Швейцария президенті Қазақстанға келеді
Швейцария президенті Қазақстанға келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға 21-22 қарашада Швейцария Конфедерациясының президенті – Қаржы министрі Ули Маурер ресми сапармен келеді.

 Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.

«22 қарашада мемлекет басшылары Ақорда резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді деп жоспарланған. Швейцариялық делегацияның құрамында бизнес өкілдері де болады», - деп жазды Берік Уәли. 

Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланады. Сапар аясында Ули Маурер Қазақстан Үкіметінің басшылығымен кездеседі және екі елдің іскерлік топтарының қатысуымен өтетін дөңгелек үстелде сөз сөйлейді деп жоспарлануда.