Алматыда инвестиция көлемі артты
Алматыда инвестиция көлемі артты

Жаһанды тығырыққа тіреген індетті еңсерудегі тәжірибелерімен бөліскен сарапшылар келер жылдың соңына дейін әлемдегі жағдай тұрақталады деп болжап отыр.

«Экономиканың қалпына келуі келесі жылы 5 пайызға бағаланады. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін жаһандық экономика пандемияға дейінгі, яғни 2019 жылғы деңгейге көтеріледі деп болжануда. Сондай-ақ, вакциналардың тұтас сериясы осы жылдың соңына дейін пайда болмақ. Әлемдік экономиканың түзелуі, Қазақстан тенденциясына да оң әсер етпек», –  деді  АҚШ Сауда палатасының директоры Дорис Брэдбури.

Карантин кезінде байланыс және ІТ-технологиялар саласының қызметіне сұраныстың едәуір артқаны белгілі. Нәтижесінде, бұл сала қарқынды дамып, оған қомақты инвестиция тарту қажеттілігі туындаған.

«Біз өңірлік ХАБ-тарды қолдауға тиіспіз. Сондықтан Астана ХАБ-ынан қаржылай қолдауды Қарағандыға және тағы екі өңірге бөлдік. Сондай-ақ, Астанада IT саласының өкілдерін екі жыл ішінде нарыққа дайын маман етіп даярлайтын арнайы мектептер ашылуда. Ол универститеттік білім беруге қосымша дайындық болмақ. Жалпы, бүгінгі таңда технопарк алаңында стартаптарға шамамен 20 миллиард теңге қаржы тартылды», –  деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Пандемия және карантиндік шектеу шараларына қарамастан биыл Алматыда инвестиция көлемі артқан. Мәселен, соңғы 10 айда 719 миллиард теңге қаржы құйылған. Оның 65 пайызы инвесторлардың қалтасынан шыққан. Бұл жолы шетелдік бизнесмендер қаражаттың басым бөлігін жылжымайтын мүлік нарығына бағыттамақ. Жыл соңына дейін тағы 176 миллиард теңге болатын 90 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Оның 15-і ірі саналады. Ал оны іске асыру барысында 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады.