«Қайрат» 16 жылдан соң «оралды»
«Қайрат» 16 жылдан соң «оралды»
134
оқылды

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы аяқталды. Карантиннің ке­сірінен екі рет тоқтатылып, екі рет қай­та жалғасқан чемпионат әдеттегі­дей үш айналым емес, қос айналым қорытындысы бойынша тәмамдалды.

Иә, бұл маусым алдыңғы маусымдардай емес, мүлдем өзгеше өрбіді. Ойындардың бәрі – бір қалада, яғни Алматы шаһарында өтті. Осыған орай жанкүйерлер ішкі біріншілікке АПЛ (Алматы Премьер-лигасы) деген жаңа айдар тақты. Спорт сарапшылары да бұл маусымды кейінгі 6 жылдағы ең әлсіз доп додасы деп атады. Оның бірнеше себебі бар. Соңғы 5 жылда алғаш рет бірде-бір команда еурокубоктық ойындардың топтық кезеңіне өте алмады. ҚПЛ тарихында бірінші рет матчтар көрерменсіз өтті. Әрі біріншілік ойындары бір жерде өткен еуропадағы жалғыз чем­пионат атандық. Тағы бір ел күтпеген нәтиже, биыл чемпиондық атақ Алматының «Қайратына» бұйырды. Ал қостанайлық «Тобыл» күміс, елордалық «Астана» қола жүлдегер атанды. Премьер лиганың дебютанты ақтаулық «Каспий» командасы ҚПЛ-дағы орнын сақ­тап қалды. Көкшенің «Оқжетпесі» ке­лер жылы Бірінші лигада өнер көрсетеді. Тур­нирлік кестеде төртінші орында тұрған «Шахтер» ойыншылары соңғы турда «То­былды» жеңіп, Еуропа лигасына берілетін жолдамаға ие болды. Бесінші сатыға жай­ғасқан «Ордабасы» қомақты бюджетімен, қаптаған легионерлерімен ішкі бірін­шілікте түк те бітіре алмады. Осылайша каран­тиндегі доп додасы түрлі қызықтар­мен есте қалды. Қайрат Боранбаев басқаратын «Қай­рат» футбол клубы араға 16 жыл салып Қа­зақстан Премьер-лигасының чемпионы атағына қол жеткізді. Өз тарихында үшінші рет алтыннан алқа тақты. Бұған дейін 1992 және 2004 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ «Қайрат» командасы биыл ең нәтижелі клуб (48 гол) атанды. Абат Айымбетов пен Вагнер Лавтың көп голы алматылық ұжымды жеңіске жетеледі. Жүлдесіз қалған «Ордабасының» шабуыл­шысы Жао Пауло 12 голымен чемпионат­тың үздік сұрмергені атағына ие болды. Григорий Бабаян «Ордабасыдан» 2 есе аз бюджеті бар «Тобылды» бұрынғы деңгейіне қайта көтерді. «Каспий» жаттықтырушысы Срджан Благоевич те ақтаулық клубтың тіз­гінін ұстағалы бері команда ойыны жан­данып шыға келді. Турнир кестесінде 8-9-10 орындарға жайғасқан «Тараз», «Қызыл­жар», «Каспий» биыл қазақстандық жас фут­болшыларға мүмкіндік беріп, өзіміздің фут­болшылардың да легионерлерден кем түс­пейтінін дәлелдеді. Бірінші лигадан «Ақ­төбе» мен «Атырау» оралды. Келесі жылы чемпионатта енді батыс өңірінен үш команда сынға түседі. Ең өкініштісі, «Ертіс» командасының чемпионаттан ерте шығып қалуы болды. Қайрат Өз кезегінде спорт журналисі Айбар Рысдәулет 2020 жыл қазақ футболы үшін сәтсіз жылдардың бірі болғанын айтты. – Биылғы ел чемпионаты барлық жағынан алып қарағанда өзгеше болды. Оның ішінде, «Қайраттың» 6 жылға созыл­ған «Астананың» гегемониясын тоқтат­қанын атап өтпеуге болмас. Шпилевскийдің жаттықтырған командасы әдемі ойын өрнегін көрсетіп, нағыз чемпиондық ұжымға айнала білді. Ал «Астана» биыл жан­күйер күткен нәтижені де, ойынды да көр­сете алмады. Бұған түрлі себеп бар. Алай­да тым құрығанда «Қайратқа» бәсеке­лес бола алмағаны өкінішті. Көптен бері жүлдеге таласып жүрген «Тобыл» күміске қол созды. Ал біраз уақыт құлдырауда болған «Шахтер» соңғы сәтте «Ордабасы­дан» оза шауып, еурокубоктың жолдама­сына ие болды. Мұны ешкім күткен де жоқ. Жалпы, 2020 жыл қазақ футболы үшін сәт­сіз болды. Ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы сүреңсіз ойыны, клубтары­мыз­дың еурокубоктағы сәтсіздігі, әйелдер мен жастар құрамаларынан да жақсы нә­тиже көре алмадық, – дейді ол. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы­ның қатысуымен клуб басшыларымен кездесу өтеді деп күтілуде.  Онда келесі маусымға арналған қазақстандық спорт клубтарының бюджеттері қайта қарал­мақшы. Goalkz.kz-тің хабарлауынша, футбол клубтарын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жалғаса береді, бірақ барлық клубтың бюджеті 30%-дан 70%-ға дейін қысқартылады. Жуырда қызыл­ордалық «Қайсардың» қаржыландыруы 50%-ға қысқарды. Яғни, клубтың келесі маусымға арналған бюджеті 1,6 млрд теңге болды. Бұл биылғыдан 2 есе аз сома. Сондай-ақ клубты келесі маусымда жергілікті маман жаттықтыратын болды. – Қазіргі уақытта жаттықтырушылық қызметке үш үміткер бар. Атап айтқанда, бұған дейін «Қайсардың» аналитикалық жаттықтырушысы болған Қанат Шерім­бетов, «Байқоңырдың» бас бапкері Ерлан Шойтымов пен жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаев. Біз осы үш жаттық­тырушының жұмыс жоспарын анықтап, лайық­тысын жауапты қызметке тағайын­даймыз. Жергілікті мамандар команданы Премьер-лигадағы ең жақсы нәтижеге жет­кізетініне сенімдімін, – дейді Қызыл­орда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов. Не де болса, келер жылы Қазақстан Премьер-лигасын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Қомақты бюджетімен жақсы нәтиже көрсете алмай жүрген отандық клубтар қаржыны қысқартса қалай өнер көрсетері біз үшін де қызық. Ал УЕФА келесі маусымда үшінші Еуропа кубогін бастағалы отыр. Яғни, 2021/22 маусымынан бастап еуропалық жарыстардың құрылымы түбегейлі өзгереді. Өзгерістер Чемпиондар лигасына әсер етпейді, бірақ Еуропа лигасының топтық кезеңі 16 командаға қысқарады және үшінші еуропалық жарыс – Конференция Лигасы пайда болады. Есесіне, қазақстандық клубтар бұдан былай Еуропа лигасында оңайлықпен ойнай алмайды. Аталған лига қазіргіден әлдеқайда жоғары мәртебелі турнирге айналады. Оған тек УЕФА рейтингіндегі үздік 15 елдің өкілі ғана қатысады. (Қазақ­стан 24-орында). Алайда ел чем­пионы «Қайрат» егер Чемпиондар лигасы­ның плей-офф кезеңіне өтіп, онда қар­сы­ласынан жеңілсе, бірден Еуропа лига­сы­ның топтық кезеңіне түседі. Ал өзге 2-3 орын­ға ие болған қазақстандық командалар жаңа турнирде бақ сынайды. Қызықтың көкесі 2021 жылы болатын секілді. Алда маусымаралық үзіліс, сосын жаңа жылдан кейін жаңа маусым қайтадан басталады. Чемпионаттың нақты қай кезде басталатыны да жақын күндері белгілі болып қалар. Жаңа чемпионның анық­талуымен, жаңа турнирдің пайда болуымен алдағы біріншілік те қыза түспек.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ