COVID-тің салдарынан көптеген адам жұмыссыз қалды. Ел Үкіметі жұмыссыздықтың алдын алу үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама аясында тек осы жыл үшін 1 трлн теңге бөлінді. Бөлінген қаржы қалай игеріліп жатыр? Халықты жұмыспен қамту жоспары орындалды ма?
Осы және өзге де сұрақтарды бағдарламаға сараптама жүргізіп отырған Integrity Astana ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиевке қойдық.
– Жанат Серікұлы, сіз басқаратын ұйым «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының» орындалу барысына талдау жасап жүр. Бағдарлама мақсаты орындалды ма? – Өкінішке қарай, бағдарламаға жасалған сараптамаға қарап, көңіл қуантарлық нәрсе көріп отырғанымыз жоқ. Біздің пайым – бағдарлама мақсатқа жете алмаған. Бәріңізге белгілі, бұл бағдарламаға осы жылдың өзінде 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаржы 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалаға бөлініп берілді. Соның ішінде қаржының ең көп бөлігін Алматы облысы (109 млрд теңге), Алматы қаласы (104 млрд теңге) мен Түркістан облысы (99 млрд теңге) алды. Ал ең аз сома Солтүстік Қазақстан (32 млрд теңге), Маңғыстау (34 млрд теңге) және Атырау мен Батыс Қазақстан (35 млрд теңге) облыстарына бағытталды. Ал енді жұмыспен қамту тұрғысынан талдасақ, ең жақсы көрсеткіш Шығыс Қазақстан (107,6%), Қызылорда (100,9%) және Атырау (100,7%) облыстарында байқалып отыр. Жұмыспен қамту жоспарын орындай алмағандар қатарында Алматы (70,4%), Түркістан (49,4%) және Батыс Қазақстан (73,1%) облыстары тұр. Соның ішінде ең көп қаражат алған Алматы мен Түркістан облыстары жұмыспен қамтуда аутсайдер атанды. Біз зерттеу кезінде жекелеген аудандардан мәліметтер алдық. Мысалы, 20 қыркүйекке дейін әкімдіктерден келген деректерге сәйкес, Семейде – 4 877, Көкшетауда 717 жұмыс орны құрылыпты. Бұл деректер күмән туғызады. Жекелеген компаниялардан алған деректерді сараласақ, жұмыс орны жеке компанияларда ғана ашылып жатқандай картина қалыптасады. Айталық, Семейде «Фирма Азия» ЖШС 2 280 жұмыс орнын құрған көрінеді, ал Tasstroy ЖШС-да 2 жұмыс орны ғана ашылыпты. Көкшетауда кейбір компаниялар ондаған жұмыс орнын ашса, («Комплект Азия Сервис» ЖШС – 62 жұмыс орны), енді бір компаниялар 1 ғана жұмыс орнын ашады («Жардау» ЖШС). «Егер 1-2 жұмыс орны ғана құрылатын болса, бағдарламаға ондай компанияларды тартудың қажеті бар ма?» деген сұрақ туындайды. Жалпы, пандемия басталғалы бері ашылды деген жұмыс орындарына қатысты деректерді әлі де болса тексере түсу керек. – Жұмыспен қамту бағдарламасында мектептер мен ауруханалар, жолдар мен түрлі нысандар салу, жөндеу, тұрғын үй құрылысы шаруашылығы мен елді мекендерді абаттандыру арқылы жұмыс орнын құру қарастырылған. Бірақ сіз бұл шешімді халықты жұмыспен қамтудағы ең тиімсіз тәсіл деп атап жүрсіз. Неге? – Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мына мәселеге назар аудартқым келеді. Биыл да, бұған дейін де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту проблемасы мен басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге республикалық бюджеттің едәуір бөлігін алып келді. Елімізде коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай жарияланған соң республикалық бюджет көктемде қайта қаралды. Міне, сол кезде аталған министрліктің биылғы бюджеті 3,4 триллионнан 4 триллионға дейін өсті. Сөйтіп, министрлік бюджеті әдеттегідей меморгандар арасындағы ең ірі бюджеттердің біріне айналды. Себебі министрлік бюджеті республикалық бюджет шығысының 29%-ын құрайды. Салыстыру үшін ғана айтайын, Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеті – 1,5 трлн теңге, ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бюджеті 1 трлн теңгеден сәл-ақ асады. Соңғы екі министрліктің жұмысы ауқымды емес дей алмаймыз, бірақ бюджеті 1 трлн теңге маңайында. Ал біз сөз етіп отырған Жұмыспен қамту бағдарламасының бюджеті де 1 трлн теңге, яғни бюджеті қомақты министрліктің бюджетіне тең. Осы тұста айта кетер нәрсе бар, біздің елде жұмыспен қамтуды көздейтін тағы бір бағдарлама бар – «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы. Үкімет биыл жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында дәл осы бағдарламаның шығынын 30 млрд-тан 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. 80 млрд теңге де аз ақша емес. Сонда биыл жұмыспен қамту мақсатында 1 трлн 80 млрд теңге бөлініп отыр деуге болады. Алайда осы жылдың соңында елімізде небәрі 15 мың ғана тұрақты жұмыс орны құрылады. Әрине, Үкіметтегілер біз атаған екі бағдарламаның мақсаты екі бөлек екенін, яғни «Еңбек» бағдарламасы кадрлар даярлау мен кәсіпкерлікті дамытуға, ал Жұмыспен қамту бағдарламасы инфрақұрылымдардың құрылысы мен дамуы бойынша шараларды жүзеге асыратынын айтып түсіндіргісі келеді. Бірақ бұл екі бағдарламаның түпкі мақсаты халықты жұмыспен қамту екенін ұмытпауымыз керек. Жарайды, «Еңбек» бағдарламасын жайына қалдырайық. Жұмыспен қамту бағдарламасын ғана айтайықшы, бұл бағдарлама шеңберінде инфрақұрылым нысандарын салу, жаңарту қымбат жоба болғандықтан, оның айналасында сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары. Ең бастысы, инфрақұрылымды жөндеу және салу тұрақты емес, уақытша жұмыс орындарын ғана ашады. Ал біз қанша жұмыс орнын ашамыз деп едік? Бағдарламада инфрақұрылым жобаларын іске асыру арқылы 255 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Иә, бұл дабырайтып айтқанда өтімді-ақ цифр. Алайда жобалар аяқталғаннан кейін әлгі 255 мыңнан астам жұмыс орнының 15 мыңы ғана тұрақты жұмыс орны ретінде қалады. Сонда 240 мың адам қайта жұмыссыздық қамытын киеді. Көрдіңіз бе, 1 трлн теңгеге тұрақты 15 мың жұмыс орны ғана құрылады. Сонда бағдарлама жұмыспен қамту мәселесін шешуге емес, инфрақұрылымды жаңартуға ғана бағытталған болып шықпай ма? Біздің Үкімет халықты жұмыспен қамтуда тиімсіз тәсілді таңдады деуіміздің сыры – осы. – Бағдарлама келесі жылы да жалғасады, ешқандай өзгеріс пен толықтыру енгізілмесе, тағы да қаржы ысырап болмай ма? Бағдарламаны қайта қарайтын болса, қандай ұсыныс айтар едіңіз? – Бірден айтайын, бұл бағдарламаны қазіргі қалпында жүзеге асыруға болмайды. Әрине, сарапшы ретінде кеңес сұраса, аянып қалмаймыз. Себебі біз талқылап отырған бағдарлама Жұмыспен қамтудың 2015-2016 жылдарға арналған бағдарламасының көшірмесі. Ал Есеп комитеті 2016 жылғы аудит қорытындысында ол бағдарламада көп қателікке жол берілгенін тайға таңба басқандай етіп мәлімдеген. Сол бағдарламада қарастырылған қаражаттың 88%-ы инфрақұрылым жобаларына бөлінгені және қатысушылардың 5%-ы ғана жұмыспен қамтылғаны сын садағына ілінген еді. Осындай бірнеше дәлелді алға тартқан Есеп комитеті тұрақты жұмыс орнын құруда ЖҚБ бағдарламасының тиімсіз болғанын, мақсатты индикаторларға қол жеткізе алмағанын айтқан. Ал 2020-2021 жылдарға арналған ЖҚБ әзірлеу кезінде алдыңғы бағдарламадағы қателіктер мүлдем ескерілмеген болып тұр ғой. Сондықтан да бағдарлама жұмыспен қамту мәселесін жүйелі түрде шешпейді деген қорытындыға келіп отырмыз. Өйткені жобаларды таңдау нақты критерийлер мен басымдықтарсыз жүргізілген. Бағдарламаға бөлінген қаражат шамадан тыс және негізсіз. Ал бұл қаражаттың игерілмеуі мен тиімсіз пайдаланылуына алып келуі мүмкін. Себебі бағдарламаның орындалуына қоғамдық бақылау мүлдем жүргізілмейді. Сондықтан да бағдарламаны қайта қарап, оны тұрақты жұмыс орнын құруға бағыттауды ұсынар едім. Ол үшін бағдарлама аясында басталған инфрақұрылым жобаларын аяқтап, қаржының басым бөлігін кәсіпкерлік саласындағы жаңа жұмыс орындарын құруға бөлу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған шағын бизнес үшін жұмыс орындарын сақтауға қаражаттың тікелей бөлігі бағытталуы тиіс деп санаймын. – Сөз арасында бағдарлама аясында жүзеге асатын жобалар қандай да бір негізге сүйенбей таңдап алынған дедіңіз... – Жалпы, әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылым нысандарын қайта құру жұмыстары жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізілгеннен кейін ғана жүргізілгені жөн деп санаймын. Себебі жөнделетін немесе салынатын нысандардың тізімін жергілікті өзін-өзі басқару органдары анықтап, оларды қаржыландырудың орындылығы туралы шешімді де солар қабылдауы керек. Маған салса, бағдарламадан инфрақұрылымды жөндеу және салу жобаларын алып тастар едім, өйткені бұл жұмыссыздық мәселесін шеше алмайды. Жұмыспен қамту бағдарламасы уақытша емес, тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталуы керек. Сондықтан бағдарламаның негізгі бағыты экономика саласында да, кәсіпкерлік саласында да жаңа жұмыс орындарын құру болуы керек. Ол үшін микроқаржыландыру көлемін ұлғайту, ауыл тұрғындары үшін мал сатып алуға қаражат бөлу, кәсіпкерлерді іске қосуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын жерлерге қаражат бағыттауды ұсынар едім. Сонымен бірге жұмыс орындарын құру туралы бап мемлекеттік бағдарламаларда, мысалы кәсіпкерлік, индустрияландыру, агроөнеркәсіпті кешенді дамыту сияқты бағдарламаларда басым бағытқа айналуы керек. Жұмыспен қамту бағдарламасын тиімді жүзеге асырудың маңызды бір шарты бар – бұл іс-шараларды дайындау мен жүзеге асыруға қоғамдық бақылауды тарту. Триллион теңгеге бағаланған бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны қоғам назарында болуы тиіс. Бағдарламаға бөлінген әр теңге үшін құзырлы орындар есеп беруге міндетті. Сонда ғана бағдарлама нәтиже береді. Әйтпесе, баяғы әуенге қайта басамыз...Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ