Жиынға қатысушы азаматтар қоғамдық жұмыстарға араласу, жеке кәсіппен айналысу және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған ұсыныстарын айтып, тақырып аясындағы пікірлерін ортаға салды. Кездесуде «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов қала көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін негізгі көмектерге тоқталып, оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлы өмір сүруі үшін олардың ұсыныс-пікірлері әрқашан назарға алынуы тиіс. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – осы. «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына және «Кедергісіз келешек» жобасына сәйкес, жыл басынан бері қала және қалаға қарасты ауылдық округтерде тұратын жандарға тиесілі жан-жақты көмек көрсетілуде, – деді Шәріп Әбдірахманов. Атаулы күн қарсаңында өткен кездесуге қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндіктер мен қолдауларды, қоғам тарапынан көрсетілетін негізгі қамқорлық бағыттағы жұмыстарды жоғары деңгейде деп бағалады. Жиында сөз алғандар мүмкіндігі шектеулі жандарға тиесілі мәселелерді назардан тыс қалдырмай, қол ұшын созып жүргендерге алғысын жеткізді. Сондай-ақ кездесуге келгендер қайсар жандарға тілектестігін білдірді. Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен «Халықаралық мүгедектер күні» 1992 жылдан бастап атап өтілуде. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға баса назар аударуды мақсат етеді. Мәселен, Қызылорда қаласында мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту шараларын жүзеге асыру бойынша қаланың ауылдық округтері мен кенттерінде аула клубтары, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпараттық-технологиялық сауаттылығын ашу мақсатында шағын компьютерлік орталықтар өз жұмысын жалғастыруда. Айта кетерлігі, Қызылорда қаласы бойынша жалпы мүгедектер саны – 12 645 адам, оның ішінде 1, 2-топ – 6 202, 3-топ – 4 167 және 2 276 – мүгедек балалар.Әбілмансұр ЖАСАН