«Оскарға» үміткер отандық фильм
«Оскарға» үміткер отандық фильм

Отандық «Ұлы дала зары» фильмі жылдың басты киножүлдесі – голливудтық «Оскарға» ұсынылды. Ол «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша байқаудың лоң-листіне ілінді. Бұған дейін туындының «Алтын глобус» сыйлығының лоң-листіне енгені белгілі болған еді. 

Фильмді еліміздің Кине­матографистер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті таңдады. Қазылар алқасының құрамына кино өнерінің белгілі қайраткерлері кірді: Асанәлі Әшімов, Олег Борецкий, Фархат Әбді­райымов, Фархад Шәріпов, Арман Асенов, Сатыбалды Нарымбетов және Қанат Төребай. Фильм про­дюсері Ернар Мәліковтің айтуынша, биыл Қазақстаннан бірден бірнеше картина америкалық «Оскар» киножүлдесінде елді таныстыруға үміткер болған. «Ұлы дала зарына» қазылар алқасының жеті мүшесінен төртеуі дауыс берген, екеуі қарсы болған, біреуі қалыс қалған. Көркем фильм Қазақстанның байырғы тұрғындары бастан кешкен тарихи оқиғаларға негізделген. Кар­тинада 1920-1930 жылдағы ашар­шылық туралы баяндалады, ол кезде 8,5 миллионға жуық адам, яғни хал­қының 70 пайызы аштықтан қыры­лып қалған еді. 1,5 миллионнан аса адам Отанын тастап, басқа елдерге қашуға мәжбүр болған. «Біздің фильм бес жыл бойы түсірілді. Оның себебі – қаржыландырудың жо­ғынан. Бізге түсірілімге және пост­продакшнге ақша жетпеді. Қолдауды ұзақ күттік, тіпті уәде бергендер болды. Бірақ соңында бір тиын да алмадық, сондықтан жобаға барымды салуға тура келді. Осы уақыт аралығында мен барлық мүлкімді саттым, қарыз алдым, пәтерімді кепілге бердім. Алайда осындай фильм түсіруге деген тілегім мен құлшынысым маған жарты жолда тоқтап қалмауға көмектесті. Бұл – біздің қатыгез заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың алдын­дағы азаматтық парызымыз», – деді Ернар Мәліков. «Ұлы дала зары» премьерасы жақында Лос-Анджелесте өткен халықаралық Азия кинофестивалінде болды. «Бұл картинаның негізінде тарихи деректер жатыр, фильмде бәрі өмірдегідей көрсетілген. Осы фильм арқылы біз қазақ халқының өткені туралы айтқымыз келді. Өйткені көптеген жыл бойы тарихымыздағы қатыгез оқиғалар үнсіз қалды. Көп уақыт өтті, бірақ бұл туралы ешкім білмейді. Ата-бабаларымыз басынан не өткермеді? Біз кем дегенде «Оскардың» қысқа тізіміне кіре алсақ, онда бүкіл әлемге көп нәрсе көрсете аламыз», – деді фильм продюсері.

Жадыра АҚҚАЙЫР