Қару бар жерде қауіп бар
Қару бар жерде қауіп бар
156
оқылды

Таяуда тапанша, шокер, авто­матпен мұздай қарула­нып, «Ас­тана біздікі» деп ұран­датқан 24 жас­тағы жігіт ұс­талды. Көлікті тізгін­деген жүргізуші мен түсірген адам да тұтқындалды. Тәртіп сақ­шы­­лары видеоның шамамен 1 ай бұ­рын таспаға тартыл­ғанын ай­тады. Олар 30 күн­де не бүлдірді – беймәлім. Қазір Қылмыстық кодексінің 287-бабы «Қаруды, оқ-дә­рiлердi, жа­рыл­ғыш зат­тар­ды және жары­лыс құрыл­ғыларын заңсыз ием­дену, беру, өткiзу, сақтау, тасы­малд­ау не­месе алып жүру» бойын­ша сотқа дейінгі тер­геу амалы жүргізіліп жатыр.

Күдіктілер қаруды қайдан алды? Ашықтан-ашық кө­лік­­пен тасып жүретін нет­кен жүрек­жұтқандық? Қадағалай­тын орын­дар қайда қарап отыр? Жа­райды, бұлар өз абай­сыз­ды­ғынан тұтылған «ақылсыз» жастар делік. Ал көпшілікке көл­беңдетіп көрсетпей, үнде­мей жүріп үлкен қылмыс жасай­тындар қаншама?

Аңшы дүкендеріне барсаңыз, қарудың сан түрі самсап тұр. Ел арасында бесатар, екіатар тапаншаларға сұраныс баршы­лық екен. Ал газды тапаншалар 1990 жылдары сәнде болған. Алайда Қазақстанда қару са­тып алудың әуре-сарсаңы көп. Қаншама құжат жинау қа­­­­жет. Сатып алған соң сақ­тау да қиын. Талаптары бас­тан асады. Азаматтар тиісті орын­ға тұрғылықты жері бо­йын­­ша қару иеленуге қар­сылық жоқ­­тығы жөнінде меди­ци­на­­лық қорытынды апаруы ке­рек. Қаруды қауіпсіз пай­да­­ла­ну ережесі туралы толық оқу кур­сы­нан өтеді. Қаруды пай­да­лан­ғаны үшін мемлекеттік баж са­лығын төлейді. Сатып аларда 1 АЕК-тің 50 пайызын, сақтау мен алып жүруге 1 АЕК-тің 50 пайызын, тіркеуге 1 АЕК-нің 10 па­йы­зын қалтасынан шы­ғарады. Содан кейін ішкі істер ме­ке­месіне өтініш жазады. Өті­нішті қару айналымын ба­қы­лау инс­пекторы қарайды.

Ішкі істер министрлігі де жыл сайын миллиондаған қаржы бөліп, мыңдаған атыс қаруын тұрғындардан сатып алады. Мемлекет әр қаруға, оның түріне байланысты 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін сыйақы төлейді. Әрине, тарихы таза болса ғана. Полицейлер ол қаруды мұқият сараптайды, тексереді, жояды. Бүкіл жұмыс бейнекамераға түсіріледі. Жалпы, 9 жыл­да заңсыз айналымнан 13 мың­нан астам қару тәркіленсе, 47 мың­ға жуығын халық өз еркі­мен тапсырған. Ішкі істер ми­нистр­лігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары атыс қаруымен, жарылғыш заттар­мен жасалатын қылмыстар күрт азайған. Әсі­ресе, соңғы 5 жылда бұл көрсет­кіш екі есе тө­мен­деген.

Дұрыс-ақ. Алайда осындай қатаң шараға қарамастан, атыс қаруы бейбіт күнде талайдың өмірін жалмап жатыр. Ара-тұра жастар көшеде бір-бірімен атысып-шабысып, жұрттың үрейін ұшырады. Қасақана қа­ру кезенетіндер ғана емес, оқ­талған мылтықпен ойна­ғандар да кісі өліміне себепкер болады. Мысалы, былтыр оралдық оқу­шы сыныптасын абайсызда жарақаттап, жасөспірім кеу­десіне тиген оқтан қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін Алматы об­лы­сында 6 жасар бала мыл­тықпен ойнап отырып, 2 жасар бауырын атып жіберген. Оқ бүл­­дір­шіннің қолына тиіп, ауыр жара­ланған. Өскемендегі оқиға да еріксіз ойландырады. Жоғары сынып оқушысы спортзалдың киінетін бөлмесінде бұрышты баллоннан газ шашқан. Салдарынан 9 оқушы зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.

Ал қара нарықтағы қару-жарақ­тың жартысынан көбі Кеңес Одағы ыдыраған жылдары әскери бөлімнен ұрланған. Қазір қара базарда ТТ мар­калы тапанша шамамен 1 000 доллар, Макаров тапаншасы 100-300 доллар тұрады. Аңшы мылтығы 10 мыңнан 30 мың долларға дейін барады. Атақты Калашников автоматының құны 1 500-2 000 долларға жетіп жығылады. Ал дыбыс шығармайтын шетелдік Глок, CZ-85, Сиг, Вальтер та­пан­шаларының бағасы 3 мың доллардан басталады. Жалпы, ТМД-дағы заңсыз қару сауда­сында жүздеген миллион доллар ақша айналып жүреді.

Ресей, Қытай, Тәжікстан, Ау­ғанстан, Қырғызстан елде­рінен де контрабандалық жолмен қару-жарақ тасымалданады. Қырғызстанның бұ­рынғы пре­зи­денті Құрманбек Бакиев билік­тен қуылғанда Қазақстан аума­ғына 5 мың дана автомат әкелінген деген дерек бар. Ин­тернетте «Қару са­тылады» деген жарнамалар да жаға ұстатады.

Осы арада тағы бір мәселенің құлағы қылтияды. Былтыр Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қапыда қаза тапқан соң қоғам белсенділері қару ұстауға заң жүзінде рұқсат ету мәселесін көтерген еді. «По­ли­ция бізді қорғай алмаса, қо­лымызға қару берсін» деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей есті. Бірақ билік орындары бұған қатысты ұстанымын айқын білдірді. Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов: «Халықта қарудың болуы – қауіпсіздіктің кепілі емес. Біз травматикалық қаруға, газға, атыс, тегіс ұңғылы, иір ойықты қа­рулардың бес данасына дейін рұқсат еттік. Не болды? Трав­маттан көрінген жерде оқ атып, адам өлтіріп жатқанын көрдік. Заңсыз травматикалық қаруды әлі күнге дейін тәркілеп жатырмыз» деді шенеунік.

Айта кетейік, Қазақстанда травма­тикалық қаруға 2015 жыл­­дың басында тыйым са­лын­ған еді. Жаппай «қарусыз­дан­дыруға» мемлекет екі мил­лиард теңге қарастырған. Өз еркімен өткіз­бегендерді рұқсат құжатының бар-жо­ғына қара­мастан қылмыстық жауап­қа тарт­­қан. Қорғану үшін газ та­пан­­шасы мен электр шокерді ғана қал­дырған. Сол кезде қа­зақ­стан­дықтардың пікірі екіге жарылды: бір тарап «мұндай қа­ру өзіңді қорғауға керек» десе, енді бірі «үйде травматикалық қару ұстау қауіпті» деді. Ал тәртіп сақ­шы­лары «қо­ғам тыныштығына өзіміз жауап береміз» деген уәжін алға тартады. Бірақ әр адам­ға бір-бір полицейден бекітіп, 24 сағат бойы бақылай алмай­тыны тағы рас.

«Құдай адамдарды әртүрлі қылып жаратты. Бірақ Кольт келді де, бәрін теңестірді» деген сөз бар. Шынында да, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, үйіне қарақшы түскен тұрғындар құр қолмен, жалаң пышақпен не істейді?

Жаһандық статистиканы салыс­тырсақ, санамыз сан-саққа жүгіреді. Мә­селен, Аустрияда қару-жарақ алуға еш­қандай құжат қажет емес. Ал Жапонияда кез келген қаруға тыйым салын­ған. Ең қызығы, екі елдегі қыл­­мыс деңгейінде бәлендей айыр­машылық байқалмайды. АҚШ-тағы ахуал да солай. Жүйкесі жұқарған біреулер жұртты топ-тобымен қырып тас­тайды деп естиміз. Алайда сандар басқаша сайрайды. Әлемдегі 1 миллиардқа жуық қарудың 58 пайы­зы бейбіт тұрғындардың, 42 пайызы әскери ведомстволар мен әскерилердің иелігінде екен. 2017 жылы Small Arms Survey тәуелсіз ғылыми орталығы түз­ген дүниежүзілік рейтингте АҚШ 393 347 000 қарумен 1-орында тұр. Ал Қазақстан 504 000 азаматтық қарумен 155-орынға жайғасқан. Солай десек те, қаруға шектеуі шамалы Америкадағы кісі өлтіру дерегі Қазақстаннан сәл ғана жоғары. Қысқасы, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әр мемлекет өзі шешеді.

Орыс жазушысы Антон Чехов: «Сахнада ілулі тұрған мыл­тық спектакль біткенше атылмай қоймайды» деген екен. Ал қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли:

«Мен атсам, адамды емес, аспанға атам,
Басқалар мылтығымның барын біл­сін», – дейді. Бір білеріміз, заңды бол­­сын, заңсыз болсын, қарудың аты – қару. Жансыз, тілсіз, меңіреу темір­де жазық жоқ. Кім ұстаса, соның құра­лы­на айналады. Әйтеуір жаңағыдай бас­бұ­зарлардың қолына түспесін деп тілейік.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ