Рейдерлікпен күресті күшейтпек

Рейдерлікпен күресті күшейтпек

Кәсіпкерлер ісіне араласқаны, рейдерлік жасағаны үшін жазаны күшейту ұсынылды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен жоғарғы палатада «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.

Сенат басшысы отандық биз­нестің маңызды мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, соң­ғы жылдары шағын және орта бизнесте белсенді нысандар саны артып келеді. Бірақ соған қара­мастан қазақстандық шағын кә­сіпорындар қызметінің негізгі саласы сауда ғана болып қалуда. Көптеген бизнес субъектілері кө­леңкеде жұмыс істеуге бет бұр­ған. Орта бизнес нысанда­рының саны қысқаруда. Сенат Төрағасы банктердің шағын және орта бизнеске несие беруді азайтқанын, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақ­параттық-түсіндіру жұмыстары деңгейінің төмендігін және ұлт­тық компаниялардағы сатып алу­­ға кәсіпкерлер үшін қол­же­тімді бол­май отырғанын және басқа да проблемалар туралы айтты. М.Әшімбаев пандемия ке­зінде елімізде бизнесті қолдау жөнінде қосымша шаралар қа­был­данғанын атап өтті. Сенаторлар тыңдауға дайын­дық барысында Үкіметке шағын және орта бизнес мәселелерін шешуге ықпал етуге арналған бірқатар ұсыныс әзірледі. Олар кәсіпкерлердің қызметіне ара­ласқаны және рейдерлік жаса­ғаны үшін лауазымды тұлғаларға жазаны күшейтуге бағытталған нақты шараларды ұсынды. – Сенаторлар лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлер қыз­метіне араласқаны үшін жауап­кершілікті күшейту шараларын қолдайды. Президент атап өт­кендей, кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы керек. Мемлекет басшысының бұл нұсқауын заң­намаға өзгеріс енгізу арқылы жүзеге асыруға болады. Әкім­шілік құқықбұзушылық және Қыл­мыстық кодекстерге өзге­рістер енгізу көзделуде, – деді М.Әшім­баев. Сөз соңында спикер шағын және орта бизнес саласындағы заңнаманы толық ревизиялау мен жүйелеу қажеттігіне баса назар аударды.

Ерік ЕРДЕН