«Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Онда өңірдегі бірқатар келелі мәселелер талқыланды.
Жиынды жүргізген Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Дархан Сақанов партия мүшелеріне қаладағы бірқатар құрылыстың екінші кезеңі аяқталғаны жөнінде айтты. Сонымен қатар комитет отырысында бес көшеге кәріз желілерін орнату жоспарланып отырғаны мәлім болды. Айта кетсек, Сибирская, Хабаровская, Дальневосточная, Сүлейменов және Дерова көшелерінде аталған жұмыстар жақын арада басталатыны хабарланды. Сондай-ақ келесі жылы тағы 17 көшеге кәріз желілерін орнату жұмыстары жоспарға енгізілді. Отырыс кезінде «Dike» ЖШС мердігер компаниясының өз жұмысына салғырт қарағаны анықталды. Соның кесірінен желілерді монтаждау және сорғы стансаларын іске қосу кезінде бірқатар кедергілер кездесіп, қолайсыздық туындаған. Атап айтқанда, сорғылар дұрыс жұмыс істемей, құбырларға қоқыс толып, топырақпен ластанған. Осыған байланысты тиісті орындарға тапсырма беріліп, түйткілді мәселе шешімін тапты. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко қазіргі кезде желілерді тазарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, барлық сорғы стансалары жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бүгінде 60 үй техникалық шарттарды қабылдап, орталық жүйеге қосылған. Тағы 300-ге жуығы техникалық шартты қабылдаған, бірақ қосылу жұмыстарын кейінге қалдырып отыр.Әбілмансұр ЖАСАН