Қазығұрттық тәрбиешілер неден түңілді?
Қазығұрттық тәрбиешілер неден түңілді?

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының бір топ бала­бақша тәрбиешілері жалақы­ның төмендеп кеткенін айтып, басшылыққа наразылық біл­діріп, редакциямызға хабар­ласты. Атап айтқанда, Қазы­ғұрт ауданындағы «Шолпан» бөбекжай-балабақшасында жұмыс істейтін көмекші тәр­биеші Мухаббат Шындәу­ле­това балабақша басшылары «қаржы жетіспейді» деген сылтау айтып, бір топ қызмет­кердің штат бірлігінің бөлігін қысқартып тастады деп ша­ғым­данады. Ал аудандық бі­лім бөлімі қысқарту балабақ­ша­дағы бала санының кемуіне бай­ланысты екенін жеткізді.

«Шолпан» бөбекжай-бала­­бақ­­шасында жұмыс істей­тін 9 тәрбиешінің атынан редак­ция­мызға және Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың атына жағ­дай­ға араласып, оң шешуге ықпал етуге өтініштерін жеткізді. хат жолдаған көмекші тәрбиеші Мухаб­бат Шындәулетова былай дейді:

«Мен, Мухаббат Шындәулетова Қазығұрт ауданы «Шолпан» бала­бақ­шасында 2005 жылдан бері тәрбиешінің көмек­шісі болып жұмыс істеймін. Жұмыс өтілім 15 жыл. №77 қаулы бойынша бекі­­­­тіл­ген 1,15 штат бірлігімен осы уақытқа дейін жұмыс істеп кел­­генмін. Алайда 2019 жылдың маусым айынан бастап аудан әкімі Т.Телғараев мырзаның штат қысқарту керек деген қаулысы бойынша неше уақыттан бері алын­баған 1,15 штаттық бірліктен (ставка) әрқайсымыздан 0,10 став­ка­мызды, қарсылық танытсақ та, балабақша меңгерушісі Саяра Ноғаева ханым алып қойды. Бала­бақ­шада 12 топ жұмыс істейді. Сол топтардың 11 көмекші тәрбие­ші­сінен қыркүйек айының 26-нан бастап алды. Айтатындары – «қар­жы жоқ, жетпейді, қарызбыз» деген бітпейтін мәселе. Зейнетақы қорымызға да ақшамызды дұрыс аудармайды. Негізінде, көмекші тәр­биешілерге 0,15 қысқарту кел­ген. Сондай-ақ бізде қауіпті топ деп аталатын «Санаторный» тобы бар. Ол топқа келетін балалар апта бойы балабақшада жатып тәрбиеленеді. Қысқарту негізінде сол топтың 1 штаттық бірлігіндегі тәрбиешісіне келген еді. Алайда балабақша мең­герушісі С.Ноғаева ханым қай­та-қайта жиналыс жасағанмен, ол штатты ала алмай, соңында оны бізден алып қойды. Оның шамасы тек бізге жетті. Қанша айқай бол­ды, біз келіспесек те, ештеңеге қол қоймасақ та, бізден заңсыз түр­де алды. Жалақымыз енді ғана көтеріліп жатыр еді. Осылайша, аудан әкімдігі, аудандық білім бө­лімі және қаржы бөлімі бар – бәрі сыртымыздан келісіп, 10 штат­тық бірлігімізді қысқартты.

Көмекші тәрбиешінің мәлі­­ме­тін­ше, ашынған қызмет­кер­лер жиналып, аудан әкімі Т.Тел­ға­раев­қа, білім бөлімінің басшысы А.Үйсінбев пен қаржы бөлімінің басшысы М.Сапиевке бар­ған. Олардан ешқандай көмек бол­мапты. «Халыққа қызмет жасап отырған азаматтарымыз ештеңе шешпеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы қасындағы нөкерлерімен келіп, жиналыс өткізіп кетті. Бәрі балабақшада бала саны аз, сон­­дықтан бала тауып, санын кө­бей­тіңдер дегеннен басқа еште­ңе айтпайды. Ал басшымыз С.Но­ғаева «мен балабақшаның жүйе­сін онша түсінбеймін, мектеп бол­са, онда қатырар едім дейді» деген Мухаббат Шындәулетова жи­на­лысқа көңілі толмағанын айтады.

Айтуынша, балабақшада бас­қа да қысқартулар болған. Атап айтқанда, көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауыспалы тәр­бие­­шілер де бар. Араларындағы 0,5 штаттық бірлікте жұмыс іс­теп жүрген 3-4-5 балалары бар ана­­ларға обал болыпты. Себебі ала­­­тын жалақыларының мөлшері – бар-жоғы 20-25 мың теңгенің төңі­­регінде. Оладың араларында жал­ғызбасты аналар бар. «Бұрын Үкіметтен қаржыға қатысты еш­қан­­дай мәселе болмай келді. Қар­жы жеткілікті болды. Енді қым­­бат­шылық болған сайын алатын ақ­шамыз да ештеңеге жетпей жа­тыр. Ең болмаса, топқа қажетті ойын­шықтар мен оқу құрал­да­рын да дұрыстап әпермейді. Ойыншықты ата-аналар өздері сатып әпереді. Ал төсек-орын, сүлгілер тозған» дейді ол.

Көмекші тәрбиешімен сөйле­сіп білгеніміздей, бұрын 1,15 штат­тық бірлік бойынша алып келген жалақының шамамен қолға тиетіні 66 мың теңгедей болған. Ал 0,10 штат бірлігін қысқартқан соң жала­қы­сы шамамен 5-6 мың теңгеге кеміген. Көзге аз көрінгенмен, бұл сома олар қымбатшылық қысқан заманда өте қажет екенін айтады. Сондай-ақ балабақшаға жетпейтін баланы қайдан табамыз дегенді алға тартқан ол қысқарту кезінде бірқатар келеңсіз жағдайдың болғаны туралы айтты.  

«Меңгеруші Саяра Ноғаева ханым «қайда барсаңдар да бара­тын жерлеріңе бара беріңдер, қол­дарыңнан ештеңе келмейді. Есік ашық, білгендеріңді істең­дер» дейді. «Маған десеңдер, телеви­де­ние шақырсаңдар да бәрібір, менікі дұрыс. Соттассаңдар, сотта мен жеңіп шығамын» деп үстелді ұрып, кілтін лақтырып айқаймен шы­­ғарып салады. «Кабинетке кір­­­­­меңдер» деп әкесінен мұраға қал­ған кабинеттей қызметін асы­ра пай­даланады. Nur Otan пар­тия­сы Қазығұрт аудандық фи­лиа­лы төрағасының бірінші орын­басары – С.Ноғаеваның күйеуі. Ол соған сенеді. Сондықтан біз Ноғаевадан мардымды жауап ала алмадық және әділдік болмаған соң өздеріңізден «Шолпан» бө­бек­­­жай-балабақшасының қыз­мет­­керлері атынан бізге тиесілі штат бірлігімізді қайтарып беруге ық­пал етуді өтінеміз», – деп бір топ көпбалалы аналардың жанай­­қа­йын жеткізген Мухаббат Шын­дәу­летова.

«Шолпан» бөбекжай-балабақ­ша­сында жағдайдың анық-қаны­ғын білмек болып, Қазығұрт аудан­дық білім бөлімінің басшысы Асан Үйсінбаевқа хабарластық. Редакция мен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ұжым атынан Шындәулетова Мухаббаттан келіп түскен Қазығұрт елді мекеніндегі «Шолпан» бөбек­жай-балабақшасы» мемле­кет­тік коммуналдық қазыналық кә­­сіпорны меңгерушісі Саяра Ноғаева іс-әрекетіне қатысты жаз­ған арызы бойынша берген мәлі­метінде білім бөлім басшы­лығы былай дейді:

«Аудандық білім бөліміне қа­рас­ты «Шолпан» бөбекжай-бала­бақ­­шасының қаржылық жағдайы.

Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы мек­­теп­ке дейінгі тәрбие мен оқыту­дың жан басына шаққандағы нор­­ма­тив­тік қаржыландыру әдісте­месін бекіту туралы №597 бұйры­ғы­на сәйкес, әрбір балаға 30 150 тең­ге­ден белгіленген. «Шолпан» бала­бақ­шасы 320 орынға арналған, бі­рақ қазіргі таңда 280 бала келіп жатыр.

Қазығұрт аудандық «Шолпан» бөбекжай-балабақшасына 1-3 жас аралығындағы 110 балаға 20 284 теңгеден, 3-6 жас аралығындағы 170 балаға 30 150 теңгеден белгі­ленген.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №248 қаулысына сәйкес, «Шолпан» бөбекжай-балабақшасынан 13,9 штат бірлігі қысқарып, 69,15 штат бірлігі бекітілген. Мекеме қыз­мет­керлерінің еңбекақысы, әлеу­меттік жарналары және басқа да шығындарға 1 айда жалпы 7 200 тең­­­­ге жұмсалуда. Яғни, ай са­йын 1 500 теңге қаржы жетіс­пеу­шілігі бар. Осыған байланысты, биыл 1 қазанда 14 344 419 теңге қа­рыз қордаланды, жыл соңына қа­рай қарыз 20 093 теңгеге жетуі мүм­кін. Мұнда қаржының 90 пайызы ай­лық жалақы қорына жұмсалады.

Алдағы уақытта осындай қарыз­дардың алдын алу мақсатын­да, әлі де штат бірліктеріне оңтайландыру жұмыстарын жүргізу қажеті туын­дап отыр.

Аудан әкімдігінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №248 қаулы­сы­на сәйкес, Мухаб­бат­ Шын­дәу­летованың 1,05 штат бір­лік­те жұ­мыс істейтіні рас (8 сағат 33 мин) де­лін­ген жауапта.

Осы жағдай бойынша Nur Otan партиясы Түркістан облыс­тық филиалы төрағасының бі­рін­­ші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен тілдестік. Бейсенбай Дәу­летұлы, аталған мәселенің анық-қанығын анықтау үшін нақты тап­­сырма берілгенін жеткізді.

Әрине, бұл мәселеде аудандық білім бөлімі мен басқа да тиісті жергілікті биліктегі басшылық жағ­дайды ушықтырмай, түзде де, үйде де бала тәрбиелеп жүрген ана­лар мен өзара түсіністік орна­тып, проблеманың оң шешілуіне ықпал етеді деп сенім артамыз.

 

Түркістан облысы