Сығылысқан парталар, тығылысқан балалар...

Сығылысқан парталар, тығылысқан балалар...

Нұр-Сұлтанға жұрт күнде көшіп ке­леді. Статистикаға сенсек, елордаға жылына 40 мың адам қоныс аударады. Олар­дың 7-8 мыңы жылда мектеп оқу­шысы ретінде қатарға қосылады. Жал­пы саннан мектеп бітірушілерді алып, 1-сыныпқа келетін балаларды қос­қанда, қала мектептерін жыл сайын кемі 15 мыңнан астам бала толықтыра­ды екен. Осы балалар бас қаланың білім ошақтарына сыйып отыр ма? Жоқ, әрине. Ең өкініштісі, соңғы жыл­да­ры оқу жылын амалдап аяқтап жүр­ген білім мекемелері тек елордада ғана емес. Еліміз бойынша былтырғы оқу жылында 128 мектеп үш ауысымда бала оқытып, 800 мектепке күрделі жөндеу керек болған. Алматыдағы мектептің бір сыныбында – 48 оқушы, Нұр-Сұлтанда 43 оқушы отыр. Сығы­лыс­қан парталар мен тығылысқан бала­лар мәселесі неге ушығып кетті?


Білім саласы жайбасарлықты көтермейді

Рас, бұл мәселеге, ең алдымен, үлкен қалаларға жыл сайын көшіп келу­шілердің демографиялық көр­сеткішінің әсері бар. Демогра­фия­лық өсім демекші, бүгін дүниеге кел­ген сәби – бес-алты жылда 1-сы­ныптың оқушысы. Бұған еш­қан­дай есептің де керегі жоқ. Елі­міз бойынша соңғы 5 жылда 130 мың­­нан астам бала дүниеге кел­се, демек дәл қазір елімізге же­дел түр­де соларға лайықты мек­теп­тер мен бала­бақшалар керек деген сөз. Сон­дықтан бұл мәселеден тек сал­ғырттықты ғана көруге болады. Елор­дамыз бойынша да тура осын­дай. Әр оқу жылында 15 мың оқу­шы қатарға қосыла ма, қосы­лады. Демек, жылдағы жоспарға өзгеріс енгізіп отыруға болады. 2017-2018 оқу жылында, тіпті жаңа мектеп ашылған да жоқ. Ал былтырғы оқу жылында бір мектеп қана бой кө­те­р­ді. Мемлекеттік мекеме сана­ла­тын 84 білім ошағының қатарын 1 200 орындық №85 мектеп толық­тыр­ды. Ал қазір осы мектептің қа­быр­ғасында 3 200 бала білім алу­да. Астана қалалық білім бас­қар­­масының басшысы Әнуар Жан­­ғозин алдағы төрт жылда 30 ны­сан­ның бой көтеретінін, өткен оқу жылының соңына дейін 6 мек­теп­тің пайдалануға берілетінін айт­­қан еді. Бірақ дәл осы мектеп­тер­дің көптеп бой көтеруі мен үш ауысымды мектептердің мәселесі, бір сыныпта 30 баладан төмен оқу­шы­ның білім алу жайы әзір ше­ші­мін табар түрі жоқ. Өйткені әлі күн­ге дейін жағамыз жайлауға кет­кен күйінде жайбарақат жүрміз. Өте баяу бой көтеріп жатқан білім ошақтары мәселені шешіп отырған жоқ. Жылдағы мәселе қордаланған күйінде қалып тұр.

                                           

Бір сыныпта – 48 оқушы

Жыл сайын «Жаңа оқу жылына сақа­дай саймыз» дейтін Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені алдымен бас қаланың білімінен бастаса дейміз. Бүгінде қаланың қақ ортасы саналатын, халық ең көп шоғырланған базардың маңы үшін мектеп мәселесі күйіп тұр. Осы маңдағы №4, 7, 16 мектептер то­лып тұр. Енді бұл ауданда төрт-бес мектеп салынбаса, жыл өткен са­йын жағдай ушыға түсуде. Жал­пы, Астана мектептерінде 1-сы­нып­та 45 оқушының отыруы таң­сық емес. Алматыдағы Алатау ау­да­­нының тұрғындары да жақын­да дабыл қағып еді. Ата-аналар жағы бірінші сыныпта 48 оқушыдан білім алатындықтан, балалар мұ­ға­лімнің не айтқанын ұқпай келе­ді деп ашынған.

«Қазіргі балаларға өте обал. Өйт­­кені бір сыныпта 45 бала оты­ра­ды. Мұғалім оларға физикалық тұрғыдан үлгермей қалады. Олар назарында 12-18 баланы ғана ұстай алады. Ал қазіргідей екі сыныпта оқуы тиіс балаларды бірге оқыту, олар­ға сабақ үйрету, үй тапсыр­ма­сын сұрау – 40 минуттың ішінде мүм­кін емес жағдай. Біздегі барлық ке­реғарлық, біздіңше, дәл осы жер­ден басталып отыр», – дейді пси­холог Жанар Көпбасарова.

Ал Жамбыл облысы Тараз қала­­сындағы №51 мектептің 3-сы­ны­бында баласы оқитын Гүлден Асубаеваның реніші тіпті орынды. «Біз 1-сыныпқа барғанда, бір сы­нып­та 30-дан астам бала болды. Ол балалардың білім деңгейі әртүрлі. Мысалы, бұрын балалар бір дең­гей­­де барып, бәрі бірдей сол мұға­лім­нен үйренетін болса, қазір мек­­­­тепке дейін бәрін біліп баратын ба­­ла­лар да болады екен. Ол ата-ана­ның әлеуметтік жағдайына да байланысты. Мәселен, қазір қала­да баланы мектепке дейін дайын­дай­тын ақылы орталықтар бар. Ақшасы бар ата-ана баласын сонда оқытып, 42 әріпті танытып, жазды­рып, санауды үйретіп апарады. Ал енді алдында оқушысы көп, өзі үлгермей жүретін мұғалімге бәрін біліп келген бала тиімді ме? Жоқ, әлі әліпті таяқ деп білмейтін жет­кін­шекпен жұмыс істеген оңай ма? Бір сыныпта нормадан көп бала отырғандағы жағдайдан, ба­лам сабағын оқи алмай қалды. Қазір де қа­тарға ілесе алмай отыр­мыз. Оған мұ­ғалімді кінәлай алмаймын. Ми­нистрлік, жүйе­сіз­дік, бәрін дұрыс жоспарламаудың сал­дарынан, осын­дай жағдайға жетіп отырмыз» дейді ол.

Бұлар ғана емес, бүгінде еліміз­дің қаншама мектептері осы күйді кешіп отыр.

                          

Жекеменшік мектептер не шешеді?

Мемлекеттік мекемелерге бала сый­дыра алмай жатқан соң, амал­сыз жекеменшік білім ошақтары туралы ойлай бастайсың. Мұндай мектептер еліміз бойынша әзірге өте аз. Бір ғана Алматы қаласында 50-ге жуық жекеменшік мектеп тір­­келген болса, Астана бұл межеге әлі жете қойған жоқ. «Жекеменшік мектептерде білім беру стандарты Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен талаппен жүзеге асады. Мем­лекеттік мектептерден артық­шы­лығы, бұл мектептерде бір сы­нып­та 30-40 бала отырмайды. 12-15 баладан аспайды. Мұғалімнің әр баланың қарым-қабілетін анық­­­тауға, үй тапсырмасын тек­се­руге, жаңа өткен тақырыпты түсін­ген-түсінбегенін білуге мүмкіндігі болады. Бұл бүгінгідей уақыт тап­шы заманда ата-ана үшін де қо­лай­лы» дейді педагог-психолог Ерлан Қуантқанұлы. Бірақ мұның екінші ұшы да болып отыр. Біріншіден, бұл мектептердің бағасы өте қым­бат. Оған кез келген орта тұр­мыс­тағы ата-ана баласын бере алмай­ды. Сондықтан айлық ақысы 100 мыңнан басталатын мұндай білім ошақтарының ауылы қарапайым қала тұрғындары үшін алыс күйін­де қалып отыр. Екіншіден, ақыры мем­лекет оқушыларды білім беру­мен толық қамтып, жағдай жасай алмайтын болса, талапқа сай жеке­мен­шік мектеп­тер­ді ашуға мүмкін­дік беру қажет. Жекеменшік бала­бақ­шалардың ашылуына көр­се­тіл­ген қолдау, дәл солай мек­теп­терге де жасалса дейсің. Яғни, мемлекет­тік дотация білім ошақтары үшін де жүргізілу керек. Жартылай мем­­­ле­кеттің қаржыландыруымен ата-анаға көп салмақ салмайтын, қол­­жетімді мектептер ашылса, оған баласын апаратын ата-ана­ның қарасы көбейер еді. Өйткені олар онсыз да бір сыныпта 40-45 ба­ла отыратын баласының ертеңі­не алаңдап, қосымша оқыту орта­лық­тарына тасумен жүр. Дәл осы 20-40 мыңның арасындағы ақша­ны алып, балаға сапалы білім бере­тін білім ошақтары көбейсе, оған деген көзқарас та өзгерген болар еді.

 

Сөз соңы

Тақта мен партаның арасының алшақтығы 2 метр болуы керек болса, қазір 1,5 метр. 15 парта тұ­ра­тын сыныпта 22 парта тұр. Қ­а­тар мен қатардың арасы 60 см болу керек болса, қазір ол 40 см-ге қыс­қар­ған. 22-24 бала отыруы керек сыныпта 43-45-48 бала білім алуда. Осындай аузы-мұрнынан шыққан толық сыныптар үшін енді дирек­тор­лар айыппұл төлейтін болды. Оралдағы 16 мектептің директоры қазір не істерін білмей отыр. Шын­ды­ғында, еш жазығы жоқ білім ошақтары басшылары­ның Сапаны бақылау және тауар­лар мен қызмет қауіпсіздігі басқар­ма­сына айтар уәжі қалмаған. Бұл туралы Бі­лім және ғылым ми­нистрі Асхат Айма­ғамбетов бол­са, «Біз СЭС-тың мектеп дирек­тор­­ларына 25 бала­ның орнына 40 оқушы оқитын сыныптар үшін 500 мың теңгеге айыппұл салғанын байқадық. Бұл мектеп директорына әсер етпеуі керек. Ол баланы қалағандықтан, осы­лай алған жоқ. Елімізде үш ауы­­­сымды мектеп мәселесі бар» де­ді.

Қызық. Ақсаған жүйені билік аяқ­тан тұрғызуға асықпайды. Екін­ші жағында тәртіпті ту етіп, «шаш алудың орнына бас алуға» баратын сол биліктің тағы бір тар­ма­ғы тұр. Парадокс. Айыппұл са­лы­ну керек, төлену керек. Бірақ әңгі­ме соны кімнің төлейтінінде бо­лып тұр...