14 желтоқсан күні Ұлыбритания астанасында халықаралық «Әлем аруы» байқауы өтеді. Әлемнің сұлу қыздары бағын сынайтын байқауда біздің елдің намысын биыл ғана Қазақстан аруы атанған Мәдина Батық қорғайды. Мәдина «Әлем аруында» Kórіktі Qazaqstan жобасын таныстырады. Туризм саласының маманы Мәдина «Әлем аруы» байқауының алаңы арқылы туған елдің танымалдығын арттыруды көздеп отыр. Себебі «Әлем аруын» сол күні 200 елден 2,8 миллиардтан астам адам тамашалайды. Күні кеше Бурабай курорт аймағына бұқаралық ақпарат құралдары үшін ұйымдастырылған баспасөз турында Kórіktі Qazaqstan бейнеролигі таныстырылды.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ұйымдастырған баспасөз турында қатысушылар Бөлектауға шығып, осы өңірдің туристік мүмкіндігімен танысты. Еліміздің тұмса табиғатының сұлулығын, тарихын, халқымыздың қонақжайлығы мен ұлттық дәмінен сыр шертетін Kórіktі Qazaqstan бейнеролигінен бөлек, 5 сериялы бейнебаян да БАҚ өкілдері назарына ұсынылды. Дәл осы көпсериялы бейнебаян республикалық телеарналардың бірінде көрсетіліп, ішкі туризмді насихаттауда зор үлес қосады деген үміт бар. Ал 3 минуттық бейнероликті «Әлем аруы» байқауында Мәдина таныстырады.
Kórіktі Qazaqstan бейнеролигінің бас кейіпкері Мәдина Батық – биыл Қазақстан аруы атанған, туризм саласының болашақ маманы. Оның айтуынша, елімізге туристерді көптеп тарту үшін, ең алдымен әр қазақстандық сырға толы Қазақстанын танып, білгені жөн. Сондықтан да ол туризмді насихаттайтын фильм түсірілетінін естігенде қатты қуанған. Ол Қазақстан аруы ретінде қазақ еліне саяхат жасап, Маңғышлақ түбегіндегі қиял-ғажайыпқа толы Бозжыра шатқалы, Іле Алатауы бөктеріндегі әлемге әйгілі Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, әйгілі Шарын шатқалы, Қайыңды көлі мен ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары – Сауран қаласы, «Ассы» үстіртіндегі әлемге әйгілі обсерватория, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, құпияға толы Ақмешіт үңгірі, тыныштықтың шексіз көрінісі – Каспий теңізі, сондай-ақ ультразаманауи шаһар, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласын аралап шықты.
...Көпсериялы бейнебаян республикалық телеарналардың бірінде көрсетіліп, ішкі туризмді насихаттауда зор үлес қосады деген үміт бар. Ал 3 минуттық бейнероликті «Әлем аруы» байқауында Мәдина таныстырады.
Түсірілімнің экстремалды режимде өткен, өмірге қауіп төндірген де сәттері болыпты. Мәселен, Бутаковка шатқалында Мәдина үстіне салмағы 20 келі тартатын киіммен атқа мініп тау беткейіне көтерілген. Сондай-ақ рафтиншілер командасымен бірге Түрген өзенінің қатты ағысына төтеп беруіне тура келген. Ол қысқамерзімді түсірілім кезінде туған өлкесі туралы мыңдаған кітап пен нұсқаулықтарда оқи алмайтын тың және қызықты мәліметтерге қаныққан.
«Қазақстан аумағында әлемнің барлық кереметтері орналасқан ба дерсіз. Табиғатымыз сонысымен ерекшеленеді. Әлемнің басқа жерлерінен әдемі көріністерді іздеумен бірге туған елдің жауһарларына да назар аударуымыз керек дер едім. Сонда таңғажайып қазынаға тап боласыз. Мысалы, Түркістанға табаным тиген сәтте мәңгілікке ұштасқан тарихымызға күмп бергендей болдым. Көз алдыма Жібек жолымен күн сайын қытай мен парсының, Византияның фарфоры, матаның неше түрі, асыл тастар мен басқа да тауар тиелген керуендер келді. Осынау керемет жер мені таңғалдырды. Біздің еліміз ұлы ерлік жасаған сақ патшаларының, айбынды хандарымыз, билеріміз бен батырларымыздың ізі мен ұлы ісі қалған қасиетті жер», – дейді Мәдина ағынан жарылып.
Kórіktі Qazaqstan фильмінің мақсаты – «Әлем аруының» кең аудиториясы арқылы еліміздің ішкі және сыртқы туризмінің мүмкіндігін көрсету, ал қазақ жастарына Ұлы даланың ұлттық дәстүрін, мәдени мұрасын танып, құрметтеуге, сақтауға тәрбиелеу.
YouTube желісіне салынғалы бері өткен екі күннің ішінде Kórіktі Qazaqstan ролигін 33 мыңнан астам адам көрді. Әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ге тарта адам жылы пікір қалдырып үлгерді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ