4,5 миллион теңгені қолды қылған тараздық алаяқ құрықталды

4,5 миллион теңгені қолды қылған тараздық алаяқ құрықталды

Бүгінде алаяқтықтың сан түрі белең алуда. Тіпті кейінгі кездері әлеуметтік желілерді қолданып, жымысқы әрекетін жүзеге асыратындар көбейген. Міне, осындай мессенджер арқылы Тараз қаласының тұрғыны 4,5 миллион теңгені қолды қылған. Жамбыл облыстық  Полиция департаментіне Тараз, Алматы, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларынан  17 бірдей  азамат шағымданып келген. Олар арыздарында белгісіз әйел «Байлық секторы» және «777» топтары арқылы салынған ақшаларын екі есеге ұлғайтып беруге уәде еткенін айтқан. Ал топқа таныстары мен достарын тартқаны үшін тағы бонустар қосылған. Алғашқыда шын мәнінде бірқатар азаматтар еселенген ақшаға қол жеткізген екен. Алайда топ мүшелерінің сеніміне кіріп, 4,5 миллион теңгені жинаған әйел телефонын сөндіріп, жоқ болып кеткен. Жамбылдық полицейлер осы арыз негізінде 50 жастар Тараз қаласының тұрғынын қолға түсірді. Күдіктінің үстінен ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық»  бойынша  сотқа дейінгі тергеу амалдары  басталды. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Полиция департаментінің қызметкерлері  осы әйелдің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар  болса, департаментке  хабарласу қажеттігін ескертеді.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы