Жануарларға жуа жақпады
Жануарларға жуа жақпады

Атырау облысында сиырлар қырылып қалды. Алдын ала деректер бойынша олар жуаға тойып алыпты. Төтенше оқиға облыстағы Индер ауданында болды. Сондағы Жарсуат ауылының тұрғындары малының жайрап жатқан үстінен түскен.

«Жүргізілген сараптама нәтижелері көр­сет­кендей, ірі қара мал жуаны шектен тыс көп жегендіктен қырылған» деп түсіндірді Атырау облысының ком­муникация қызметі. Индер ау­данының ветеринарлық инспекция және вете­ринарлық станса мамандары мал өлекселерін ереже сәйкес сойып, сынама алды. «Тексеру кезінде анықталғанындай, ірі қара мал алқапта қалған жуаны тым көп жегеннен зардап шеккен. Бұл жануарлардың ас қорыту жүйесі жұ­мысының бұзылуына және малдың өлуіне соқ­­тырған. Бұл жайында тиісті қорытындыда жазылды. Лабо­раториялық зерттеулер қорытындысы жа­­нуарлардың ішкі құрылысында нитрат, нитрит және алколоид нормаға сай болғанын куәлан­дыр­ды», – дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Салауат Өтеғұлов.  Аудан әкімдігі аудандық прокуратураға және облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына хат жолдап, егістігінен өнімін уақытылы жинамаған жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік шара қолдануды, айыппұл салуды сұрады. Сарапшылардың айтуынша, кейбір егіншілер субсидияланатын ауыл шаруашылығы дақылдары үшін бюджеттен мол демеу қаржы алғаннан кейін егінді жинаусыз қалдырады: субсидия алудың өзі – үлкен табыс. Бұған қоса, мал иелеріне кәсіпкерден шығынды өндірту үшін сотқа шағымдана алатыны түсіндіріліпті. Жалпы, Жарсуат ауылы жанындағы Құрайлы су арнасы маңындағы егістікте 13 сиыр өлексесі та­былған.

Елдос СЕНБАЙ