Кірпіш зауытында жұмыс істеген 14 жастағы бала саусағынан айырылды
Кірпіш зауытында жұмыс істеген 14 жастағы бала саусағынан айырылды

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы кірпіш зауытында 14 жастағы жеткіншек қатарластарымен көрші ауылдағы зауытта жалданып жұмыс істеген.

Сол жерде кесек үгітетін станоктың арасында қолы қыстырылып, білегінен төмен түгел жұлып кетіпті. 9-сынып оқушысы қолынан айырылғалы төсек тартып жатыр. Жеткіншектің айтуынша, қазан айының басында достары келіп, көрші Бадам ауылындағы кірпіш зауытына жұмыс істеуге шақырыпты. «Сөйтіп күніне 3-4 мың табамыз» деп жүргенде оқыс жағдайға тап болған.

Оқушы Ерасыл Жұмабек: «Кетіп бара жатқаным сол еді, кірді де, қолымды айналдырып жатыр, айналдырып жатыр. Сол кезде мына жағымды үзіп тастайды деп ойладым. Тартып қалып едім, саусақтарым бәрі жоқ боп кетті. Ішіндегі еті ағып кеткен», – дейді.

Жалданып жұмысқа кеткенін Ерасыл әке-шешесіне айтпаған. Сенбі, жексенбі күні таңертең «достарыма кеттім» деп Гүлмира есімді ауылдағы зауыт пен оқушылар арасындағы делдал әйелге барған. Жалпы, Шұбарсу ауылы оқушыларының өндіріс орындарында жалдануы қалыпты жағдай көрінеді. Топырақ тастап тұрған жеткіншек байқаусызда қара лентаның үстіне құлайды. Сөйтіп, оның қолы топырақты үгітіп жатқан станок арасында қалып кеткен.

«Сервисцентр-2007» зауытының басшылығы Ерасылдың анасына хабарласып: «500 мың теңге ал да, арызды доғар, деген екен. «Әйтпесе полиция мен сотты да сатып алам» деп доқ көрсетіпті.

Ал екі ай бұрын жазылған арыздан нәтиже шығара алмаған жеткіншектің ата-анасы енді күмәнданып отыр. Тергеу басталған.

Ерасылдың анасы Тұрсынай Әбутәліпова «Ең болмаса сапалы протез қойып, ем-домына қаржы берсе екен» дейді.