Ресейде қазақ тілі оқытылып жатыр
Ресейде қазақ тілі оқытылып жатыр
5,149
оқылды

«Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ағарту көкжиегін кеңейтуде.

«Отандастар» қоры Ресей Федерациясы Астрахань облысының екі ауданында қазақ тілін оқытатын кабинеттер ашты. «Никита Ысқақов атындағы Семибугорен орта мектебі» муниципалды қазыналық жалпы білім беру мекемесі қазақ тіліне арнап жеке кабинет бөлді. Ол кабинетте қазақтың ұлттық мәдениеті, өнері, әдебиеті, тұрмыстық бұйымдарымен танысуға болады. Қор өкілі Сәби Түйтебеков аталған кабинетке Қазақстаннан арнайы әкелінген сыйлық-Қастерлі қалам кітабын сыйлады. Кабинет Отандастар Қорынан телевизор, бейнекамера, ноутбуктар тәрізді құнды сыйлықтар жеткізілгеннен соң ашылады. Мектеп директоры Римма Сәбитқызы Ибрагимова Қазақстаннан арнайы келген қонақты ыстық ықыласпен қарсы алып, қандастарға қамқорлығы үшін Қор мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алғыс айтты.Екінші кабинет Володар ауданы Калинин ауылында ашылады. Академик Ережеп Мәмбетқазиев атындағы Калинин орта мектебінің директоры Арман Нұрлиевтың айтуынша қазақ тілі кабинеті Қор сыйлаған ең заманауи жабдықтармен жабдықталады.
Астрахань облысында ресми дерек бойынша өмір сүретін 160 мың этникалық қазақтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Мәселен, Калинин ауылы тұрғындарының 99,9 пайызы қазақ. Олар ұлттық салт-дәстүрді сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануда. Қордың аталған ауыл мектебінде қазақ тілі кабинетін ашуы шет елдегі қандастарымызды тарихи отанымен бұрынғыдан да жақындастыратынына сенім мол.