Жаһандық байланысты қамтамасыз етуді мақсат еткен OneWeb әлемдік коммуникациялық желісі «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Бұл туралы АХҚО баспасөз қызметі хабарлады. Меморандумға АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен OneWeb Бас директоры Адриан Штекель Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумы кезінде қол қойды. Олар OneWeb пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға жәрдемдесу жөнінде OneWeb-тің рөлін және басқа да бастамаларды талқылады. Меморандум шеңберінде Қазақстанда кең жолақты жоғарғы жылдамдықтағы спутниктік байланысын ұсынудан бастап, бүкіл Орталық Азия бойынша OneWeb байланыс қызметтерін көрсетуді қолдау үшін елде техникалық торап құрылмақ. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бағыттарының бірі – 2022 жылға қарай Қазақстан Республикасы бойынша кең жолақты жоғарғы жылдамдықтағы интернетті бүкіл халыққа қолжетімді ету. Осылайша цифрлық технологиялардың көмегімен тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарта отырып, ел экономикасын дамытуға ықпал етеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы, сондай-ақ елдің телекоммуникациялық желілерін кеңейтуге мүмкіндік береді әрі шалғай жатқан 6600 елдімекенді жерсерік арқылы интернетке қосады. Осы ретте OneWeb Қазақстанның мектептері мен ауруханалары, басқа да кәсіпорындарында, жеке және мемлекеттік секторларда «талшық тәрізді» кең жолақты жоғарғы жылдамдықтағы байланыспен қамтамасыз ету үшін жергілікті байланыс операторларын дистрибуция бойынша серіктес ретінде шақырады. Сондай-ақ, Қазақстанның қолданыстағы ғарыш инфрақұрылымы шеңберінде бүкіл Орталық Азия аймағына қызмет көрсететін Техникалық орталық ашуды қарастырып отыр. OneWeb Орталық Азиядағы Техникалық орталықтың жұмысы үшін АХҚО құзыретінде бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастырады. 2019 жылдың ақпан айының соңында OneWeb төменгі Жер маңы орбитасының бірінші легін сәтті іске қосты. Келесісін Байқоңыр ғарыш айлағынан 2020 жылдың ақпан айында ұшыру жоспарланған. Бұл жүйелі түрде 30 спутниктің бір мезетте ұшырылуын, осылайша OneWeb-тің 650 жерсеріктен тұратын жүйесінің бастау алғанын меңзейді. Әрі қарай қосымша жүктемені қамтамасыз ететін легі жалғасын табады. Тұмар МЫРЗА