Телефон арқылы қарияның өмірін құтқарып қалды
Телефон арқылы қарияның өмірін құтқарып қалды

Ас қалдығы зейнеткердің өңешіне тұрып, бір сәтте  тұншыға  бастаған.  Туыстары бірден жедел жәрдем шақыртқанымен медицина мамандары жекенше қарияның өміріне қауіп төнген. Осы сәтте  жедел жәрдем диспетчері Алтыншаш Ізбасарова жағдайды өз қолына алып, телефон арқылы тұрғынның өмірін аман алып қалды.

Ол телефонмен  зардап шеккен адамның туыстарына көмек жеткенше не істеу керек екенін айта отырып, науқастың тыныс жолдарының ашылуына көмектескен. Маманның нұсқамасымен  жақындары реанимациялық шараларды дұрыс жасай білген. Соның арқасында қарияның демі ашылып,  6 минутта жеткен құтқару тобы әрмен қарай  медициналық көмек көрсеткен.

«Қарияны құтқаруда туған-туыстарына кеңес беріп жатып, қобалжуға жол бермеуге тырыстым. Өйткені әрбір минут сол сәтте өте маңызды еді. Көмегім тиіп, қарияның тынысы ашылғанда  қатты қуандым. Диспетчер болып жұмыс істеп жүргеніме  35 жылдан асты. Әр шақырту адам өмірін құтқаруда  аса маңызды екенін түсінемін. Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етеді»,- дейді Алтыншаш  Ізбасарова.

Ал ажалдан аман қалған қарияның жақындары Алтыншаш пен медицина мамандарына алғысын жаудыруда. Жалпы бүгінгі таңда Жамбыл облыстық жедел жәрдем стансасында 44 дәрігер мен 900 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың барлығы  тұрақты түрде реанимация негіздері туралы білімдерін жетілдіріп отырады. Міне, осы біліктілікті арттыру курсы бүгін бір адамның өмірін құтқарып қалды.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы