Қызыл кітап жойылудан сақтай ма?
Қызыл кітап жойылудан сақтай ма?
758
оқылды

Қарашада Қазақстанның Қызыл кітабына Каспий ит­балығының енгенін барлық БАҚ жарыса жазды. Осы жаз­­да жағаға өзімен-өзі жү­зіп келіп, жайымен жүрген ит­балыққа тұрғындардың тас атқан «жабайы» әрі әдеп­сіз қы­лықтары да біраз шу шы­ғарған. Сүйкімді әрі саны да азайған Каспий итбалы­ғын аман сақтаудың жалғыз ша­расы жойылудың аз-ақ ал­­дын­да қалған жан-жа­нуар­лар тізіміне енгізу деп ой­­ла­ған­быз. Бірақ кей ға­лым­дар Қы­зыл кітаптан пайда жоқ, қайта кері әсері мол де­ген пікірде. Бұл ойды то­лы­ғырақ тарқатуды жөн көр­дік.

Мектеп кезінен Қызыл кітап туралы жақсы білеміз. Оған енудің алғышарттары да мәлім. Сирек кездесетін немесе жойылу қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер тізімге кіреді. Былай қарасақ, дұ­рыс-ақ. Бақылау қажет, сақтау қа­жет дейміз. Бұл туралы Эко­логиялық кодексте де арнайы бап бар. Қызыл кітапқа енетін жа­нуарлардың тізімін Үкімет бекі­теді. Одан бөлек, Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заң ая­сында да қарас­тыруға болады. Мұнда жануарлар категориясын біріншісінен екін­шісіне ауыстыру ве­домст­во­аралық зоологиялық ко­­миссия ұсынысымен болуы тиіс делінген. Әрі басты мақсат – си­рек кез­десетін жануар түрін сақтау және қорғау. Ендеше «мәселе неде?» деген сауал туады. Неліктен ға­лымдар Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығының болаша­ғына алаңдап отыр?

Қызыл кітап мәселені шешпейді

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігі Кас­пий итбалығы өсімдіктер мен жа­нуарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізіміне енгізілетінін мәлімдеген еді. 2020 жылғы 13 қа­ра­шада Үкімет қаулысымен Қазақстан Каспий маңы елдерінде соңғы болып итбалықты Қызыл кітапқа енгізді. Экология ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиев «бұл шара соңғы 100 жылда 1 мил­лионнан 100 мыңға азайған жа­нуардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді» деп се­нім білдіргенін де айта кету керек. Бірақ ғалымдар бұл пікірге келіс­пейді екен. Дабыл қаққандардың қа­та­рында Қазақстанның гидро­био­логия және экология институ­тының ғалымдары бар. Каспий итбалығы Қызыл кітапқа неге енді? Алдағы уақытта қандай ша­­ралар атқару керек? Тізімге енуіне байланысты қандай кедергілер кездесуі мүмкін? Аталған институт ғалымдары Каспий итбалығын зерттеп жүргеніне 15 жылдан ас­там уақыт өтіпті. Қазақстанда ғана бар итбалық түрінің ерекшелігі сол – ол бір құдды индикатор іс­петтес. Яғни, Каспий итба­лы­ғына қарап түгел Каспийдің қан­дай күйде екеніне баға бере беруге болады деседі. «Каспий итбалығын қорғау керек, ол анық. Бірақ Қызыл кі­тапқа енген себебі оның жойылу қаупіне байланысты дегеннен гөрі қоғамда туған резонансқа көбірек байланысты сияқты. Жазда итба­лықты таяқтап, тас лақтырған ви­део тарап, наразылық туған еді. Жалпы, Қызыл кітапқа енгеніне қарсылығымыз жоқ. Бірақ жойы­лу қаупі бар жануарлар тізіміне енгізгенмен шаруа біт­пейді. Бұл оны сақтауға кепіл бола алмай­ды», – дейді эколог Әсел Бай­мұқанова. Қызыл кітап Расында, итбалыққа «шабуыл» жасалған сәт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының да назарына іліккен болатын. Қатты қапаланып, бұл қылықты жа­байы­лықпен теңестірген еді. Бәл­кім, Президент сөзінің жерде қал­майтынын көрсеткісі кел­геннен бе екен, итбалық көп ұзамай Қызыл кітапқа енді. Әри­не, мәселенің көрінгені, одан соң шешілгені тіпті жақсы. Дегенмен «тізімде тұр, енді бәрі жақсы» деуге әлі ерте. Ә.Баймұқанова Қы­зыл кітапқа енгізген жануар­ларды зерттеудің қиындай түсе­тінін айтып отыр. «Жалпы, Кас­пий итбалығы өте аз зерттелген жануар десек болады. Бізге оның саны, популяциясы құрылымы, салмағы мен жасы, туу және өлу көрсетіштері, тамақтануы, қоныс аударуы туралы және өзге де деректерді нақтылау керек. Яғни, қай түрі болсын аман сақтау үшін популяцияның қандай халде екенін білуіміз міндетті», – дейді ол.

Олардың мекені де тарылып кетті

Каспий итбалығының өмір сүретін мекеніне қатысты мә­се­леге де мән беру керек. Мысалы, Кен­дірлі шығанағында 2016 жылы олардың саны 500 болса, қазір ол жерде итбалық жоқ екен. Ол қо­ныс аударып отыратыны бел­гілі. Себебі жаратылысынан Кас­пий итба­лығының биологиясы күр­делі. Жарты ғұмырын – суда, жар­­­тысын құрғақ жерде өткізеді. Әсіресе, жатақтың маңызы зор. Өйткені сол жерде олар түлейді, демалады, қоректенеді, көбейеді. Мұның бәрі популяция үшін маңызды. Ең қиыны сол, қазіргі таңда итбалықтарға адамнан ада жер табу қиындап кеткен. Қайық, ке­ме, аңшылар, балықшылар, «жа­байы» туристер – бәрі оның маза­сын алатын факторлар. Сөйтіп, жатақтарын ауыстырып, барынша адамдар алыс жерлерге қоныс аударуға тырысады. Одан бөлек, балыққа құрылған ау мен Каспий теңізінің ластануынан да олар зардап шегетінін айтып өту керек. Өндірістік, ауылшаруашылық және тұрмыстық қалдықтар, мик­ропластиктер де кері әсер етеді. Пластик су мен күннің әсерінен ұсақ бөлшектерге бөлініп, тір­шілік иесінің қай-қайсына бол­сын қауіп тудыратынын да ескеру қажет. Бәлкім, осының бәрін ескеріп, мемлекеттік табиғи ре­зерват ұйымдастыру керек болар. Ғалымдар осындай да ұсыныс тастап отыр. Осылайша, көбейіп, демалатын орын болатын еді. Каспий итбалығын көптеген жыл бойы зерттеп келе жатқан ғалымдардың бірі – Мирғали Баймұқанов. Ол әу бастан итба­лықтың сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілуіне қарсы болды. Айтып отырған уәждері де ойла­нарлық. Оның айтуынша, тізімге қосқанымен, тиісті іс-шаралар атқарылмаса, бәрі бекер. «Жа­нуарды сақтауға бағытталған ар­найы әрі бекітілген шараларсыз Қызыл кітапқа енгізумен іс біт­пейді. Каспий балықтарын тізімге қосты. Ал одан не шықты? Сақтау үшін не жасалып жатыр? Тіпті, мекен ететін жерлерін сақтауды былай қойғанда, Қазақстанда оларды жасанды өсіретін жер ұйымдастырылған жоқ. Неге? Өйткені жоспарлы қадам жасалып жатқан жоқ. Заң солай. Қызыл кітапқа қосады, сөйтіп ғалымдар зерттей алмай қалады», – дейді М.Баймұқанов. Зерттей алмай қалу дегенді тарқатуға тырыстық. Сөйтсек, оған тиісті рұқсат алу үшін ға­лымдар сан есіктің табалдырығын тоздырып, ұзақ уақыт күтуге мәж­бүр екен. Зерттеу жасалмаса – ұсыныс жоқ, ұсыныс болмаса сақтаудың шаралары да атқа­рылмайды. Сонда бұл не болғаны? «Каспий итбалығы тізімге енген­діктен, енді зерттеу жасардан бұ­рын Үкімет қаулысын күту керек болады. Бірақ қаулының қаралу мерзімі, бекітілген ере­желері жоқ. Бәрі шенеуніктердің пысықтығы, жоғарыдан түсетін бұйрық пен зерттеушінің табандылығына бай­ланысты», – дейді эколог. ХХ ғасырдың басында Каспий теңізін 1 миллионға жуық итбалық мекендеген. 1989 жылы саны 400 мың басқа дейін азайса, 2008 жылғы санақ бойынша саны 100 мыңды құраған. Бүкілресейлік ба­лық шаруашылығы және мұ­хиттану ғылыми-зерттеу ин­сти­тутының 2019 жылғы мәліметінше, әлемде 43-66 мың ғана Каспий итбалығы қалған. ХХ ғасырдың басынан 2012 жыл аралығында жануар популяциясы 77,5 пайызға қысқарған. Дегенмен нақты саны бүгінде беймәлім. Өйткені «Кас­пиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) 2005 жылдан бері ит­балықтардың авиасанағын өт­кізеді. Соңғы рет мұндай санақ 2012 жылы болған. 7 жылдан кейін жоспарланған санақ 2019 жылы өткізілмеген. Ғалымдардың ай­тып отырған кедергілерін ескер­сек, жағдай енді тіпті қиындай түсуі ықтимал.

Жадыра АҚҚАЙЫР