Қазіргі заманның «Қозы-көрпештері» сұлуы суыса, суицид жасауға бейім тұрады. Осындай кезекті сормаңдайды полицейлер әупірімдеп құтқарып қалды. Полиция Алматыда құтқару операциясының қалай өткенін баяндады.
Дүкендер желісінің сатушысына жауапсыз ғашық болған 21 жастағы жігіт өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты. Кезекті рет бойжеткенге келіп, көңіл білдіріп, қыздан «жоқ» деген жауап алған байғұс ғашығының көзінше сол жұмыс істейтін ғимараттың төбесінен қарғымақ болады. Полицияға кешкі 20.40-та куәгерлерден бір адам шатырдан секіргелі жатыр деген хабар түседі. Оқиға орнына тәртіп сақшылары жедел жетеді. «Түріне қарасаң ер адам, 20-25 жаста. Көп адам жиналыпты. Сондықтан біз еш ойланбастан батыл әрекет етуге бел будық: екі жақтан төбеге көтерілу үшін бөліндік», – дейді Алматы патрульдік полиция полкінің инспекторы Абылайхан Оқас. «Әріптестерім баспалдақпен кетті, мен жарнама тақтайшасы арқылы көтеріле бастадым. Секірмек болған адам менен алыс емес еді», – деді патрульдік полицей Әділбек Өтеұлы. «Баспалдаққа жүгіріп барып, жоғарыға көтерілдім. Алдымен оны алдаусыратып, ойланбаған әрекетті жасамауын өтіндім. Бірақ мен жақындаған сайын жігіт одан әрі секіруге ыңғайлана берді. Сол сәтте шығыс жақтан келген әріптесім оны шап беріп ұстап алып, шатырға қайта сүйреді», – деді полицей Ақберген Төлегенов. «Біз бұл адамды аман-есен жерге түсірдік. Одан бұл әрекетінің мән-жайын сұрадық. Жігіт ғашық қызының өзінен бас тартқанын айтты. Ол тергеу үшін біздің бөлімге жеткізілді», – деді полиция бөлімінің жедел уәкілі Ерасыл Нұрлыбеков.Е.ЕРДЕН