Бұдан былай лауазымды шенеуніктер бір қызметті 8 жылдан артық атқара алмайды  
Бұдан былай лауазымды шенеуніктер бір қызметті 8 жылдан артық атқара алмайды  
636
оқылды

Жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілетін қағида талаптарына саяси қызметшілердің де ротациясы енгізіліп отыр.

Бұл туралы брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ерлан Ермаханбетов айтты. Оның айтуынша, саяси және «А» корпусының қызметшілері өз лауазымдарына тағайындалған күнінен бастап төрт жылдан кейін ротациялауға жатады. Бұл ретте, уәкілетті адамның (органның) шешімі бойынша мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Одан әрі осы мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімін ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен тағы екі жылға ұзартуға жол беріледі.

Яғни, саяси және «А» корпусының қызметшісі бір лауазымды жалпы алғанда сегіз жылдан артық атқара алмайды.

Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап әртүрлі өңірде, республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін облыс әкімдігінің басқарма басшыларын бір-бірінің орнына тағайындауға рұқсат беріледі.

Бұл ретте «Б» корпусының қызметшісі өз лауазымына тағайындалған күнінен бастап үш жылдан кейін ротацияланады. Кейін қызметшінің лауазымында болу мерзімін Ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартылады.