Елімізде 705 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 403 мыңы – жұмысқа қабілетті жастар. Еңбек министрлігінің мәліметінше, соның ішінде 100 мың адам жұмыспен қамтылған. Яғни, жалпы көрсеткіштің 23%-ы нәпақасын тауып отыр. Кез келген мекемеде 2-4% мүмкіндігі шектеулі жанның жұмыс істеуі шарт. Ал елімізде осы жүйе орныққан ба? Мүгедектігі бар тұлғалар нені меңгере алмай жүр? Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін жастар не дейді?
Мүгедектердің назары – кәсіптер атласында
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедек адамдарға арналған кәсіптер атласының дайындалып жатқанын бірнеше рет айтқан-ды. Бұл не үшін керек дерсіз. Мысалы, Алматы облысындағы есту қабілеті төмен жандар қоғамының төрайымы Раушан Бексұлтанқызы аталған тұлғалардың кез келген мекемеде жұмыс істеуге жарамсыз екенін атап өтті. Сондықтан қоғам төрайымы мүгедектерге арналған кәсіптер атласынан үміт күтіп отыр. Осы ретте, министрлік ұсынған дерекке көз жүгіртейік. Жауапты орган биыл мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 701 адамға жеткенін хабарлады. Оның ішінде 391 адам Мемлекеттік басқару академиясының онлайн курсынан өткен. Ал министр айтқан мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметшілердің қатарында кім бар? Арбада отыратын мүгедектердің, есту қабілеті төмен тұлғалардың қатардан табыларын білеміз. Осындайда зағиптар қоғамы мүшелері жұмыс берушілердің өздеріне мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ыңғай танытпайтынын айтады. Мәселен, олар көбіне хатшы, іс жүргізуші, спорт пен мәдениет методисі, шаштараз, аяқкиім жөндеуші, заңгер, теплопедагог, психолог, массажист болып қызмет етеді. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінде ІІІ топтағы көру қабілеті төмен тұлғаларға поштаға курьер болуға мүмкіндік берсе деймін. Мысалы, есту қабілеті төмен, арбаға таңылған азаматтардың Әлеуметтік қамтамасыз ету орталығында, әкімдікте жұмыс істейтінін білемін. Бірақ олар көру қабілеті нашар тұлғаларға сенімсіздікпен қарайды», дейді Алматы облыстық зағиптар қоғамының төрағасы Аликен Әділбекұлы.Бағдарламалардың берері көп
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін бірнеше бағдарлама бар. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы. Осы бағдарлама бойынша биыл 13 мың мүгедек жан жұмысқа орналасқан. Оған қоса, олар кәсіпкерлік негіздерін оқып, кәсіп бастай алады. Мысалы, 2020 жылы 626 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, 830 өтеусіз грант алып, 350-іне шағын несие берілген. Осы орайда, «Даму» қорын да айта кеткен абзал. Бұл қор мүгедек тұлғалардың бизнес-жобаларын іске асыруға көмектеседі. Мәселен, Талдықорғанда Атамекен кәсіпкерлер палатасының бастамасымен есту қабілеті төмен тұлғалар «Бизнес бастау» курсынан өткен. Нәтижесінде, 5 адам қайтарымсыз грант ұтып алған. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 640 мүгедектігі бар азамат қабылдауға келген. Соның 624-і жұмыс тапқан. Назар аударарлығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дені барлық жұмыс берушілер тарапынан ұсынылатын уақытша жұмыс түрлеріне тартылады. Мәселен, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы, әлеуметтік бос жұмыс орындарына жібереді. Мұны елорда әкімдігі растап отыр. Өкініштісі, уақытша жұмыс мерзімі 6 айдан 1 жылға созылады. Мысалы, жұмысқа орналасты деген 624 адамның тек 219-ы тұрақты жұмыс істейді. Егер сіз «Жастар практикасы» арқылы жұмыс сұрап барсаңыз, 6 ай тәжірибеден өтесіз. Әрине, ақысы төленеді. Бірақ осы мерзім ішінде тұрақты жұмысқа тұра алмасаңыз, екінші рет бағдарламаға қатысу мүмкіндігі шектеледі. Қолдау бағдарламаларынан кейінгі игі іс – еңбек жәрмеңкелері. Өйткені «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы жәрмеңкеге жұмыс іздеп келетін мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Мысалы, І топтағы мүгедек Сырым Махамбетұлы өзі тәрізді тұлғаларға мемлекеттен берілетін көмекке дән риза. Оның айтуынша, ол 4 жыл бұрын аяғынан жүре алмай қалған. Бұрын педагогика саласында білімі бар азамат төрт қабырғаға қарап отырудан қорыққан. Сөйтіп, досының жөн сілтеуімен, Халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа тұрған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеу тәртібін бірі білсе, бірі білмес. Мәселен, Сырым Махамбетұлы 1 апта күндізгі ауысымда қызмет етсе, келесі апта түстен кейін жұмысқа барады. Әрі жұмыс істеу уақыты 4-5 сағаттан аспайды. Өйткені оларға 4 сағаттан астам уақыт арбада отыру қиындық тудырады. Қаладағы қоғамдастық төрағасы Роза Хаджахметқызының атсалысуымен мүгедектерді инватакси жұмысқа апарып, алып келеді.«Олардың 52%-ы компьютер жұмысынан хабарсыз»
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған орталықтармен хабарласқанда, бірнеше мәселенің барына көзіміз жетті. Мәселен, министрлік те, жұмыспен қамту орталықтары да мүгедек тұлғалардың IT саласында жұмыс істейтінін айтады. ITeachMе қоғамдық қорының директоры Захира Оңғарбайқызының айтуынша, биыл мүмкіндігі шектеулі жандардан цифрлы технология жайында сауалнама алған. Сауалнамаға қатысқан 700 адамның 52%-ы компьютерді сауатты пайдалануды білмейтінін көрсеткен. «Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың 68%-ы IT саласында жұмыс істегісі келетінін жазған. Олар да ел қатарлы табыс тапқысы келеді. Бірақ арнайы білімі жоқ. Білім жайын не үшін қозғадым? Өйткені біз 200 компаниядан сауалнама алдық. Аталған жұмыс берушілердің 80%-ы мүгедек азаматтың сапалы білімі болса, тәжірибеден өткізуге дайын. Әрі олар білімді тұлғаларды цифрлы сауатты болуға үйретеміз деп отыр. Алайда мемлекет тарапынан компанияларға мүгедектерді қосымша даярлауға қаржы бөлінсе жақсы болар еді»,– дейді Захира Оңғарбайқызы. Қоғамдық қор төрағасының мұндай мәселені мінберде көтеруіне себеп бар. Өйткені IteachMе орталығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға IT технологияның қыр-сырын үйретеді. Мысалы, биыл оларға аталған тұлғалардан 1 000 өтініш келіп түскен. Бірақ қор тек 200 мүгедек тұлғаны оқытқан. Сондықтан қоғамдық қор директоры Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен IT саласын мүгедектердің меңгеруіне жағдай жасауын сұрап отыр. Өйткені осындай жерде білім алған мүмкіндігі шектеулі жандарды отандық 20 IT компания тәжірибеден өткізіп, жұмыспен қамтуға дайын.Зағиптар 5 млн құрал жасаған
Жоғарыда атап өткендей, мүгедек азаматтарға жұмыс істегеннің пайдасы мол. Мәселен, Тараздағы шағын зауыт 50-ге жуық зағипты жұмыспен қамтып отыр. Әрі карантиннің арқасында зауыт 5 млн кір қыстыратын құрал жасап шығарған. Қытайға қарай сауда жолы жабылуына орай, зағиптардың еңбегі жанған. Одан бөлек, түрлі қорап жасап, тігін цехын іске қосқан. Тараздағы қоғамдық қордың жетекшісі Бақыт Үмбетқұлов басқа да кәсіпорындардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарды барынша қолдағанын қалайды. «Оларға кәсіптің қағидасын үйретсең, өнімді еңбек етуге барын салады»,– дейді қор жетекшісі. Қысқасы, мүмкіндігі шектеулі жандар ыңғайы келсе, диплом алуды көздейді. Мұның аспаптарды еркін меңгерген мүгедек азаматтарға да қатысы бар. Мәселен, олар домбыраның құлағында ойнаса да, музыка мектептері «нота білмейді, көрмейді» деп құжаттарын алмайды. Сондықтан зағиптар мемлекеттен инклюзивті білім берудің аясын кеңейтуді сұрап отыр. «Зағиптардың арасында қаншама талантты азаматтар бар. Олар өздері сияқты жастарға аспапта ойнауды үйрете алар еді», – дейді Аликен Әділбекұлы.