Еңбек құқығы қорғалады

Еңбек құқығы қорғалады

Алматы облыстық мәсли­хатындағы «Nur Otan» пар­тия­сы депутаттық фракция­сы­ның отырысы өтті. Оған об­лыс­тық мәслихат депу­тат­тары қа­тыс­ты. Жиынның күн тәртібінде еңбек құқығын қорғау және аза­маттардың әлеуметтік ке­піл­демелері бойынша кәсіп­одақ мүше­лерімен талқылау мәселесі қаралды.

Басқосуды Алматы облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» пар­тиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жанболат Жөргенбаев кіріспе сөзімен ашты. Әрі қарай Ал­маты облысының еңбек инспек­циясы бойынша басқарма бас­шы­сының орынбасары, партия мүшесі Әділбек Далбағаев еңбек заңна­ма­сының сақталуын бақылау бо­йын­ша баяндама жасады. – 2020 жылдың басынан мем­лекеттік еңбек инспекторлары жа­лақыға қарыздары бар меке­ме­лер мен кәсіпорындардың 509 қызметкерлері алдында 42,7 млн теңге жалақы қарыздары барын анықтады. Аталған мекемелердің басшыларына еңбек заңнамасы талабын жою мақсатында нұсқама беріліп, 1,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Нәтижесінде, 509 қыз­меткердің құқығы қор­ғалды. Биыл бас­қармаға 600-ден астам арыз-шағым түсіп, оған тиісті жауаптар жолданды, – деді Әділбек Егеубекұлы. Ол сонымен қатар еңбек дауларын, жалақы бойынша берешекті, қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Келесі кезекте Алматы облы­сының кәсіподақ орталығы аумақ­тық кәсіподақтар бірлестігінің тө­рағасы Әсет Қыдырманов ме­кемелердегі еңбек ұжымдарын кә­сіп­одақ қозғалысына тарту, жаңа­дан бастауыш кәсіподақ ұйым­дарын құру, жұмыс істеп жат­қан кәсіподақтардың қызметін рет­ке келтіру бойынша жұмыс­тар­ды көпшілік назарына ұсынды. – «Алматы облысының кәсіп­одақтар орталығы» аумақтық кә­сіподақтар бірлестігінің құрамына салалық кәсіподақтардың 12 об­лыс­тық филиалы кіреді. Мұнда 69 мыңнан астам адам мүшелікке өткен, 673 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Орталық құрылғаннан бері 29 рет үйлестіру кеңесі өт­кізілді. Бұл отырыстарда кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеумет­тік-экономикаға байланысты маңызды сұрақтары қаралып, ше­шім қабылданды. Алматы облысы әкімдігі, «Атамекен» Алматы об­лы­сының кәсіпкерлер палатасы, Ал­маты облысының кәсіподақтар арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған «Үшжақты келісімге» сәй­кес бекітілген іс-шаралар жос­пары бойынша жұмыстар жалғасын табуда, – деді Әсет Серікқалиұлы. Сөз арасында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ал­маты облыстық ұйымы көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал от­ба­сыларды, барлығы 800 мыңнан астам қаржыға 110 отбасына азық-түлік себеттерімен қамтамасыз еткенін де айтты. Сондай-ақ өңір бойынша 25 мың медициналық бет­перде таратылып, Алматы об­лы­сында қабылданған төтенше жағдайға байланысты құрылған Birgemiz Jetisy қоғамдық қордың есепшотына біркүндік еңбек­ақы­ның 242 мың теңгеден астамы ау­да­рылғанына ерекше тоқталып өтті. Жиынды қорытындылаған Жанболат Әкебайұлы еңбек құ­қығын қорғау бойынша жұмыстар әрі қарай жалғаса беретінін жет­кізді.

Әбілмансұр ЖАСАН