылды. Елдегі ислам ра­дикал ұйымдарымен күрес жүр­гі­зілген кезде бұл жоба да тоқта­тылды. Дегенмен бұрын бірінші рет тәжірибеден өткен жоба 1975 жылы Джидда мен Дубайда ен­гізілді. Дәл осы жолы ислам қар­жыландыру жүйесінің механизм­дері мен құрылымдары шариғат ұстанымына сәйкес­тендірілді.

Банктің ислам ипо­текасын іске қосуын маңызды қадам деп баға берушілер қатары көп. Көзі қарақты тұтынушылар қаржы­лан­дыру бағдарламасының ар­тық­шылықтары мен ерекше­лік­терін түсініп, ислам ипотека­сына қызығушылар қатары кө­бейіп келеді. Тек ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, негізгі шарт­­тарын елге жеткізе білу керек.