Экологиялық сананы да орта билейді

Экологиялық сананы да орта билейді

«Сананы тұрмыс билейді». Ертеде коммунизм құрмақ болғандар жиі қол­данатын осы сөз тіркесін нарық жағда­йында «сананы да, адамды да ортасы, ай­наласы билейді» деп өзгертсек, ақи­қаттан алысқа ұзай қоймаспыз

«Сананы тұрмыс билейді». Ертеде коммунизм құрмақ болғандар жиі қол­данатын осы сөз тіркесін нарық жағда­йында «сананы да, адамды да ортасы, ай­наласы билейді» деп өзгертсек, ақи­қаттан алысқа ұзай қоймаспыз. Әсіресе, бұл ұлттық проблемалардың бірі эко­логияға қатысты. Өткен жылдың аяғына таман бір топ әріптестеріміз тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар мәселесін көтеріп, Премьер-Министрге депутат­тық сауал жолдаған еді. Нәтижесі кө­ңілді алаңдататындай, яғни «бұл мәсе­лені тұрақты бақылауда ұстаймыз» деген Үкіметтің сырғытпа жауабы, ал атқары­лып жатқан жалпы сипаттағы жұмыстар заңдарда белгіленген мерзімдерге толық сәйкес келмейді.

Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев экологияны жақсарту, жаңар­тылатын энергия көздерін кеңейту мен пайдалану және табиғатқа ұқыпты қарауды дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруды міндеттесе, азаматтық қоғам өкілдері онлайн қолжетімді экологиялық мониторинг жүйесін енгізу жөнінде мәселе көтеруде.

Жалпы, қоғамның экологиялық проб­лемаларға көңіл бөле бастағанын жақсыға балаған жөн. Олар берекет­сіздікті, қоқысты фотоға, видеоға түсі­ріп, әлеуметтік желілерге жіберіп, та­биғатты, қоршаған ортаны қорғаудағы азаматтық ұстанымын білдіре бастады. 3-4 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша болғанын ескерсек, мұны өркениеттің өлшемі, мәдениетіміздің өскені деп қабылдаған абзал.

Бүгінгі таңда бізде 3 520-ға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар екен, бірақ олардың 17,6 пайызы ғана экологиялық талаптар мен сани­тарлық нормаларға сәйкес келеді. Сон­дай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ 9 мыңнан астам заңсыз үйінділерді фо­тоға түсіріп, анықтаған. Елімізде қал­дықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін (бұйымдарды түгел жасамаса да) 170 кәсіпорын кешені бар, олар за­манауи завод емес.

Жақында ғана Президентіміз Алма­тыға сапарында: Үлкен Алматы көлі, Медеу, басқа да тынығатын орындарда жатқан қоқыстардың үйінділерін қатты сынға алды. Қала төңірегінде 86 қоқыс орнының 55-сі әлі күнге дейін жабыл­маған. Алматы қаласында қоқыс өңдей­тін заманауи завод жоқтығынан 11 па­йыз ғана қалдықтар өңделетінін айтып, жағдайды түзеуді тапсырды.

Көршілес Ресейде жаңартылатын энергия көзінің бірі ретінде қоқысты жағу заводтары салына бастады. Hitachi корпорациясының технологиясын сатып алған «РТ-Инвест» компаниясы 5 завод салып жатыр, тағы 2 завод са­луды жоспарлауда. Әлемде дәл осындай сапалы сүзгілері бар 500 завод қалалар­дың дәл ортасында іске қосылған екен. Қолжетімді озық технологияларды (НДТ) енгізуді жаңа Экологиялық ко­декстің қабылдануын күтпей-ақ жедел­детіп шешпесе, кеш болады.

Бұл салада көршілерден үйренетін көп нәрсе бар. Мысалы, Қытайда же­келеген ұйымдар өз аумақтарында қоқыстарды уақытында жинамаған жағдайда, оны арнайы мекемелер, кәсіпкерлер орындайды. Ал ақысы бірнеше еселенген ақшалай мөлшерде өндіріліп алынады.

Сондай-ақ елде халықтың және бизнестің төлемдерін шоғырландыратын және оларды ҚТҚ-ны жинауға, сұрып­тауға және қайта өңдеуге бағыттайтын арнайы «қоқыс хабтарын» құрып, олар­дың санын арттыруға болар еді. Мұның жобасы мынадай: хабтар қалдықтарды жинаушыларға ақы төлейді, сол арқылы олардың өздері де қалдықтарды заңды полигондарға жеткізуге ынталы болады. Әрине, сұрыпталған қоқыс үшін тариф­тердің жоғары болатыны түсінікті. Мұ­ның пайдасы – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары, жаңа ойлау жүйесі деген сөз.

Біз Үкіметке осындай озық тәжіри­белерді қолдану мүмкіндігін және жал­пы экологияға қатысты өзекті проб­лемаларды шешуде көзделген кешенді іс-шараларды уақыт талабына сәйкес қайта қарап, пысықтауды ұсынамыз.

Үстіміздегі жылғы 16 қазанда өткен жиынымызда Мәжіліс Төрағасы Н.Нығ­ма­тулин мен депутат Қ.Сұлтановтың жа­ңа Экологиялық кодекстің идеоло­гия­сына қатысты «Экология мәселелері – бұл біздің ұлтымыздың болашағының мәселелері, барлық бағыттарда, соның ішінде ұлттық санада, мәдениетте, өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелерінде өзіміз қалыптастыратын мәселелер» деп өте орынды атап көрсетті.

Бұл орайда, қоқыс өндеу саласын реттеумен қатар қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін де көтеру ерекше маңызды деп ойлаймыз. Ал экологиялық сананың деңгейі білім беру мен ағартушылық, үгіт жұмыстарының сапасына байланысты болмақ.

Қоқыстарды бөліп жинауды кеңінен насихаттау қажет. Әлеуметтік роликтерді әзірлеп, БАҚ-та, прайм-тайм-да телеарналар арқылы көрсету, оқушылар, студенттер арасында, кәсіпорындар мен ұйымдарда макулатура, қолданыстан шыққан пластик заттар, электрондық бұйымдар жинау жүйесін енгізсек. Сонымен бірге волонтерлер стадион­дар­да жарыстар өткенде пластик шөл­мек­терді жинау акцияларын өткізсе, оны спорт федерациялары қолдап жатса, тиімді әрі тағылымды шара емес пе? Экологиялық акциялар, экология ай­лықтарын өткізу тек заңды тұлғалар­дың ғана емес, жеке тұлғалардың да актив есебіне жазылып, жинақталған балл жұмысқа орналасу кезінде де, сон­дай-ақ басқа да мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде ескерілуге тиіс. Қо­қысты сұрыптамайтындарға жоғары тариф және оны жаңа әдіспен кәдеге жарататындарға төмендетілген тариф сияқты икемді тарифтерді белгілеу ар­қылы тұрғындарды ынталандыру қажет әрі маңызды. Кейбір сауалнамаларға қа­рағанда, қала тұрғындарының 80 па­йызы қоқысты бөлек жинауға әзір еке­нін білдірген, бұл – қуанарлық жетістік.

Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйым­дарға, мектеп оқушыларына ар­налған экология оқулықтарын және балаларға арналған Қызыл кітап әзірлеп, басып шығарудың да мезгілі жетті деп ойлаймыз.

Жоғарыда айтылғандардың негізін­де, мынадай ұсыныстарды:

– қоқыс жағу, қоқысты түпкілікті өң­деу заводтарын салу, арнайы қоқыс хабтарын құру жөнінде мәселелерді қарауды;

– қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін арттыру жөніндегі мақсатты іс-шараларды қолға алуды және алдағы жарияланған Волонтер жылында қоршаған ортаны қорғауда волонтерлік бастамаларды бағалау жүйесін енгізуді;

– мектепалды мекемелер мен оқу­шы­лар үшін экологияға арналған көр­некі, оқу-әдістемелік құралдарын, танымдық, ғылыми-көпшілік әдебиетті шығаруды жолға қоюды сұраймыз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты