Орда бұзған Ораз-Мұхаммед
Орда бұзған Ораз-Мұхаммед

Ресейдегі Рязань облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақтаны орнату идеясының авторы – Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов.

Естелік белгі Ораз-Мұхам­мед жерленген Ескі татар зира­тындағы Ресейдің мәдени мұра­лар нысанына енген Ауған-Мұ­хаммед сұлтанның кесенесіне жақын жерде орнатылды.

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романы арқылы Ораз-Мұхаммедтің өл­мейтін, өшпейтін бейнесін жа­сады. Ораз-Мұхаммед десе «Ала­сапыран», «Аласапыран» десе Мағауин еске түсетіні дау­сыз. Енді ескерткіш тақта ор­натуға себеп болған Иманғали Тас­мағамбетовтің бұл еңбегі тарих­қа енері анық.

«Сөз жоқ, бұл – бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, со­нау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тари­хи ізіне, екі халықтың арасын­дағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойыл­ған ескерткіш деп білемін. Сол себепті Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс-қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы диплома­тиялық алыс-берістің қарлы­ғашы ретінде мәңгі сақталады» деді елші.

Ескерткіш тақтаның орна­уына Рязань облысы әкімшілігі мен дипломатиялық өкілдік те бастамашы болып отыр. Естелік тақтада «Ораз-Мұхаммед Оң­данұлы, 1573-1610. Қазақ сұл­та­ны. Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.

Сонымен, Ораз-Мұхаммед кім? Оның сүйегі неге Ресейде қалды? Шығай ханның бір ұлы – Ондан сұлтан. Ал Ондан сұлтан отыз жасында шейіт болған. Онданның ұлы – Ораз-Мұхам­мед. Әкесі өлген кезде Ораз он үштегі ғана бала екен. Оған қам­қорлық көрсеткен – ағасы Тә­уекел хан. Тәуекелдің бір ойы Көшім әулетінен Сібір даласын қайтару болғаны рас. Осы мақ­сатта Ораз-Мұхаммедті баш­құрттарға қарай жібереді. Сол кезде Ораз-Мұхаммед сұлтанды нөкерлерімен бірге орыс жасақ­тары қолға түсіріп, қазақ ханы Тәуекелдің бауыры екенін білген соң, оны Мәскеуге жіберткен. Патшаның қазақ сұлтанын өзіне алдыртудағы ойы түркілерді түркілерге қарсы қою болатын. Орыстар Ораз-Мұхаммедті мұ­сылман жасақтарының қол­бас­шысы етіп тағайындап, швед­терге қарсы салды. Сұлтан пат­шаның сенімінен шығып, же­ңіспен оралады. Ораздың бұл жеңісінен кейін Тәуекел хан патшаға елші жіберіп, інісін қайтаруды сұрайды. Алайда Ораз-Мұхаммедтен айы­рыл­ғысы келмеген патша ханға ба­уырын қайтарып бермейді. Осы­лайша, сұлтан өзге елде ама­нат­та, яғни кепілдікте қалады. Кейінірек патша тағына Борис Годунов отырғаннан кейін де, сұлтанды елге қайтаруға асық­пады. Батыр, ержүрек сұлтаннан айырылғысы келмеген шығар бір жағынан. Жаңа патша оны орыстардың Қырым хандығына қарсы жорығына қосты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ораз-Мұхаммедке Қасым қаласын сыйға тартады. Бұл туралы Қа­дырғали Жалайыр: «Жиырма жасында ұлы мәртебелі Ораз-Мұхаммед хан хандыққа отыр­ды» деп жазды.

Тарихи деректер бойынша, Ораз-Мұхаммедтің өліміне кі­нә­лі адам – II Дмитрий. Ол сұл­тан­ды өлтіріп, денесін Ока өзеніне ағызып жіберген. Ұза­май ноғай мырзасы, сұлтанның жолдасы Петр Урусов жалған ІІ Дмитрийді ажал құштырады. Досының денесін Окадан тауып, арулап жерлеген. Осылайша, Ораз-Мұ­хаммедке жат жердің топырағы бұйырған екен. Өзі би­леген Қасым қаласына жер­ленген. Мазары тұрғызылған. 1702 жылы Орыс патшасы І Петр­­дің бұй­рығымен Қасым қаласының ме­шіті қираған кезде Ораз-Мұ­хаммедтің де мазары тал­қан­далған екен. 1860 жылы түр­колог Хусаин Фаизханов Ста­ропосал зиратынан Ораз-Мұ­хам­медтің құлпытасын та­уыпты. Тас­та: «1009 жылы Рама­зан айы­ның 16 күні Ондан сұл­танның ұлы Ораз-Мұхаммед хан опат бол­­ды. Жаратушы Құ­дай жар бол­­сын!» деген жазу болған көрінеді.

Ораз-Мұхаммед сұлтан – өз заманында орыс патшасына ба­ғынышты аймақта хандық билік жүргізіп, қазақ сұлтандарының арасында шетелде үлкен абы­ройға ие болған әйгілі тарихи тұлғаның бірі. Оның ерлігі мен өмірі туралы көптеген деректі жат жерде сұлтанның сенімді серігіне айналған шежіреші Қадырғали Жалайыр жазып қалдырған.

Тұтқынға түскен қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед сияқты Қазан, Қырым, Сібір, Астраханды билеген төрелер де орыс патшалығында аманатта болды. Соған қарамастан, қазақ сұлтанын көтермеледі. Әрине, Ораз-Мұхаммедтің қолбасшы саясаткер, дипломат ретінде өз қайраткерлігі де айрықша сапаға ие. Дегенмен ол өзіне назар аударту арқылы Мәскеу билеу шілерін қазақ хандығымен са насуы тиіс екенін ұғындырды.

Тарихи деректер, оның алғыр әрі қайсар болғанын жазады. Орыс патша Годунов та жас сұлтанның алғырлығын байқап, оны швед, поляк елшілерін қа­былдау рәсімдеріне қатыстырып, өзімен бірге алып жүрген. 24 жа­сында швед жорығына қа­тысып, армиядағы негізгі үшін­ші адамға айналған.

«1612 жылы Ресейде аласа­пыран басталды. Жалған пат­шалар қаптап, әрқайсысы қала-деревняны өз жағына тартуға тырысты. Әр патша келіп салық салып кеткеннен, халықтың ішерге тамағы болмай, қырыла бастады. Зығырданы қайнаған шаруа-кедейлер, бұрқ етіп көтеріліс жасайды. Осы кезде Ораз-Мұхаммед қол қусырып отырмай, орыс мәселесіне ара­ласуды ойға алады. Бірақ кім болып, қай жаққа жақтасу қа­жет?! Поляк тарихшыларының дерегіне сенсек, Ораз сұлтан қазақтың сол кездегі ханы Есім­мен хат-хабар алмасқан. Көктем шыға Есім хан Ораз-Мұхам­медке армия жіберіп, Мәскеу тағына отыруға көмектесемін деп уәде еткен дейді. Бұған таң­ғалатын түгі жоқ. Қырым ханы Дәулет Керей Иван Гроз­ныйдың армиясын талқандап, Мәскеуді өртеп, ал орыс тағына Сайын Бекболатоғлы деген татарды қо­йып кетіп еді. Алайда патша жан­сыздары Ораз-Мұхаммедтің бүлікшілерге дем бергенін анық­тады. Олар қазақ сұлтанының бұл ісін сатқындыққа балап, бар қаһарын төкпек болды» деп жа­зады журналист Нұрбек Бекбау.

Біздің қазақ Ораз-Мұхаммед туралы тек Мағауин романы арқылы біледі. Басқа толымды тарихи деректер жоқтың қасы. Оның тарихи рөлі әлі толық ба­ғаланбағаны туралы орыс зерт­теушілері де жиі мәселе қозғап жүр. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы» қоры жа­нындағы әлемдік экономика және саясат институтының бас сарапшысы Радик Темірғалиев қазақ пен орыс қатынастарының ресми дипломатиялық қатынасы Ораз-Мұхаммед тұсында орна­ғанын айтады. «Мәскеу билігі Тәуекел ханға дейін қазақ хан­дарын одақтас ретінде пайда­ла­нуға талпынған шақтары бол­маса, қою барыс-келіс жасаған жоқ. Тұтқынға түскен қазақ сұл­таны Ораз-Мұхаммед сияқты Қазан, Қырым, Сібір, Астра­ханды билеген төрелер де орыс патшалығында аманатта болды. Соған қарамастан, қазақ сұл­танын көтермеледі. Әрине, Ораз-Мұхаммедтің қолбасшы саясаткер, дипломат ретінде өз қайраткерлігі де айрықша сапаға ие. Дегенмен ол өзіне назар аударту арқылы Мәскеу билеу­шілерін қазақ хандығымен са­насуы тиіс екенін ұғындырды» дейді ол.

Тарихшылар Ораз-Мұхам­медтің есімі Қазақстан мен Ре­сейге ғана емес, басқа елдерге де ізін қалдырған тұлға екенін ай­тады. Иран, Литва, Польша ар­хивтерінде оның есімі айрықша жазулы тұр. «Ол жай ғана қара­пайым сұлтан болып, Борис Годуновтың төрінде отырмай, Қасымов хандығының билеушісі болды. Халықтың тұрмысын жақсартып, бір-бірімен араз­дығын тоқтатып, көпұлтты өкіл­дердің өзара татулығын сақ­таған, ерекше әдіспен өз хан­дығын билеген саясаткерлігі орыс тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Ораз-Мұхам­мед 1812-1845 жылдардың ор­тасында Еділ мен Жайық ара­сында құрылған ішкі орда Бөкей ордасын, Жәңгір ханды есеп­темегенде, Ресейдің ішкі жағын­да жүріп, хан болған жалғыз тұлға. Ол Мәскеудің түбінде отырса да, қазақтың мемлекет басқару үлгісін көрсетіп кетті. Өзінің тарихи Отаны қазақ хандығының мүддесін де ойлап отырды. 16 жасқа дейін мықты білім, жақсы әскери тәлім алған қазақ сұлтаны өзін жақсы сар­дар, үлгілі қолбасшы ретінде жоғары көрсете білді» дейді тарихшы Зиябек Қабылдинов.

Халық тарихи тұлғаларын білуі тиіс. Ораз-Мұхаммед Ма­ғауиннің «Аласапыран» романы болмаса мүлдем ұмыт қалар еді. Жазушы араға үш жарым ғасыр салып, қазақ сұлтанын елімен қайта қауыштырды. «Аласа­пы­ран» арқылы Ораз-Мұхаммедтің биік тұлғасы әр оқырманның есінде қалды. Ал біздің жады­мыздан «Күйреу» бөлімі шығар емес. Ай-Шешек бегімді де, Діл­шат сұлтанымды да жаны­мыз­дай жақсы көрдік. Ораз-Мұхаммедке ынтық еткен де осы аяулы бейнелер еді. Ораз-Мұхаммедтің бата алмағаны се­кілді, біз де Ділшатты өлімге қи­май, шырқырап едік. Ділшат­тың өліміне жанымыз егіліп, жүрегіміз езіліп жүре берген. «Аласапыранды» парақтаған сайын Ораз-Мұхаммед те, Борис Годунов та, Петр Урусов та еске түспейді. Біз үшін қымбаты – Ай-Шешек бегім мен Ділшат сұлтаным ғана.

«Аласапырандай» ұлы шы­ғарма жазып, Ораз-Мұхаммедке сөзден ұмытылмайтын белгі қойған Мұхтар Мағауин ескерт­кіш-тақта қою рәсіміне келе алған жоқ. Жазушының мұхит­тың ар жағынан жолдаған хаты ғана жетті. Хатында: «Имаш қал­қам! Назарыңнан тастама­ға­ныңа рақмет! Көптеген игілікті шаруаға ұйытқы болып жатыр­сың. Бірақ мен қайткенде бара алмаймын. Мәселе уақыт, жұ­мыс жағдайында ғана емес. Мен ұшақпен ұзақ сапарды кө­тере алмаймын. Сондықтан айып етпе. Әйтпесе, Ораз-Мұ­хаммед­тің ескі жұртына отыз жылдан соң, тауап етіп қайтқан жақсы болар еді. Өкпелеме. Өзіңе қа­шанда тілектес, Мұхтар ағаң. 5.Х.2019. АҚШ» деп жа­зылған.

Бұл хатты оқып, мұңайып қалған қандастарымыз аз емес. Мұхтар Мағауиннің елге ұшып келуі де қиындап қалғанын ойлағанда еріксіз күрсінгенбіз.     


Кезінде Мағауин есімін ұлық­тап, әдеби ескерткіш сом­даған еді. Қазақстанның Ре­сей­дегі елшілігі Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнату арқылы екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты те­реңдетумен бірге қазақтың арда оғланын ардақ­таудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Алдағы Жошы ұлысының 750 жылдық мерейтойы қарсаңында Ораз-Мұхаммед сұлтанға қатысты тарихи деректерді қалың қат­парлы көмбеден аршып алу да сондай парасатты тірліктің қатарына қосылса, нұр үстіне нұр  болар еді!